Қандай бір индустриялық жобаны жүзеге асырғанда да ең алдымен қоршаған ортаға залалын тигізбеу мақсатымыз болуы тиіс дейтін Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов Астанада өткен Халықаралық өнеркәсіптік инновациялық форумында болып, отандық атом энергетикасы төңірегіндегі ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Әсел Нұрпейісовамен кездесіп, мүгедектерге арналған жұмыс орындарын қалпына келтіру мәселесін көтерді.
Жапониядағы табиғат апатынан кейінгі «Фукусима» АЭС-індегі жағдай атом энергетикасын пайдалануда қандай сақтық қажеттігін көрсеткендей. Форумдағы басты тақырыптың бірі отандық атом энергетикасын пайдалануға арналғандықтан, президенттіктен үміткер: «Мен, әрине, барлық атом стансаларын жабу керек демеймін, алайда, осы мәселені жете зерттей түсу қажеттігін анық білемін. Уран өндіру мәселесіндегі жағдай күрделі, мен оны үйіп, жинап, сілтісіздендірудің барлық аймақтар үшін тиімді еместігін білемін. Оны өндірудің сол маңайдың халқына қандай әсер ететіндігі жайында да бірізді зерттеулер жүргізу қажет. Біздің қолымызда қазір экологиялық таза әдістермен энергия алатын жолдар бар. Олар – күн, жерасты ыстық сулары және желді пайдалану. Біздің ғалымдарымыз Жоңғар қақпасынан ескен желдің қуатымен бүкіл Қазақстанды энергиямен қамтамасыз етуге болады дейді. Әрине, осындай технологияларды енгізу үшін оған қаржылық қолдау қажеттігі түсінікті, ал соңынан біз қауіпсіз әрі арзан электр қуатын иеленеміз», – деген үміткер алдағы уақытта әлем бойынша атом энергетикасын пайдалануға қарсы ойлар көбейе түсетінін, мұны қазақстандық қоғам да түсінуі тиіс екенін атап көрсетті.
– Біз сондай-ақ жаһандық жылыну проблемасын да естен шығармауға тиіспіз. Қоршаған ортаға немкеттілікпен қарау, өнеркәсіптің ауаға, суға тигізетін кері әсерлері табиғат өзгеруіне алып келуде. Міне, осылардан келіп, ауыз су, азық-түлік тапшылығы туындайды. Сондықтан да, қайталап айтамын, біздің республиканың қоршаған ортаны қорғау мәселелерінде жұртшылық белсенділік танытуы қажет, – деді Мэлс Елеусізов.
Президенттіктен үміткер халықтың қорғауды қажет ететін топтарына деген ерекше көзқарас жайын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Әсел Нұрпейісовамен кездесуі барысында қозғады. Бір кездері зағип жандарға нәпақаларын тауып, еңбек етулеріне жағдайлар жасалған жұмыс орындарын қайтадан ашу қажеттігіне тоқталып, өзінің Соқырлар мен саңыраулар қоғамында өткен кездесуінде айтылған тілектерді ортаға салды.
– Зағип жандар қазіргі күні қоғамнан тыс қалып отыр. Олардың өздерін қоғамнан тыс қалған адам етіп сезіндірмеу үшін бұрынғы мамандандырылған кәсіпорындарды қайтадан ашуға көмектесу қажет. Ал бұл мәселенің оңтайлы шешілуі Үкімет, Парламент, салалық министрлік біріге жұмылғанда ғана жүзеге асады. Сондықтан мен ұсыныстарым жазылған арнайы хат әзірлеймін, – деді үміткер.
Мэлс Елеусізовтің сайлауалды насихат аясында тағы да бір атбасын тіреген орны – Жапония елшілігі болды. Үміткер Елшілікке келіп, жапондықтардың басына түскен тауқыметке, мыңдаған адамдардың із-түзсіз жоғалып және қаза болуларына байланысты көңіл айтты.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.
Астана.