• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
31 Қаңтар, 2017

Ақпанда баспана арзандай ма?

328 рет
көрсетілді

Биылғы ақпанда жылжымайтын мүлік нарығында сәл-пәл өзгерістер болады. Қайталама нарықта 2017 жылға арналған болжам бойынша, баға 7-10 пайызға төмендейді, ал жаңа баспаналар нарығы әзірше бағаны осы деңгейінде ұстап тұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Мұндай пікірді жылжымайтын мүлік сатып алушыларға арналған Homsters.kz халықаралық онлайн-сервисінің басқарушы серіктесі Мария Рен айтып отыр. "2017 жылға арналған болжамымыз - қайталама нарықта баға 7-10 пайызға төмендейді. Біз бұл болжамды әлі де растаймыз, сондықтан ақпан айында "ескі" баспана құнының 0,2-0,3 пайыз шамасында сәл-пәл төмендеуі тіркеледі деп күтеміз. Нарықтың жандануы, біздіңше, ақпанның екінші жартысында және наурызда болады, бірақ бұл аралықта да баға айтарлықтай төмендейді дей алмаймыз. Керісінше, нарыққа жан бітіп, сатып алушылардан сұраныс бола бастағанда, баға сол деңгейінде тұрақтала беруі мүмкін", - деп болжады маман редакцияның ресми сауалына берген жауабында. Айтуынша, бұдан шығатын қорытынды: бағаның айтарлықтай төмендеуін күтіп, баспана сатып алуды ұзақ уақытқа кейінге қалдыру жөн бола қоймас. "Экономикадағы ахуал тұрақталып келеді, теңге қалпында, халықаралық сарапшылар осы жылдан бастап, ішкі жалпы өнім өсімі қайта байқалатынын болжап отыр. Бұл орайда бағаның едәуір, оның үстіне, жылдам төмендемейтіні анық. Ал қайталама нарықта ақша төлеуге дайын сатып алушылар баспана сатушыларға қарағанда аз", - дей келе маман мұндай жағдайда табанды сатып алушының нарықта бағаның төмендеуін күткеннен гөрі сатушымен біраз саудаласуға және одан жақсы жеңілдік алуға мүмкіндігі көп екенін айтып өтті. Жаңа баспаналар нарығы болса, болжамға қарағанда, әзірше бағаны осы деңгейінде ұстап тұрады. "Мұның себебі - арзандатудың бірнеше кезеңінен соң үй салушылардың көбі "құрылыстың өзіндік құны + ұсталған шығындар" деңгейінен алыс кете алмай жұмыс істеп жатқандықтан, бұл сегментте бағаны төмендетуге мүмкіндік беретін шарттар қалмады", - деп түсіндірді ол. Сонымен бірге, қайталама нарықтағы баспаналар сапасының төмендігіне байланысты сатып алушылар жаңа үйлерді жиі таңдайтын болған, осыған байланысты бұл да бағаның төмендемеуіне ықпал етеді дейді Мария Рен.