• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
05 Сәуір, 2011

Аға алақанының жылуы (Елбасы туралы бір үзік сыр)

437 рет
көрсетілді

Осыдан қырық бес жыл бұрын Те­міртауға әпкемнің тұрмысқа шық­қан тойында болғаным бүгінгідей көз ал­дымда. Ол кезде әкей қайтыс болған, шешем Қазира бастаған біраз кісі бар­дық. Жасым – он екіде. Тойға жи­нал­ғандардың көбі – жездемнің дос­тары. Шетінен әдемі киінген, келбетті ағаларға қызыға қараймын. Мен де солардай металлург болсам-ау деп армандаймын. Себебі, ол жылдарда Теміртаудың аты бүкіл республикаға дүрілдеп шығып тұрған кезі болатын. Біздер – мектеп оқушылары: ...Жас ұландай жайнап өскен, Теміртаудың қаласы! – деп күн сайын әндететінбіз. Міне, сол Темір­тау­да тойда отырмын. Кеудемді қуа­ныш сезімі кернейді. Ай­нал­соқтап әпкем мен жездемнің қасынан шықпаймын. Тойда отырған жездейдің достары­ның ішінде кең маңдайлы, жанары жалт-жұлт еткен, кеудесі қыран бүркіттей шалқақ келген, сұңғақ бойлы аға маған ерекше көрінді. Сөзді жастарға көбінесе сол кісі беріп отырды. Домбыра тартып, ән салғанда тіпті қанаттанып кетеді екен. Домбыраға менің де әуестігім бар еді. Жақындап қасына бардым. Ау­зым­ды ашып, аңырып қарап қалған болуым керек. «Ей, сары бала, қайдан келдің?» деп маңдайымнан сипады. «Аягөзден келдім!» дедім. «Асықпа, сен де, өс­кен­де домбыра тартып, ән саласың!» деді қайталап. Мен марқайып қалдым. Бей­та­ныс ағаның жылы сөзі атаның ақ ба­та­сындай әсер етті. Көпке дейін ұмыт­пай жүрдім. Алматыда оқу бітіріп, ат жалын тартып мініп, қызметке араласа бастаған шағымда бір кезде Теміртауда тойда көрген ағаның Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев екенін білгенімде қатты қуандым. Ол кезде Нұрағаң Қараған­дыдан Алматыға Орталық комитетке хатшы болып келді ұмытпасам. Содан бері өмірде жолым болған, табысқа жеткен сәттерімде сол бір маңдайымнан сипаған аға алақанын жиі еске алып, іштей ырым етіп, өз тағдырыма разы болып жүремін. Кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Министрлер Советінің Төр­ағасы болып тұрғанда «Басшыны әр ұжым өзі сайласын» деген шешім шы­ғарды. Сол шешімнің арқасында Ал­ма­ты­да автобазаның директоры болып сайландым. Сонда да ағаның асыл ала­қанын еске алдым. Мүмкін менің осы жетістікке жеткенім сол бір алақанның шарапаты шығар деп ойладым. Тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жыл ішінде еліміз Елбасының арқа­сында асқаралы биіктерге шықты. Астана са­лын­ды. Әлем аузымызға қара­ды. Қа­зақ қа­шан мұндай бақытқа жетіп едік!? Мен аға тілегендей әнші бола ал­ма­дым. Кә­сіп­кер болдым. Аста­на­ға келгеніме он жыл­дан асты. Өзім­нің алға қой­ған мақ­сатыма жеткендеймін. Таяуда Елбасы­ның Жарлығымен «Құрмет» орденін ал­дым. Шіркін, осы орденді бала кезімде маңдайымнан сипаған аға алақанының өзінен алсам: «Сол сары ба­ла мен едім!» деп айтар едім деген арман жүрді кө­кейім­де. Бірақ оның сәті түспеді. Медет ҚҰЛЖАНОВ, «Қуатаммлон мұнай» біріккен кәсіпорнының директоры. Астана.