• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Ақпан, 2017

Универсиада-2017. Хоккейден жерлестеріміз Швецияны ұтты

396 рет
көрсетілді

Алматыда өтіп жатқан қысқы Универсиада ойындарында ерлер арасында Қазақстан құрамасы Швециямен кездесіп, 5:0 есебімен аяқталды. «Халық Аренада» өткен ойында Қазақстан құрамасы айқын басымдыққа ие болды. Ә, дегеннен алға ұмтылған отандастарымыз 2-минутта есеп ашып үлгерді. Кирилл Савицкий бағыттаған соққы көздеген жерінен дәл табылды. Осыдан кейін қос команда бірін-бірі аңдысып, осал жерлерін табуға тырысып бақты. Кездесудің 18-минутында ойыншы басымдығын жүзеге асырған қазақстандықтар Ярослав Евдокимовтің көмегімен екінші шайбаны соқты. Матчтың келесі кезеңінде жанкүйерлер бір ғана голдың куәсі болды. Ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланған Константин Савенков есептегі басымдықты арттыра түсті. Сонымен қатар, соңғы 20 минут та жоспар бойынша өрбіді. Алдымен, 50-минутта Антон Сагадеев мүмкіндігін мүлт жібермесе, кездесудің аяқталуына үш минут қалғанда Дмитрий Гренц соңғы нүктені қойды. Бұл жерде Швецияның бір ойыншысы кем болғанын айта кеткен жөн. Универсиада ойындарында Қазақстан құрамасы осыған дейін Қытай командасын 22:0 есебімен ойсырата ұтқан болатын, ал Швеция Чехиядан 0:5 есебімен жеңілген. Шешуші кезеңде Қазақстан мен Чехия, Швеция мен Қытай сынға түседі.