Өмірде не нәрсені болсын жүрегімен елжіреп қабылдайтын адамдар болады. Эмоциясы, жанайқайы, мимикасы, ойы мен сезімі менмұндалап сыртына атойлап шығып тұратын ондайларды көбіне өнер ошақтарында жолықтыратыныңыз рас. Көз жасына тез ерік беретін кісіні әдетте жүрегі тым нәзік адам екен деп бағалайтынымыз тағы бар.
Сезімге бөлейтін өнердің құдіретіне құлдық ұрдық! «Қыз Жібек» фильміне кемсеңдемейтін кісі бар ма, сірә? Жүрегі тас адам болмаса, «Қараш-қараш оқиғасы», «Көксерек», «Заманай» мен «Қош бол, Гүлсары»... экрандық туындылары да тап солай, жанарыңызға жас тұндырады, жүрегіңіз жаздағы уылжыған өріктей езіледі, ішкі сезімдер сапырылысып, алай-дүлей күй кештіреді. Бұрын үндінің фильмдерін тамашалап та ағыл-тегіл жылаған ғой сол кездің адамдары. Қазір айтсаң, күлкілі... Бір тамшы жас көкірегіңізді көктемгі жасындай күңірентеді. Ал «Абай», «Ана-Жер-Ана»... спектакльдерін сүлесоқ, бер жағыңмен тамашалау тағы мүмкін емес. Бұлардан қазақтың сөз өнері құдіретінің қандай киелі, қасиетті екенін пайымдайсыз. Негізі айтпағым, қазіргі орындалып жүрген әндердің жеңіл-желпі ырғаққа бой алдырып, байырғы тамырынан тым алшақтап кеткендігі туралы болатын. Бүгін қарап отырсаңыз, той-томалақта мәтіндері мәнсіз, көңіл сергітетін, ойсыз-мұңсыз сарындағы әуендер жиі орындалады. Той – қазақтың қазынасы дейміз-ау, алайда бар гәп сондағы орындалатын әндерде ғой. Ойлы әннен гөрі тойлы әндерге көбірек бет бұруымыздың себебі неде? Өйткені, біріншіден, ән нағыз пайда табудың, бизнестің көзіне айналып отыр. Тұмсығымызды жарқабаққа соқтырып, жаралайтын тұсымыз осы. Бірқатар әншілер Еуропаның даңғаза әуеніне еліктеп, соларша ашық-шашық киініп, елірме үнге екі қолдарын ербеңдетіп ән салуды мәдениеттің биік сатысына көтерілу деп санайды. Сосын кейде бер жақта – әнші, ал ар жағында бір топ биші алқын-жұлқын, өз-өздерін жеп, мән-мағынасыз құр бекер билейтініне күйінесің. Ән мен би үйлессе, неміз бар өкпелеп. Мәселен, шетелдің әншілері бұл жағынан қамшы салдырмайды, ал біздікілердің биі кешегі 70-ші жылдардың дискотекасындағы қимылдардан аумайды. Бишілер әнмен бірге қозғалып, белдері жас шыбықтай майысып, иіліп тұрудың орнына оқтау жұтқандай тіп-тік, қимылдарына қарап робот па дерсің. «Жібекті түте алмаған, жүн етедінің» кері. Америкалық Джими Хендрикс: «Біз музыка арқылы адамдарға гипноз жасаймыз, оларды күйден-күйге құбылтып ең осал жерлерін анықтап аламыз. Ал содан соң оның миына не құям десең де еркің өзіңде» деген екен. Сол айтқандай, қазіргі жас қазақтың құлағына батыстың бақырып-шақырған әуездері құйылуда. Қан тобын анықтамай адамға қан құю қандай қатерлі десек, бөтеннің музыкасының санаға құйылуы да солай, қазір өте-мөте қауіпті. Ән өнері қазақта бұрыннан тәрбиенің басты құралы, кісі бойындағы мүлгіген нәзік сезімді оятатын, миын демалтатын, сана сандығын маржан ойлармен көмкеретін, рухтандыратын, жүзіне қан жүгіртетін құндылық болып саналғандықтан, бізді бұл жайт қатты толғандыруы тиіс деп ойлаймыз. Бүгінгі әндердің қадағалаусыз хал-ахуалы, бетімен кетушілік кім-кімді де толғантпай қоймайды. Біржан сал, Ақан сері, Мәди, Жаяу Мұса, Әсет, Балуан Шолақ, Абай, Иманжүсіп, Кенен, Нартай... әндерін алға оздырып, түрлі жанрда түрлентіп шырқасақ несі айып. Мұны қазіргі жастар қабылдай алмайды деп кім айта алады? Билететін, бойды сергітетін, сезімге жетелейтін әндерден гөрі бүгін ойлантатын, толғантатын, құлақпен емес, жүректің қалқаншасымен қабылдайтын әндердің бәсі биік тұрса несі жаман. Адамның ағзасына ағыла құйылып, ағыл-тегіл ойға шомдыратын ән гүлі шіркін, мәңгі құлпырып ашылып тұрса екен дейсің. Қазақтың баяғы әндерін жайғасып отырып, ойланып тыңдайтынсың, сағыныштан, аңсаудан жанарыңнан жас таматын. Әдепті ән тыңдап өскен бала өмірдің мәнін түсініп тұратын. Болашақта қандай адам болатының қандай әнді бойыңа сіңіріп өскендігіңе байланысты еді. Ал қазір өрендер кімдердің әнімен сусындауда? Жүсіпбек, Манарбек, Ғарифолла, Құрманбек, Жәнібек, Ермек... тағы сол сынды әншілердің үндері түгілі есімдерін олар біле ме екен? Әй, қайдам! Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі сынды эстрада өкілдері сахнада ән шырқағанда шыдап тұра алмай, ботадай боздап жылаған жасөспірімдерді көргенде еріксіз ойға шомғанбыз. Екі көзден шынайы төгілген баяғы жас пен еліріп, еліктеп парлаған мына жастың арасында қандай айырмашылық бар деп...
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»