Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын бақылау жөніндегі ШЫҰ миссиясының жетекшісі, ШЫҰ Бас хатшысы Мұратбек Иманалиевпен кездесті. Кездесуде президенттік сайлауды әзірлеу мен өткізу жөнінде әңгіме болды.
– Сайлау науқаны заңда көзделген тәртіп бойынша кезең-кезеңімен өтіп келеді, – деді ОСК басшысы Қ.Тұрғанқұлов. – Кандидаттар да өздерінің сайлауалды үгіт жұмыстарын «лас» технологияларды қолданбай, қарқынды жүргізуде. Бүгінде сайлау комиссиялары дауыс беру күніне жан-жақты әзірленіп жатыр. Біз барлық сайлау рәсімдерінің заңмен белгіленген тәртіпте өткізілуін көздейміз.
Ал ШЫҰ миссиясының жетекшісі Мұратбек Иманалиев ШЫҰ-ның белсенді мүшесі болып табылатын және биылғы жылы ұйымға төрағалық етіп отырған Қазақстан Республикасындағы президенттік сайлауды байқауға ШЫҰ миссиясы белсенді қатысатынын атап өтті. Сонымен қатар, ол сайлауды әзірлеу барысына, БАҚ-тардың сайлау науқанындағы жұмысына жоғары баға берді.
– Сайлауға дайындық өте байсалды және мұқият жүргізіліп жатқанына көзіміз жетіп отыр, – деді М.Иманалиев осы жайында. – ШЫҰ миссиясы өз кезегінде сайлауды байқауды қазақстандық заңнамалар аясында, сондай-ақ халықаралық өлшемдер негізінде жүргізетін болады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.