• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
31 Қаңтар, 2017

Беделді банктің болашағы қандай?

593 рет
көрсетілді

Еліміздегі ең ірі қаржы инс­ти­туттарының бірі – «Қаз­ком­мер­цбанк» акционерлік қо­ға­мы­на қатысты қауесеттер өрбігелі де біршама уақыт болды. «Қаз­ком­банк»­ банкрот бола­ды екен. Жоқ, «Қазкомбанк» пен «Қазақстан Ха­лық банкі» қосылады екен...» де­ген алыпқашпа сөздер Қазақстанның қар­жы саласын шулатып-ақ жіберді. Қа­лай болғанда да, елдегі ең ірі банк тө­ңірегінде мұн­дай ақпараттардың асқынуы те­гін емес. 

Бұл әңгіменің туындауына 2016 жылдың 14 желтоқсанында Ұлттық банктің «Қазкоммерцбанк» (ҚКБ) АҚ-қа 400 миллиард теңгеден астам қысқа мерзімді несие беруі себеп болды. Бастапқы кезде бұл оқиғаны Ұлттық банк те, ҚКБ-де құпия сақтап келді. Тек 26 желтоқсанда ғана «Қазкоммерцбанк» АҚ-қа 400,8 млрд теңге несие берілгендігі жөніндегі Ұлт­тық банктің ресми мәлімдемесі жария етілді. Көп кешікпей ірі көлемдегі қысқа мерзімді несие алудың себебін айтқан ҚКБ-нің түсіндірмесі де жарияланды. Олардың айтуынша, бұл несие «Өз клиенттері алдындағы міндеттемелерін орындау үшін банк қорының қосымша өтімділігін қам­­та­масыз ету» мақсатында алынған кө­рінеді. Тіпті Ұлттық банктің мәлім­де­месі жарияланғанға дейін ҚКБ алған не­сиесінің жартысын қайтарып та үл­геріпті. Сонымен бірге, ҚКБ 2017 жылдың бірінші тоқсанында Ұлттық банктен алған несиесін толықтай қайтаратынына кепілдік те берді. Бірақ бұл мәлімдемелер мен ке­пілдіктердің ешқайсысы ҚКБ тө­ңі­регінде қаулаған қауесетті тоқтата ал­мады. Егер банктің жағдайы жақ­сы болса, неге несие алады? Банк қо­ры­ның капиталдануында бір гәп бар ма? Қаржы нарығындағы «Қазкоммерцбанк» АҚ-тың тағдыры қалай шешіледі? «Қазіргі таңда банк капиталын көбейту банк секторындағы бәсекелестікті артты­ру­дың басым бағыттарының бірінен саналады. Осыған байланыс­ты Ұлт­тық банк ағымдағы бақылау үрдісі шең­берінде «Қазкоммерцбанк» АҚ-тың акционерлерімен капиталдану мөлшерін арттыру жөнінде ке­ліс­сөздер жүргізуде», деген қаржы рет­теушісінің мәлімдемесі ҚКБ бола­ша­ғынан хабар бергендей. Жалпы, қазақстанның қаржы саласындағы жағдайдың алаң­дат­қаны шындық. Қазақстандық бірқатар банктерге қатысты алаңдаушылық нышаны өткен жылдың соңында байқалды. 2016 жылдың 27 желтоқсанында Ұлттық банк «Қазинвестбанк» АҚ-ты құнды қағаздар рыногындағы қызметі мен банк операцияларын жүргізу жөніндегі лицензиясынан айырды. Ал S&P Global Ratings халықаралық агенттігі үстіміздегі жылдың 24 қаң­та­рында қазақстандық тағы бір ірі банк – «Delta Bank» АҚ-тың ұзақ мер­зімді несие рейтингін «ССС+»-тен «ССС-»-ке дейін төмендетіп тас­тады. Айдың аяғында «Delta Bank» А­Қ өзінің несиелік міндеттемесі бойын­ша бірқатар ірі төлемдерді қай­таруы керек. Осындай ірі операция­лар қарсаңында банк рейтингінің құлдырауы акционерлік қоғамның бо­лашағына үлкен қауіп төндіретіні сөзсіз. «Жел тұрмаса, шөптің басы қи­мыл­дамайды» дегендей, өткен аптаның со­ңында «Қазақстан Халық банкі» мен «Қазкоммерцбанк» АҚ-тар арасында келіссөздер басталғаны туралы хабар таратылды. Сөйтіп, ҚКБ-ның Қазақстан Халық банкіне қосылатындығы шындыққа айна­ла­тын түрі бар. Ұлттық банк тө­ра­ғасының орынбасары Олег Смоля­ков­тың айтуынша, банктер туралы заң бойынша уақыт жағынан бұл ке­ліс­сөздерге ешқандай шектеу қой­ылмайтын көрінеді. Сонымен бір­ге, ол келіссөздер барысында Қазақстан Халық банкі мен ҚКБ ірі акционерлерді өзгерту үшін Ұлт­тық банктің келісімін алуы қа­жет екендігін де еске салды. Қалай болғанда да, жоғарыда айтқанымыздай, екі ірі банктің қосылатыны ақиқатқа айналғандай. Ең бастысы, одан еліміздің қаржы саласы ұпайын түгендесе болғаны. Біздің айтпағымыз да осы еді.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»