• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
01 Ақпан, 2017

Асанәлі Әшімов: «Қаражал мен үшін «екінші Бекежан» болды»

1326 рет
көрсетілді

Қазақ ұлттық кино өнері мен театры саласының майталманы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, аты аңызға айналған тұлға  Асанәлі Әшімовтің есімі аталса, елең етпейтін қазақ жоқ. Ол – ұлт мақтанышы, Алаштың ардақты тұлғасы.  Қазақтың мемлекеттік академиялық М.Әуезов атындағы  драма театрының көркемдік жетекшісі. Еңбек жолында халықтың ерекше пейіл-ықыласына бөленген Асанәлі ағамен сәті түскенде сұхбаттасқан едік. Соны назарларыңызға ұсынамыз. – Құрметті Асанәлі аға, сіздің ки­но­дағы еңбек жолыңыз тура­лы айтылған кезде ең алды­мен, әрине, «Қыз Жібек» фильміндегі ой­наған Бекежан рөліңіз туралы айтылады екен. Содан әр­мен қарай «Атаманның ақы­ры», «Транссібір экспресі», «Шо­қан Уәлиханов» сияқты көп­теген тамаша фильмдеріңіз жал­­ғасып жатады. Ал «Жаушы» фи­льміндегі Қаражал есімді кейіп­керіңіз жайлы ешқайдан кез­дестіре алмадық. Сондықтан осы бейнені қайтадан көрер­ме­н­нің ойына оралтсақ, қалай қа­рай­сыз? – Шіркін, Абай еліндегі Арқат­тың тауларын-ай, деймін осы фильмімді көрген кезде. Әрине, осынау аңызға айналған фильмді көрерменнің ойына оралтуға еш қар­сылығым жоқ. Қаражал туралы айтсам, ол мен үшін екінші Бекежан сияқты болды. 1979 жыл. Қырыққа таяп қалған кез. «Жау­шы» фильмі жазушы Әнуар Әлім­жановтың кітабы бойынша түсірілген. Режиссер Әзірбайжан Мәмбетов барлық кейіпкерлерді ар­найы сынақтан өткізіп, сақа­дай-сай даярлап қойса керек Қара­жал­дың рөліне адам іздейді. Оның ойына,  әрине, мен түскем. Нақ­тырақ айтқанда, Бекежан бейнесін сәтті сомдағаным себеп болса керек. Содан қолқа салды. Қазір­гі заман тілімен айтқанда, кас­тинг­тен өткеннен кейін, Қара­жал­ды мен ойнайтын болдым. Жамбыл Құдайбергенов-Кенжені, Өзбекстаннан шақы­р­- ыл­ған актриса Альмира Исмаилова-Сәнияны, Тұңғышбай Жаманқұлов-Әбіл­хайыр ханды, Кененбай Қожабеков-Манай би, Ыдырыс Ноғайбаев-Қанжығалы қарт Бөгенбайды, Лхасаран Линховоин-қал­мақ Шона Добаны ойнады. Кино­ның түсірілімі керемет болды. Бір жарым айға созылды.  КСРО-ның кезеңі. Кино түсіремін дегенге обкомдағылар құрақ ұшып, барлығын дайындап қояды. Абай ауданына, Абай шығып би­лік айтқан дөңгелек тасы бар Арқатқа келдік. Арқаттың таулары, Қопаның тау-тасы, құз-жар­тасы керемет еді. Біздің жі­гіттер киноға түсумен қатар Арқат тауларынан мумие теріп қайтты. Бір қарасам, Кенже рөліндегі Жамбыл Құдайбергенов қалпағына толтыра мумие жинап алыпты. Табиғат керемет еді. Қопа көліне түсеміз. Сол Қопа көліндегі кейпім фильмде Сәниямен бірге ойнаған сәттерімде бар. Әсіресе, Әзірбайжан Арқат тау­ларын режиссер ретінде қатты ұнатты. Тау-жартас, қалмақ-жоң­ғар соғысының қайнап тұрған сәтін керемет келтіруге табиғаты жа­ғынан тамаша үйлесе кетті. – Асанәлі аға, сізбен бірге бү­кіл Абай елі болып сол киноға түс­кеніміз ойыма оралып отыр. Т­ү­сіру алаңына барғанда да, қай­­тқанда да сіз осы елдің ақ­са­қалдарымен әңгімелесіп бірге отыр­атынсыз, тіпті сондағы кө­ліктеріңіз «Икарус» автобус та емес еді. Жеке көлікті керек етпейтінсіз. Осы қара­па­й­ымдылығыңыздың сыры неде? – Абай елінің халқы керемет қой. Нағыз қонақжайлық, бауырмалдық осы елде сақталған. Ол кездері сол ауыл автоклубынан, жергілікті атқарушы биліктен бөлінетін автобустар болды. Ат-кө­ліктің бәрі де жергілікті би­лік­тен дайындалды. Әзірбайжан Мәмбетов айтқандай, қалмақ-қазақ со­ғысы кезіндегі халықтың шынайы кейпін сомдау үшін ұлы Абай елінің барлық тұрғындары тартылды. Абай елінің халқы да керемет, өнер десе ішер асын жерге қояды. Шетінен әнші, биші, жыршы. Өңкей абыз, дуалы ауыз қариялар. Менің қарапайымдылығым – ол қазақ болып туып, өмірден қазақ болып өтетіндігімде шығар. Өнерді қатты құрметтейтін, сені актер ретінде алақандарына салып, аялаған, төріне шығарған Абай ауданы сияқты елді көргенде сен де беріліп ойнайсың. Бекежан – екінің біріне көне қоймайтын образ. Қаражал да дәл солай. Қазаққа қызмет еткен болып жүріп, қал­мақ­қа сатылу осының барлығы да айтуға оңай болғанмен, образды суреттеп, рөлде ойнаған кезде ерекше шеберлікті қажет етеді. Кейде киноның қызығына түсіп кетіп, Арқатта тау ішінде түнде қонып та қалған кездерім болды. «Үш келіншек», «Күйметас» дей­сіз бе, тауларының аттары керемет. Әзірбайжан екеуміз бір-бірімізге үйренген адамдармыз. Мен еркін жұмыс істедім. Еш­қандай қысым болған жоқ. Фильм де сәтті шықты. Қазақстан ғана емес, бүкіл одақ көрген, ел мақтаған үздік туындыға айналды. – Аға, байқап қарасақ, қа­зақ хал­қына XVII-XVIII ға­сыр­да жасалған жоңғар шап­қын­ш­ы­лығы, олармен күрескен қа­зақ батырлары туралы фильм со­нау 1979 жылы түсірілген екен. Тіпті бұл Кеңес үкіметі тұ­сында, қазақ тарихының көп бе­л­естері жабық жатып, көп нәр­сеге тыйым салынған заман болса да, көрермен ерекше жы­лы қабылдады. Жақында ғана Қазақ хан­ды­ғының 550 жылдығын той­ла­дық. Десек те, көркемдік жа­ғы­нан «Жаушының» деңгейіне же­тетін фильм бізде әлі жоқ сияқ­ты. Осыған не айтасыз? – Шыны керек, жақсы драматур­гия жетіспейді. Жақсы кітап жазатындар жоқ. Режиссерлер де тапшы. Менің ойымша, театр байқаулары мен фестивальдар өтіп тұруы керек. Осы арқылы драматургия дамиды. Өз әдебиетімізді шебер сахналауға ұмтылуымыз керек. «Қобыланды батыр» жыры – Шекспир шығармаларымен деңгейлес туынды. Ал оны сол деңгейде бере білу – бөлек әңгіме. Актерлердің талантына да көп нәрсе байланысты. Ә.Молдабеков, Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев сынды таланттардан құралған шоғыр бар еді қазақ киносында. Бір-бірімізді сөз тұрмақ, ыммен ұғы­са­тынбыз. Біздің заманымызда Мәскеуге барып, оқып келіп, ше­берлігімізді шыңдайтынбыз. Семейдегі Бекен Имаханов ата­ла­ры­ң­мен бір бөлмеде тұрдым студент кезімде. Бүкіл одаққа есімі белгілі адамдардың көзін көріп, сабақ алдық. Мектебіміз ғажап еді. Станиславский мектебінің өзі не тұрады?! Бір айдың ішінде спектакльді дайындап шығару деген бұрын-соңды жоқ еді. Баяғыда бір драманы 6-7 ай көз ілмей дайын­дайтынбыз. Бір спектакльді қатарынан екі жыл дайындаған да кездер болды. Содан болар Бекежан да, Қаражал да қарақшы емес, дала батырлары ретінде таныл­ды. Францияда «Қыз Жі­бек­тің» таныстырылымы өтті. Онда­ғылар француздардың шыдамсыз екенін айтып ескерткен-ді. Бірақ үш сағат бойы мың адамның біреуі де орындарынан қыбыр етпеді. Кино саласын айтсақ, Шәкен Ай­мановтың тұсында тек Қазақ­стан­да ғана емес, бүкіл одақ­та, тіпті, әлемде кино-өнер ре­тін­де қатты дамыды. Ал қазіргі компьютерлік графика дәуірінде кино көп өзгеріске ұшырап отыр. Ол кезде «Жаушы» фильміндегідей бір соғысты көр­се­ту үшін мыңдаған адамды тартып, қол жинау керек болатын. Қазір миллиондаған армияны ком­пьютердің көмегімен киноға кіріс­тіре салады. Сондықтан да «Қыз Жібек», «Жаушы» сынды шынайы керемет туындылар бүгінде жоқтың қасы. ­– «Жаушы» фильмі көрер­мен­ге жиірек көрсетілсе деген ті­лекті естіп қаламыз ара-тұра. Сол фильмдегі Сәнияның рөлін ойнайтын өзбек аруы Альмира Исмаилова әу баста атқа отыра алмаған дегені рас па? – Ол рас, бас кезінде Абай ауданының ауыл-ауылдарынан әкелінген небір сәйгүліктер болды. Шетінен шу асау. Бірақ Альмира мықты актриса болғандықтан атта бұрыннан шауып жүрген адамдай болып көрінді. Кейіннен Алматыдан басты кадрлер үшін әдейі омақаса құлай кететін, кино­ға қолайлы ипподромның, цирктің аттарын алғыздық. Сөйтіп жүріп, Альмираны нағыз қазақ қызындай, шабандоз жасай алдық. Ол да заманынан асып туған актриса еді. Таудың үстінде жатып, оны кендір жіпке байлап қойып төмен түсіп бара жатқан менің арқа­нымды жартасқа қажап-қажап, құла­тып жіберетін тұсы қандай әсерлі. Әрине, режиссер мықты, «Жаушыдағы» актерлер де мықты, бізді қарсы алып, фильмге түсуге бар­лық жағдай жасаған Абай, Шәкәрім, Мұхтар елі де қастерлі. Сондықтан да бұл фильм тарихта дүние жүзіндегі ең танымал, ең көп прокат жинаған кино болып қалды. Алла маған бақ берген адаммын, құдайға шүкір Бекежан, Қаражал сияқты рөлдердің арқасында халықтың сый-құрметіне шексіз ие болған жайымыз бар. – Әңгімеңізге көп рахмет. Әңгімелескен Раушан НҰҒМАНБЕКОВА СЕМЕЙ – АЛМАТЫ