Кеше ОСК шығарған алдын ала қорытынды бойынша сайлауда 1,4 % пайыз дауыс жинаған Халықтық Коммунистер партиясынан президенттікке үміткер Жамбыл Ахметбеков Ұлттық баспасөз клубында сайлаудан кейінгі қорытынды баспасөз мәслихатын өткізді. Онда ол өз партиясы атынан Елбасыны құттықтап, үндеуін жариялады.
Бұл сайлау өткен сайлауларға ұқсамайтын өзіндік сипатымен ерекшеленеді, делінген мәлімдемеде. Маңыздылығы жағынан жай ғана сайлау болып қойған жоқ. Бұл мемлекеттік билік жүйесінің өміршеңдігіне, оның қазіргі заманға және өз халқының мүддесіне сәйкес келетіндігіне берілген баға болды. Осындай саяси жағдайда Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі бір ғана электоралды мерзімде дайын болуы мүмкін емес еді. Бұл жағдайда халық сенімінің негізі тереңнен басталды және оған біз куә болдық.
Орталық сайлау комиссиясы жариялаған дауыс беру нәтижелері нақты шындықты объективті түрде көрсетіп отыр. Мұны мойындауымыз қажет. Жалпы алғанда электоралды іс-шара еліміздің заңнамаларына сәйкес өткізілді дей аламын. ҚХКП атынан түскен маған бұқаралық ақпарат құралдарына, соның ішінде электронды БАҚ-тарға шығуыма және сайлаушылармен кездесуіме ешқандай бөгеттер болған жоқ.
Менің халықпен болған сайлауалды кездесулерден түйген басты нәрсем – елдің биліктен түбегейлі әлеуметтік өзгерістерді күтуінде. Азаматтар өз тағдырларын жасауға мемлекеттің араласуын талап етуде. Менің сайлау алды бағдарламам осы мәселелерді шешуге арналды. Сондықтан мен мемлекеттік саясатта қарапайым халық үшін әлеуметтік күрт өзгерістердің болатынына сенімдімін, деді ол.
Жас саясаткерге президенттік сайлау үлкен сынақ, әрі кәсіби тұрғыда қалыптасу жолында тәжірибе жинақтау екені рас. Сайлау науқаны маған халықпен тікелей сұхбаттасуға, олардың көңіл-күйін, бүгінгі мәселелерін өз көзіммен көруге, сеніміне үміт отын оятуыма мүмкіндік берді. Еліміздің барлық аймақтарында болып, мыңдаған адамдармен жүздескеннен кейін мүлдем басқа адам боп шыққанымды сезінемін. Саясаткерлік жауапкершілік сезімнен басталады. Яғни, өз сөзіңе, іс-әрекеттеріңе, сенім артқан адамдарға жауап беру. Сайлау кампаниясы кезінде мені қолдап, маған дауыс берген халыққа, тұрақтылықты теріске шығармағандарға алғысымды білдіремін. Болашақта сайлаушылар сенімін бір ғана тәсілмен, өз принциптерімді нақты ұстанып, үнемі қарапайым халықтың мүдделерін қорғау арқылы ақтай аламын, деді ол өз сөзінде.
***
Кеше елордадағы Ұлттық баспасөз орталығында «Ауыл» социал-демократиялық партиясының төрағасы Ғани Қалиев сөз сөйлеп, бұл ұйым іс үстіндегі Президенттің кандидатурасын қолдап дауыс бергендігін мәлімдеді.
«Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясы осы сайлаудың қорытындысын толық қолдайтындығын білдіре отырып, Нұрсұлтан Назарбаевты жоғарғы билікке қайта сайлануымен құттықтайды, деп бастады сөзін Ғ.Қалиев. Осы сайлаудың жауапкершілігі мен маңыздылығын түсіне отырып, «Ауыл» партиясы мүшелері демократиялық күштер қауымдастығына қосылды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасын қолдай отырып, біз ауылда тұратын көпшілік қауымның ойын білдірдік деп ойлаймыз.
Біз еліміздің тұрақты дамуына, дүниежүзілік бәсекелестікке шығуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне шынайы сенімдеміз. Бұл кезектен тыс президенттік сайлау еліміздің заңдарына сәйкес өтті және сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде барлық кандидаттарға бірдей жағдай жасалды деп есептейміз.
Ауылдық жердегі сайлаушылардың жоғарғы белсенділігі, өздерінің келешегінің, әл-ауқаттарының жақсаруын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен байланыстыратындығын дәлелдейді.
Ел көшбасшысының басшылығымен еліміз одан әрі өркендеп, саяси-экономикалық ахуалды жақсарту, демократиялық үрдістерді дамыту, елдегі саяси реформаларды жаңғырту бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастырады деп сенеміз, делінген партия төрағасы оқыған мәлімдемеде.
***
Сайлау өткен күннің ертесінде елордада «Әділет» демократиялық партиясының тең төрағасы Мақсұт Нәрікбаев мәлімдеме жасады.
«Әділет» партиясы «Қазақстан -2020» коалициясының мүшесі ретінде еліміздің миллиондаған азаматтарымен бірге қазіргі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін созу туралы референдумды қолдаған болатын деді. Бірақ, өзінің демократиялық құндылықтарға адал екендігін білдірген Елбасы, мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім де біздің партия тарапынан қолдау тапты.
Президенттің кандидатурасын белсене қолдау үшін сайлауалды науқанына тікелей қатысқан әділеттіктер жұршылықты әлеуметтік тұрақтылыққа, қоғамдық келісімге, ұлттық бірлікке, халықтың тұрмыс жағдайын көтеруге, еліміздің одан әрі де осы қалыппен тұрақты дами беруіне және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы жүргізген 20 жылдық сындарлы саясаттың арқасында Қазақстанның жеткен жетістіктері үшін дауыс беруге шақырды.
Кешегі президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың айқын басымдылықпен жеңіске жетуі – бүкіл халықтың Елбасы саясатын толық қолдайтынын дәлелдеп қана қоймай, референдум өткізу туралы бастаманың қаншалықты өміршең болғандығына да көз жеткізді. Біз осы сайлау арқылы референдум туралы бастаманың негізгі мақсатының іс жүзіне асқандығына куә болдық. Сайлау нәтижесінен Қазақстан халқының Нұрсұлтан Назарбаевтың ел алдындағы тарихи рөлін шынайы бағалайтындығын және оған деген құрмет пен сенімнің одан әрі арта түскендігін ешбір күмәнсіз байқауға болады.
Осы сайлауда бір кісідей жұмыла дауыс берген қазақстандықтар алда тұрған аса ірі экономикалық және әлеуметтік даму жолымен қатар, қазіргі кезеңдегі замана талабына сай түбегейлі саяси реформаларға да бар күші мен жігерін аямайтындықтарын паш етті.
Алдымызда ауыртпалығы зор, маңыздылығы мол қыруар істер мен асқар асулар асатын ұлы көш күтіп тұр. Көш көмбесіне өз таңдауымыздың иесі – Елбасы біреу, басқаларымыз оған тіреу болып жетейік!
Венера ТҮГЕЛБАЙ.