Әр халықтың аңсар-арманы, мақсат-мұраты болады. Ұлы миссияға ұмтылған ұлттардың бағындырар белестері мен алар асулары да биік болмақ. Бұл ретте, Елбасы айтқандай, ержүрек, қаһарман қазақ халқының алға қойған ізгі мұраты – Ұлы Дала төсінде өзі құрған мемлекетті Мәңгілік Ел жасау! Мәңгілік Ел мұраты – бағзыны бүгінге жалғайтын терең тамыр, бүгінді болашаққа бастайтын алтын арқау, ұлы аңсар!
Мемлекет басшысы Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойында қазақ елінің Ұлы далада салтанат құрған Ғұн империясы, Түрік қағандығы мен Алтын Орда мемлекетінің заңды мұрагері екенін атап айтқан еді.
Осы ойды тарқатып айтсақ, Мәңгілік Ел мұратының алғашқы кезеңінде ғұндардың тәңірқұты Мөде қаған ұлтарақтай жерін жауға бермей, жауынгер халықтың басын қосып, жоралы жұртқа айналды. Бұл кезеңде ел бірлігі мен жер тұтастығы басты ұстаным еді.
Еуразияның кең-байтақ жазирасын ат тұяғымен дүбірлеткен Түрік қағандығы тұсында бабалардың ұлы мұраты қайта дәуірледі. Жерұйық мекен Өтүкенге ел қондырған баһадүр Білге қаған «Тәңір жарылқап, кедей халықты бай қылды, азды көп қылды, төрт тарапты бейбіт етті». Бұл кезеңде тарпаң мінген түрік баласы астана салып, байлыққа кенелді, қуаты кемелденіп, халқының саны артты, төңірегін тыныштандырып, көршілерімен бейбіт қатынас орнатты. Осылайша мығым мемлекет, еңселі ел болды.
Мәңгілік Ел мұраты Қарахан дәуірінде тағы бір түлеп, артынша айбарлы Алтын Ордамен бірге қайта жаңғырды. Әсіресе, халық әспеттеп «әзиз» деп атаған Әз-Жәнібек тұсында «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман орнады. Тарихы қилы, тағдыры ортақ, тілі өзгеше, діні бір этностардың басын біріктірген ұлыс алып держава деңгейіне көтерілді.
Айбатты империя «ағайынның дауласқанынан, бекті халықтың жауласқанынан» береке-бірлігінен айырылып, ыдырағаннан кейін ұлы аңсар да бұлдыраған сағымға айналды. Тек түгел түркінің қарашаңырағы қазақ жұрты тәуелсіздік алып, туыстарын түгендеген тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бұлтты жарған күндей боп Мәңгілік Ел мұраты тарих сахнасына шықты. Тұңғиық тарихты терең білетін Мемлекет басшысы халқының пассионарлық қуатын бағамдап, оны «Ұлы Даланың мұрагері» деп бағалады.
Болашаққа бастар жолда Мәңгілік Ел мұратын темірқазық етіп ұстанды.
Биылғы халыққа дәстүрлі Жолдаудың тақырыбынан да бұны айқын аңғаруға болады.
«Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын Жолдауында Елбасы еліміздің даму кезеңдерін сатылап көрсетеді.
Бірінші жаңғыру, бұдан ширек ғасыр бұрын еліміздің азаттыққа қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекет болып қалыптасу кезеңінен басталады. Бұл алғашқы кезеңде елдің бірлігі, жердің тұтастығы қамтамасыз етілді.
Екінші жаңғыру – Арқа төріне Астана орнап, экономикамыз бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енген, халқымыздың қуаты артып, төрткүл дүниенің төрт тарапына бейбітшіл бастамаларымен танылған кезең.
Осы Жолдаумен бірге бастау алатын үшінші жаңғыру да «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыратын, жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін, аймақтық көшбасшыға айналған абат елді баянды болашаққа, ұлы өркениетке бастайтын құтты қадам болып саналады.
Бұл тұрғыдан алғанда, Жолдауда айтылған Қазақстанның жаңғыру кезеңдері Мәңгілік Ел мұратын ұстанған Ғұн мемлекеті, Түрік қағандығы, Алтын Орда ұлысындағы даму кезеңдерімен де сәйкес келетін сияқты.
Біз сондықтан Мемлекет басшысының Үндеуінде ұсынылған конституциялық өзгерістер мен Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында жүктелген міндеттерді қазақ қоғамының болашағына бағыт-бағдар сілтеп, алысқа самғататын қос қанат деп қабылдадық. Асқақ елдің асыл аңсары – Мәңгілік Ел мұраты осылайша жаңа белеске көтерілді.
Осы орайда, еліміздің Ата Заңы алдағы дамуымыздың негізгі тірегі екенін ескерсек, Елбасы бастамасымен орныққан Мәңгілік Ел мұратын Конституциямыздың мәтініне енгізу туралы Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевтың ұсынысын қолдай отырып, бұл қадам кемел келешегіміздің кепіліне айналар еді деп пайымдаймыз.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
"Егемен Қазақстан"