• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Қаңтар, 2017

Техникалық реттеу туралы не білеміз?

1824 рет
көрсетілді

Техникалық реттеу қызметі – көп еңбекті талап ететін және өте маңызды жұмыстардың жиынтығы. Тауарларды өндіру мен көрсетілетін қызметтер процесіндегі бірыңғай талаптар және ережелер кәсіпкерлерге де, сондай-ақ тұтынушыларға да түсінікті болуы тиіс. Ал техникалық реттеу солардың сақталуын бақылаудың нақты жүйесі.

Smart City стандарттары

Жылдам түрде қалалану бүгінгі көліктік, апаттық-құтқару, коммуналдық сияқты қызметтерге жүктеме әкеледі, сон­дай-ақ, тұтынылатын ресурстар көлемін арттырады. Әлемде «Ақылды қала – Smart City» тұжырымдамасы кеңінен таралуда. Бұл – ақпараттық-технологиялық ком­му­никацияларды қолданып, қала тір­шілігінің экологиялық тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің  инновациялық жүйесі, сондай-ақ, қара­жаттарды тиімді шығындау. Біздің еліміз­де «Smart City»-дің жекелеген элементтері Астана, Алматы, Шымкент қалаларында іске асырылуда. Халықаралық тәжірибе негізінде Қазақстан биыл жоғарыдағы жобаны іске асыруға көмектесу, «Ақылды қала» инфрақұрылымын жоспарлау және жүзеге асыру, сондай-ақ қаланың тұрақты даму менеджменті жүйесіне талаптар жасау мақсатында негіз қалаушы 9 ұлттық стандартты әзірлеп, бекітті.  

«Индустрия 4.0» – ел игілігі

Алғашқы өнеркәсіптік революция бу мен судың энергиясын, ал екіншісі электр энергиясын пайдаланумен байланысты болғаны мәлім. Үшінші революция шеңберінде сандық технологияларды пайдалану есебінен жекелеген өндірістік процестер автоматтандырылған болатын. Енді төртінші өнеркәсіптік революция адамзаттың жаңа технологиялық серпілісіне айналуда. Дайын өнім шы­ғару мен оны өткізу ортасына орналас­тыру адамның ең аз қатысуымен жү­зеге асырылуға бағытталған. Бұл ки­бер­физикалық жүйелер негізінде бар­лық өндірістік процестерді авто­мат­тан­ды­руға мүмкіндік береді, өнімділікті және азаматтардың еңбек төлемдерін арт­тырады. Осы бағытты іске асырудың ма­ңызды құралы – стандарттау. Өйткені, стандарттар зияткерлік өндіріс жасау­ды мүмкін қылмайды, тиімді және пәрменді қылады. Бүгінде стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымдар арасында «Индустрия 4.0»-ге ауысуды талдау және ынталандыру бойынша қажетті стандарттарды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Техникалық реттеу және метрология, федералды фи­зи­ка-химиялық институты мен Неміс өн­ді­рістік процестерді автоматтандыру инс­титуты «Орталық Азия елдерінде сапа инфрақұрылымын дамытуды қолдау» өнеркәсіптік метрологияны дамытуға бағытталған бірлескен жобаны және «Индустрия 4.0» саласында тәжірибе алмасуды іске асыруда.  

Құрылыс саласында қайшылықтар бар

Құрылыс саласында қолданыстағы көп деңгейлі нормативтік база міндетті құжаттардың көп түрлілігімен айрық­шал­анады. Бір ғимарат салу үшін әртүрлі дәрежедегі, деңгейдегі және мазмұндағы ондаған міндетті құжаттарды талдау мен қолдану қажет, кейбірі бір-бірін қай­талайды және қарама-қайшы келеді. Көп­теген құжаттар кеңестік нормалау институттарының мұрасы іспеттес. Бұл жағдай халықтың тиісті қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қоймай, кәсіпкерлік қызмет үшін де кедергі келтіреді. Осыны шешу үшін Инвестициялар және даму, Ұлттық экономика министрліктері қайталаушы және қайшы келетін талаптарды алып тастау, құжаттар санаттарын қысқарту үшін құрылыс саласында техникалық реттеу жүйесін реформалау, қолданыстағы нормативтік базаны құрылымдау бойынша бірлескен жоспар қабылдады.  

Көрсетілетін қызметтер көңілден шыға ма?

Көрсетілетін қызметтерді біз күніне бір­неше рет пайдаланамыз – дүкендерде, базарларда, қоғамдық көліктерде... Ал бізді көрсетілетін қызметтің сапасы қанағаттандыра ма? Адамдар сер­виск­е ша­ғымданғанда көбіне нақты не ұна­ма­ғанын түсіндіре алмай дал болады. Сон­­дықтан, қызметтер саласында жұмыс істейтіндерге тұтынушыға не қажет еке­нін түсіну қиынға соғады. Қазақстанда көрсетілетін қызметтерді да­мытуда сапа инфрақұрылымы бар. Бірақ көрсетілетін қызметтер сәй­кес­ті­гінен міндетті растауды алып тас­та­ған­нан кейін, ол толық көлемде пайдала­нылмайды. Мүмкін, кәсіпкерлерде де, тұтынушыларда да еріктіліктің дұрыс ұғымы болғандықтан да шығар. Көрсетілетін қызметтерді сертификаттау – ең алдымен, көрсетілетін қызметтер жабдықтаушыларына пайдаланушының сенімін растау. Біржан ҚАНЕШЕВ, Техникалық реттеу және  метрология комитетінің төрағасы