• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2017

Импорт төмен, экспорт жоғары

369 рет
көрсетілді

 Әулиеата өңірі ауыл шаруашылығы, өндіріс, өнеркәсіп, кәсіпкерлік және өзге де салалар бойынша өткен жылдың нақты қорытындысын шығарды. Ал облыстың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы өз кезегінде өңірдегі кәсіпорындардың, шаруа қожалықтарының жұмыс қарқынына тікелей байланысты. Осы ретте облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қатысуымен әкімдік мәжілісі өтіп, күн тәртібіндегі мәселелер қаралды. Онда Жамбыл облысы әкімдігі экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов өткен жылғы есепті кезеңде облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарымен 339,1 миллиард теңгеге өнім өндіріп, өткен жылмен салыстырғанда өсім 2,4 пайызды құрағанын айтып өтті. Сондай-ақ, басқарма басшысы өнеркәсіп саласындағы өсім кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда өндіріс көлемін 8,0 пайызға (яғни 38,1 миллиард теңге), өңдеу өнеркәсібінде – 2,5 пайызға (237,1 млрд. теңге) ұлғайту есебінен қамтамасыз етілгенін де хабарлады. Алайда, аудандар аралығында өнеркәсіп өндірісінің төмендеуіне Байзақ және Қордай аудандарында жол берілген. Мәселен, Байзақ ауданында көрсеткіш 12,3 пайызға, ал Қордай ауданында 11,2 пайызға төмендеген. Мұның себебін басқарма басшысы Байзақ ауданында «ROLA-7» ЖШС-де, шағын және қосалқы кәсіпорындарда тапсырыстардың төмендеуіне, Қордай ауданында өнімге сұраныстың жоқтығынан «Ақтас» ЖШС және «Үміт-Қордай» ЖШС кәсіпорындарының тоқтап тұруына, «Первомайские деликатесы» ЖШС-де тапсырыстың қысқаруына байланысты түсіндірді. Сондай-ақ, кәсіпкерлікті қолдау картасының шеңберінде өткен жылы жалпы құны 20,5 миллиард теңгеге 446 жаңа жұмыс орны құрылған, 10 инвестициялық жоба іске асы­рылған. Сонымен қатар, облыста «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары тиімді жүзеге асырылуда. Осы бағдарламалар шеңберінде 5527 бас ірі қара мал, 46296 бас қой, 2165 бас жылқы сатып алынып, жоспар тиісінше орындалған. Өз сөзінде басқарма басшысы импорттың төмен, экспорттың жоғары екенін де айтып өтті. Ал облыс әкімінің өңірімізде «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалу барысы турасындағы сауалдамада басқарма басшысы 99,9 пайызға игерілгенін айтып, жауап берді. Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы