«Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман»
Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі уақыт талабымен үндес жатыр. «Алдымен – экономика, содан кейін саясат» деген ұстанымы арқылы 25 жылдың ішінде Қазақстанды әлемнің бәсекеге қабілетті озық 50 елінің қатарына қосқан Нұрсұлтан Назарбаевтың әр шешімі табысқа бастары хақ. Оның саяси реформаларды жеделдету жөніндегі ой-тұжырымдарының жариялануын бүгінде тек қазақстандықтар ғана емес, шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің жетекшілері мен әлемнің көрнекті саясаткерлері қызу талқылай бастады. Бұл өзгерісті демократиялық, зайырлы қоғам құруды мақсат еткен және оған қол жеткізуге қадам басып келе жатқан әлемнің дамушы елдері үшін үлгі-өнеге ретінде ұсынушылар жеткілікті. Елбасының «Құрметті қазақстандықтар! Сіздердің назарларыңызға еліміз үшін аса маңызды, тағдырлы мәселені ұсынбақпын» деп басталатын бұл Үндеуін шет елдегі 5 миллионға жуық қазақ диаспорасының өкілдері де жылы қабылдап, тың бастамаға тілеулес екендіктерін жеткізуде. Сондықтан олармен мәдени-рухани қарым-қатынасты жүргізіп келе жатқан Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы шет елдегі қандастар ой-пікірін жұртшылық назарына ұсынуды өз парызы санайды. Конституция мен заңдарға енгізілетін өзгерістердің екі бағыты да қоғам үшін аса маңызды мәселе болып табылады. Бұл, әсіресе, жаһандық экономикадағы соңғы өзгерістерден кейін дер кезінде қабылданған оң шешім деуге болады. Н.Назарбаевтың «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман» деген сөзі дәл бүгінгі таңда барша қазақстандықтар үшін өзінің өзектілігін сезіндіруде. Сондықтан ауқымды конституциялық реформа жасау жөнінде бастама көтеріп, оны жұртшылық талқысына салып отырған Елбасының бұл тарихи шешімінің нәтижелі жүзеге асуына атсалысамыз. Талғат МАМАШЕВ, Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасарыРеформа жүргізуге негіз дайын
Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бергі жылдары заманауи нарықтық экономиканы қалыптастырып, әлемдік экономиканың ажырамас бөлігі бола білді. Осы орайда, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ұсынған конституциялық реформа дер уақытында қолға алынды әрі ол еліміздің одан әрі дамуы үшін өте қажет деп санаймын. Елбасы Қазақстан халқына арнаған Үндеуінде «Біздің алдымызда билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу міндеті тұр. Қазір заманның дидары өзгерді, біз де өзгеруге тиіспіз» деп атап өткен болатын. Қазақстан да дамыған елдердің басты қағидасы «алдымен – экономика, содан кейін саясат» деген ұстанымды бағыт-бағдары етіп таныған. Елдің экономикасы, халықтың әлеуметтік ахуалы жақсарғаннан кейін ғана билік өкілеттіліктерін бөлу сынды аса маңызды мәселе көтеріліп отыр. Тәуелсіздіктің 25 жылында елімізде демократиялық қоғамның негізгі институттары қалыптасты. Қазақстанда парламентаризмнің біршама бай тәжірибесі, атқарушы биліктің қалыптасқан вертикалі, тұрақты сот билігінің жүйесі бар. Сайлауларға қатысып, Мәжілісте фракцияларды қалыптастыратын партиялар да бар. Осылайша, саяси жүйені одан әрі демократияландыру бағытындағы реформаны жүргізуге негіз дайын деп санауға болады. Сондықтан билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлуге қатысты аталған шешім – елдің дамуындағы қалыпты қадам болмақ. Жалпы, бизнес тұрғысынан алып қарағанда, конституциялық реформа маңызды өзгерістер алып келуге тиіс. Мемлекет басшысы атап өткендей, биліктің барлық тармақтары тиімді жұмыс жасау үшін олардың арасында тиісті теңгерімді қалыптастыру қажет. Кәсіпкерлікті дамытуға қатысты, бизнес мүддесін көздейтін заң жобаларын талқылауға бизнес-қоғамдастықтың белсенді түрде қатысуы ел экономикасын тұрақты дамытудағы ең тиімді құрал болмақ. Алдағы уақытқа жоспар құрып, бизнесін өркендетуді қалайтын, сол арқылы еліміздің экономикасы мен әлеуметтік ахуалын гүлдендіруге өзіндік үлес қосуды парыз санайтын кәсіпкерлер қауымы Мемлекет басшысының Үндеуінде айтылған мәселелерді қолдайтыны сөзсіз. Конституциялық реформа адам құқығын, жалпы жекеменшік құқығын қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Әлем тәжірибесі көрсетіп отырғандай, елімізде кәсіпкерлікті қарқынды дамыту үшін бизнесті заңсыз әрекеттерден қорғайтын нормаларды тиісті заңнамаларға енгізу арқылы мемлекет тарапынан нақты кепілдіктің болуы орынды. Реформа елімізде бизнес ахуалды жақсарту жолындағы басты фактор болатындығына нық сенімдімін. Нұржан ӘЛТАЕВ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасарыЕндігі сөз халық талқысында
Әу баста іргетасы мықты қаланған үй қандай да болсын табиғаттың тосын құбылыстарына шыдас береді. Егер осы түсінікті мемлекет тұрғысында пайдалансақ, экономикалық қуаты күшті Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде мұқым дүниеге белгілі болды. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында әлемдегі кейбір мықты мемлекеттердің ғасырлап өтетін жолынан өтіп, қай жағынан алсаңыз да тамаша табыстарға жеткеніміз Елбасымыздың сындарлы саясаты, оған тіреу болған халқымыздың ынтымағында дер едік. Осындай жағдайды малданып қала берудің түбінде зардап шектіретінін бажайлаған Президент Конституция мен заңдарға өзгеріс енгізу арқылы билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу мәселесін күн тәртібіне қойды. Нұрсұлтан Әбішұлы Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берген жөн екендігін айтады. Екіншіден, одан да күрделі міндет – билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді етуді ұсынып отыр. Осы реформаның аясында Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлі күшейтілмек. Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл сол сияқты Үкіметтің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар, биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтеді. Айтылған екі бағыттың қай-қайсысы да жауапкершілік пен кәсібилікті арттыру арқылы мемлекеттік басқару тиімділігін күшейтеді. Қазір жаһандану жаңғырығы есігіңізді іштен құлыптап алғанды көтермейді. Көш соңында қалдырып кетеді. Осының бәрін ой елегінен өткізген Мемлекет басшысы еліміздің келешегін одан әрі нығайту үшін осындай қадамға барды. Біз Үндеуді толықтай қолдаймыз. Президент нақтылаған екі бағыт мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыратындығы сөзсіз. Сондықтан, жұмысшы тобына қоғамдық талқылауға шығарылатын мәселелер барынша зерттеп, нақтылаған жөн болар еді. Заман бір орнында тұрмайды. Жаһандық қауіп қатерлер әлемдегі мықты саналатын талай мемлекеттердің қабырғасын күйретпегенімен, айтарлықтай зардабын тигізіп жатыр. Үндеудегі байламда Елбасы реформаларды уақытында қабылдауды ұсынып, еліміздің болашағын кемел етудің тетіктерін ұсынды. Ендігі сөз халық талқысында. Қайрат БАЛАБИЕВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы ШЫМКЕНТБасқару жүйесі де жаңғырады
Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуі – қоғамға ой саларлық оқиға. Ғасырлар бойы ата-баба арманы болған Тәуелсіздік – бүгінде бізге жеткен бақытты құндылық. Енді біз сол құндылықтың қадіріне жетіп, оны бағалауға тиіспіз. Тарихтан белгілі, Тәуелсіздік жолында тартысты да, тағдырлы да кезеңдер болды. Бүгінде әлемде айбыны асқан, мейлінше кемелденген мемлекетке айналып отырмыз. Азаттықтың алғашқы жылдары елге де, Елбасына да оңай болған жоқ. Дегенмен, ширек ғасыр уақыттың ішінде еліміз әлемдегі өркениетті елдердің қатарынан көрініп, өзінің жан-жақты даму қарқынымен дамыған мемлекеттер қатарына енді. Президент Үндеуі – еліміздегі демократиялық мәселелерді дамыту жолдары бойынша қолға алынған маңызды шара. Әркім өз саласына жауапты болса, бұл жауапкершілік біз үшін ғана емес, ұрпақтарымыз үшін де маңызды болатыны сөзсіз. Демократияландыру жөніндегі игі бастамаларды пайдалана отырып, барлық саладағы жұмысты қарқынды дамытуға болады деп білемін. Елбасы өз Үндеуінде Конституция мен заңдарға өзгерістер енгізу, сондай-ақ, мемлекет алдында билік тармақтарының өкілеттіліктерін қайта бөлу міндеті тұрғанын атап өтті. Ендігі жерде Елбасы шешімімен бірге мемлекеттің басқару жүйесі де жаңғырады деген сенім бар. Қайырбек АСАНОВ, ақын ТАРАЗТараздық болашақ педагогтар да үн қосты
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ұжымы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде ел халқына жолдаған Үндеуін қолдайды, деп хабарлады ТарМПИ-дің Ақпараттық-имидждік қызметі. Оқу орнының профессор-оқытушылары мен студенттері бас қосып, Мемлекет басшысының Қазақстанды демократияландыру жолындағы жаңа қадамын өзара талқылады. Жиынды ТарМПИ-дің Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Орынқыз Жолдасова ашып, жүргізіп отырды. «Қазір басқарудың икемдік жүйесін енгізу – заман талабы. Уақыттың өзі оны көрсетіп отыр. Мұны Елбасы ерекше атап кетті. Осындай өзгерістер нәтижесінде Парламент пен Үкіметтің ел тұрғындары алдындағы жауапкершілігі артады. Үкімет Қазақстанның әлеуметтік дамуын өз бақылауына алып, жіті қадағалайды. Ал құзыреті кеңейген Парламент халықтың жағдайын ескере отырып, бақылау міндетін атқарады. Бұл реформалардың халықтық талқыға салынуы негізінен биліктің ашықтық қағидатын, әрбір бастаманы халықпен бірлесіп талқылауға дайындығын көрсетеді», деді О.Жолдасова. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынай Әбдіқадырова аталған реформаның күнде өзгеріп жатқан қым-қуыт әлемдегі жаңа көзқарас болып табылатынын, Қазақстан нақты саяси реформалардың алдында тұрғанын айтып өтті. Сондай-ақ, жиын барысында тарихшылар, саясаттанушылар және оқу орнының студенттері ел өміріндегі маңызды саяси өзгеріс тұрғысында пайымды пікірлерін білдірді. Жамбыл облысыҚарағандылық жастар қолдауы
Баршамызға мәлім, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Президент, Үкімет және Парламент арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мақсатында Конституцияға өзгерістер енгізу мәселелері бойынша Қазақстан азаматтарына арнайы Үндеуін жариялады. Осыған орай, Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен аталған тарихи маңызды қадамды талқылауға арналған жастармен кездесу өтті. Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мирас Құттыбай жүргізген кездесуде Елбасымыздың саяси режімді неғұрлым демократияландыру барысындағы тарихи қадамы егжей-тегжейлі әңгімеленді. Сондай-ақ, аталған іс-шараға «Саясаткерлер конгресі» Қарағанды облыстық филиалының директоры Е.Есенғараев және Қарағанды облысы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» филиалының, «Технопарк Сары-Арқа» ЖШС, сонымен қатар, Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығының мамандары қатысты. Одан әрі «Сарыарқа» кинотеатрының алдындағы алаңда жоғарыда атап кеткен жастар ресурстық орталығының қолға алуымен Елбасы Үндеуін қолдау мақсатында «Біз жарқын болашақ үшін» атты флешмоб ұйымдастырылды. Жалпы іс-шараға 150-ге жуық жастар қатысты. Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫЗаңдық тұрғыдан дұрыс қадам
Елбасының билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі – күтпеген жерден туа қалған дүние емес. Естеріңізде болса, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекесінде сөйлеген сөзінде де Президент демократия іске асу үшін, азаматтық қоғам алға жылжу үшін барлық мәселе бір жерде ғана шешіле бермеу керектігі қандай тапсырма, қандай шаруа атқарылу керек болса да берілген тапсырма айналып өзіне келетіні жайында айтқан. Яғни сол кезде-ақ кейбір өкілеттіліктерді депутаттарға, басқа да атқарушы билік органдарына беру турасындағы мәселе сөз болған. Енді, міне, арада ай өтер-өтпес уақытта арнайы Үндеу жолдап отыр. Осы Үндеуді талқылау жөнінде арнайы құрылған он екі адамнан тұратын комиссияның құрамына тек депутаттар емес, қоғамдық жұмысқа қатысқан білгір адамдар, заң саласының білікті мамандарының кіруі бұл шешімнің жан-жақты қаралғанын, алдағы уақытта да жіті бақылауда болатынын дәлелдейді. Бұл бұған дейін қағазбастылық пен бір-біріне сілтеудің көлеңкесінде қалып кете беретін нақты іс-қимылдар ендігі уақытта елдің көз алдында өтеді деген сөз. Бұл алдымен жауапкершілікті арттырады. Әркім өз міндетін білуі тиіс. Өз міндетін білетін адам – өз саласының білгіріне айналады. Әркім өз ісін шебер меңгерген қоғамда ешқандай тапсырма орта жолда қалмайды. Жең ұшынан жалғасу, парақорлық мәселелерінің жолы қиылады, себебі, әркім өзі үшін, өзінің ісі үшін толық жауапты болады. Бұл жерде Елбасы Үкімет пен Парламентке өкілеттілік беріп қана отырған жоқ, үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Халық алдындағы жауапкершілік! Қарапайым тілмен айтсақ, осы шешім жүзеге асқаннан кейін кез келген іске заңдық тұрғыда өкімет жауап берсе, іске асуына атқарушы билік жауап береді. Мұндай жағдайда әр істің беталысын бақылау да оңайға түседі. Елбасы Үндеуін талқылау мақсатында Алматы қалалық Ардагерлер кеңесінің кезектен тыс отырысы өтті. Ондағы әріптестер де Конституцияға енгізілетін түзетулердің ел игілігі үшін маңызы зор екенін айтып, бірауыздан қолдап отыр. Еренғайып ШАЙХУТДИНОВ, Алматы қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, ҰҒА академигіДамудың жаңа даңғылы
Қазіргі кезде әлемдегі өркениетті мемлекеттер дамудың демократиялық үрдістерін одан әрі тереңдетуге ден қойып отыр. Соның нәтижесінде бұл үрдіс жылдан-жылға тамырын тереңге жайып келеді. Әлбетте мұндай өзгерістер мен жаңғыртулардан Қазақстан да тыс қалмақ емес. Тіпті, бұл мәселеде егемен еліміз оның бел ортасында жүр десе болады. Осы ойымыздың басты бір мысалы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған бастамасы деп батыл түрде айта аламын. Ал Үндеу осы бастаманың басты қозғаушы күші рөлін атқармақ. Бұл – бүгінгі қазақстандық даму талабы ұсынған заңды әрі демократиялық үрдістерге толықтай сәйкес келетін аса құнды құжат. Елбасы атап көрсеткендей, күшті Президенттік билік пен өкілеттік бізге тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мен өтпелі кезеңде аса қажет болды. Біз оның игілігін және жемістері мен нәтижелерін тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде көріп үлгергеніміз анық. Елбасымыздың ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар деген сөзі бар. Мен Мемлекет басшысының аталған қағидатын қашан да назарымнан тыс қалдырған емеспін. Кешегі Үндеу жолдары да осы көзқараспен үйлесім әрі үндестік таба алады. Елбасы айтқандай, заманның дидары өзгерді. Қоғамдық құндылықтар терең өзгерістерді бастан кешуде. Солай екен деп Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында еліміз дағдарып отырған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, межесі – анық, мақсаты – айқын. Бүгінгі күні осы меже мен мақсаттың басты көрсеткіш индексі билік тармақтарының арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету деп түсіне аламыз. Ең бастысы, Үндеуде көрсетілгендей, билік тармақтары өздеріне жүктелген іске деген жауапкершілікті көтере түсетін болады. Әсіресе, бұл тұжырымның Үкімет пен Парламентке тікелей қатысы бар екенін Үндеу табиғаты танытады. Заң шығарушы органның атқарушы билікке деген бақылауы күшейсе, демократиялық жаңғырудың бұдан артық мысалы табыла қояр ма екен?! Түптей келгенде, билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесінің артында ел мүддесі тұр. Мемлекетіміздің таяу кезде де және алыс келешектегі даму бағыттарының басты жолдары да Үндеудің басты өзегіне айналған. Алтай ТАЙЖАНОВ, философия ғылымдарының докторы, профессор АҚТӨБЕ