Мәреге жақындаған сайын шабыстың үдейтіні бар. Президенттіктен үміткерлердің қазіргі күйін солай сипаттауға болғандай. Халықтың бәрімен кездесіп үлгермейсің, бірақ көбірек кездесу парыздай көрінеді. Күні кеше Қарағандыда болған «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов енді Алматы жұртшылығының арасында жүрді. Оның сайлау алдындағы іс-әрекетіне зер салып отырғандар бұған шынымен-ақ таңданыс білдіреді.
Көптен бері көңілінде жүрген бір мәселе қылмыстарын өтеп жатқан кәмелетке толмаған жасөспірімдердің өмірімен танысу еді. Сол үшін президенттіке кандидат Мэлс Елеусізов ЛА – 155/6 деп аталатын мекемеге келді. Тәртіпке қатаң қарайтын жер – барлығы да тап-таза, ондағы кешкі мектеп жақсы жабдықталған екен. Аралап көріп, көңілдері толды. Қазір мұнда каникул, содан да айрықша тыныштық.
Балаларға деген Мэлс Хамзаұлының көңілі ерекше. Кезінде комсомол ұйымының жетекшісі болып жұмыс істегенде де, кейін өз өмірін табиғат қорғауға арнағанда да балалармен қарым-қатынаста болды. Олардың өмірімен таныс. Қиын балаларды өмір жасайды, олар сол өмірдің қиындығына кезіккенде бұзылады. Оларға ата-анасының қиын өмірі әсер етеді. Енді соларға басты көмек – оларды игілікті іске араластыру қажет. Қиын жағдайға душар болған бала адами қамқорлыққа зәру. Соны арнаулы мекемелер де, онда жұмыс істейтін адамдар да ойлауға тиіс.
Атақты эколог осындағы жасөспірімдермен кездескенде, олардың ынта-құмарлықтарына назар аударғанда, олардың да экология мәселесіне жаны жақын екенін аңғарып, сол мәселені әңгімесіне арқау еткен.
– Мен көптен бері Каспий, Арал, Балқаш су көздерін ластанудан қорғау мәселесімен айналысып жүрмін, – деп эколог жасөспірімдерге өзекті ойын айтты. – Бұл – болашағымыздың мәселесі. Сендер белсене айналысатын мәселе. Алматының ауасы оңалу үшін де барлығымыз болып көп нәрсе істеуіміз керек.
Өздеріне кең дәрежеде сөз арнаған осы бір ағайларының әңгімесі жасөспірімдерге ұнап, олардың арасында еркін әңгіме өрбіді. Тіпті олар басқа да көптеген мәселені сөз етісті. Әсіресе, сот жүйесі туралы әңгіме қызу болды. Біреулері қылмыстың үлкен-кішісіне қарамай, бірдей жаза қолданылатынын да айтты. Оған Елеусізов те түсіністікпен қарап, жалпы, соттың қайырымды болғаны дұрыс, бірақ қылмыс жазасыз қалмауы керек деп уәжге шақырды.
– Ең басты мәселе – қылмысқа апаратын жолды жабуымыз керек, – деді Мэлс Хамзаұлы. – Сондай балалар жақсы іске аралассын, табиғатқа қамқор болған бала қылмысқа бара қоймайды.
Түзеу мекемесінің басшыларымен әңгімесінде президенттікке кандидат өздерінің ортақтаса істейтін жұмыстарының көптігін, оған өзінің әрқашан да әзір екенін айтты.
* * *
Қазір президенттікке кандидат М.Елеусізовтің сайлауалды штабында да қарбалас сәт. Жұрт мұрнынан шаншылып жүр. Сенім білдірілген адамдардың қайсысы қай жерге баратыны, президенттіктен үміткердің өзі қай сайлау учаскесінде дауыс беретіні, жалпы сол сайлау күні қандай шаралар ұйымдастырылып, қандай шараларға қатысатындары айқындалып қана қоймай, қайта-қайта пысықталып жатыр.
Бұл үлкен науқанды қорытындылайтын да кез келгендей. Сірә, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов үшін, оның сенімді өкілдері үшін, жалпы «халық экологын» қолдайтын қауым үшін ол айтарлықтай табысты болғандай. Уақыттың мүмкіндігіне орай президенттікке кандидат елдің біраз аймағында болып, оның жұртпен кездесуі барлық ақпарат құралдарында жан-жақты көрсетілді. Бұл жерде сол ресми ақпарат құралдары тарапынан президенттікке кандидаттың барлығына бірдей мүмкіндік берілгені осы сайлаудың айрықша ерекшелігі болғаны өз алдына, оны президенттіктен үміткерлер де тиімді пайдаланды. Сол ақпарат құралдарында жарияланған, көрсетілген материалдарға қарап, халық арасында еліміздің табиғат қорғаушысы жайлы айтарлықтай мол мағлұмат тарап, оның жағымды келбеті қалыптасты деген жөн шығар. Содан да сайлаушылардың бір тобының өз таңдауы еліміздің болашағына үлкен сеніммен қарайтын, оның игілігі үшін күш-жігер, қажыр-қайратын аямайтын күрескер азамат Мэлс Хамзаұлы Елеусізовке түсетіні анық.
Мамадияр ЖАҚЫП.