• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2017

«Барыс» Хельсинкиде «Йокерит» командасын жеңді

320 рет
көрсетілді

Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында Астананың «Барысы» Хельсинкиде «Йокерит» командасымен кездесіп, 4:3 есебімен жеңіске жетті. Матч айдын иелерінің белсенділігімен басталды. Төрешінің ысқырығы естілісімен алға ұмтылған финдер 3-минутта есеп ашып үлгерді. Нәтижелі соққының авторы –  Брайн О'Нилл. Қарқындарынан таймаған олар 13-минутта Петер Региннің көмегімен таблодағы көрсеткішті еселей түсті. Дегенмен, араға екі минут салып, қонақтар сапынан Дастин Бойд есептегі айырмашылықты қысқартты. Ойынның екінші кезеңінде жанкүйерлер бір голдың ғана куәсі болды. 34-минутта Мика Ниемидің соққысы көздеген жерінен дәл табылып, өз командасының үшінші шайбасын салды. Кездесудің соңғы 20 минуты елордалықтар үшін аса сәтті өтті. 42-минутта Найджел Доус мергендігімен танылса, 56-минутта Иван Кучин таразы басын теңестірді. Осыдан кейін қос команда қанша шабуылдаса да есеп өзгеріссіз қалды. Ал овер-тайм кезінде «Барыстың» бағы жанып, жеңісті шайбаны соқты. Бұл жолы Брэндон Боченскидің мерейі үстем болды. Осылайша, астаналықтар ҚХЛ чемпионатында «Йокерит» командасын Хельсинкиде бірінші рет ұтып тұр. 52 ойыннан 78 ұпай жинаған Эдуард Занковец шәкірттері «Шығыс» конференциясында 6-орында тұр. Келесі кездесуін олар Латвияның «Динамо» ұжымымен өткізеді.