Осы күні жастарымыз өзгенің қаңсығын таңсық көретін болды. Ал ондай мереке өзімізде болса несі бар. Иә, махаббатқа да бір мереке керек-ақ. Рас, «Еңлік-Кебек» күні немесе «Қозы мен Баян» күні болсын, жоқ дегенде «Ғашықтар күнін» атап өтейік деп әртүрлі ойлар айтылып-ақ жүр. Ал біздің ойымызша, аталмыш мерекені Махаббат мейрамы деп атаған әрі оны 15 сәуірде тойлаған жөн сияқты. Бұл жұмыр басымызға тап бүгін ғана жұмыртқа салған идея емес. Осыдан оншақты жыл бұрын осы жазба иесінің қиялына қауырсын шаншыған аталмыш ой «Хабар» агенттігінің атынан мыңдаған көрерменнің талқысына ұсынылған болатын. Кейінірек, 2003 жылы «Таң қалмаңыз» жобасының негізінде арнайы бағдарлама да түсірілді. Әнші-композитор Сейфуллин Жолбарысқа арнайы ән де жаздырғанбыз. Содан бері де Махаббат мейрамын насихаттау жолында арнайы шаралар ұйымдастырмасақ та, осы күн қарсаңында түрлі бағдарламаларда махаббат тақырыбында ой қозғап, көрерменге мерекелік күңіл-күй беруге тырысып-ақ жүрміз.
Осы арада оқырман, көрермен қауымның «...неге наурыз, неге мамыр емес» болмаса «...неге сол сәуір айының 14-і немесе 16-сының бірін белгілемеске» деп сауал тастауы әбден мүмкін-ау.
Біздің ойымызша, махаббат мерекесі сөзсіз көктем мезгілінде болу керек. Көктем – күллі адамзат үшін сезімнің, шуақтың, шабыттың, яғни махаббаттың синонимі секілді. Ал сәуірді таңдауымыздың бір себебі, бұл айда ғарышкерлер күнінен басқа бірде-бір елеулі мереке жоқ. Сәуірдің 15-жұлдызын таңдауымыздың тағы бір себебі, бұл күн көктемнің бел ортасы. Символдық жағынан көңілге қонымды.
Иә, махаббат мейрамын айтулы датаға айналдырып, ауқымды түрде атап өтудің уақыты жеткен сияқты. Сезім мерекесінің қажеттігі сол – кеудесінде жұлқынған жұдырықтай жүрегі бар адам ішкі лүпілін өзгеге жеткізуге ынтық. Ал кез-келген ұятты пенде жан сырын жайып саларға ұяң келері және рас. Қысқасы, себеп керек. Салдарын маңдайының бағы білер...
Сонымен махаббат атты тылсымның жетегінде қылшылдаған жігіттер мен уылжыған қыздар ғана жүрген жоқ. Жеңгенің ағаға деген тәтті назын, жардың сүйгеніне деген құштарлығын, ананың балаға деген шексіз мейірімін, тіпті атаның әжеге деген сыйластығын осы ұғымның аясынан тысқары әкете алмайсыз.
Сол күні іңкәр жүректер жарқырай ақтарылып жатса, үйде дастарқан жайылып, алаңдарда концерттер, сарайларда кештер, телеарналарда думандар өтіп жатса несі бар?! Сыйлыққа қазақша ашықхаттар, қазақы кәдесыйлар жолданып жатса, шіркін, нағыз мейрам сонда болар ма еді деген қиялымыз, анығында баладай мәпелеп, болашақтың бір күнінде оң әсеріне куә болсақ деген жоспарымыз бар.
Хош, сонымен 15 сәуір Махаббат мейрамы болсын. Қолдайық. Жақынымызға мейірім сыйлайық сол күні. Ең бастысы, дәл осы күні, әрбір адам өз сүйіктісіне жүрек сыры жазылған шағын ашықхат немесе жауқазынның бір шоғын сыйласа, дәл осы күні, әрбір ер азамат өз сүйіктісінің құрметіне кем дегенде бір көшет отырғызса; осы күні, жұртшылық өздеріне ыңғайлы уақытта, ыңғайлы жерде (алаңдарда, стадиондарда) буын биі «Қара жорғаны» билеп, мерекеге жалпыхалықтың сипат берсе нұр үстіне нұр болар еді деген ойдамыз.
Айтпақшы, махаббат мейрамы ретінде 15-ші сәуірді таңдауымызға әзірге өзіміз ғана білетін тағы да бір себеп бар. Осыны тапқан алғашқы екі адамға 77 мың теңгеден екі сыйақымыз бар. (бұған қатысты болжамдарыңызды a_sser@mail.ru электронды почтасына жіберуге болады).
Серік Абас-шах.