• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
15 Ақпан, 2017

Саяси жүйені демократияландыру бағдары

515 рет
көрсетілді

Астанада Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі Үндеуін талқылау және елімізде қолға алынғалы отырған конституциялық реформаларға қатысты ұсыныстар әзірлеу бойынша дөңгелек үстел өткізді. Аталған қауымдастық төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл басқосу бары­сында бірінші кезекте Мемлекет басшысының Үндеуі, соған қатысты ұсыныстар бүкіл еліміз бойын­ша қызу талқыланып жатқанына тоқталды. – Бұл – мемлекеттіліктің дамуы­­ның жаңа кезеңін, яғни халық­­тың мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы ретіндегі өзінің конс­титу­ция­лық мәртебе­сін жүзеге асы­ра бастағандығын айқындайды. Бұл, сондай-ақ, біз­дің азаматтық қоғам­ның кемел­дігін де білдіреді, – деді Ауған соғысы ардагерлері ұйым­дары­ның «Қазақстан ардагерлері» қауым­дастығының төрағасы. Одан әрі Б.Смағұл конс­­титу­циялық реформа ел тәуел­сізді­гі­нің мызғымастығын бекіткелі отыр­ғанын, өйткені, тәуелсіздік – ұлты­мыздың тарихындағы бас­ты жетістігі, халқымыздың басты қазынасы екенін айта келіп, еліміз­дің жаһандық бітімгерлік және қауіпсіздік саласындағы миссиясын Ата Заңымызда растап, оны нақты нормаларда бекіту қажеттігін, Конституциямызда Қазақстанның жаппай қырып-жою қаруларын қолданудан бас тартатыны нақты көрсетілуі керектігін ұсынды. Қауымдастық төрағасының орынбасары Сәкен Махамбетов өз кезегінде жүргізіліп жатқан рефор­маның мәні – билік өкілет­тіктерін байыпты қайта бөлу, тұтас­тай алғанда, саяси жүйені демо­кратияландыру болып табы­латынын, сондай-ақ, пар­ламентаризм негіздерін нақты нығайтудың бірегей мүмкіндігі екенін атап өтті. Соңында дөңгелек үстелге қаты­су­шылар арнайы қарар қабылдады. Қарарда: «Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагер­лері» қауымдастығы ұйым­дастыр­ған дөңгелек үстелге қатысушылар, Мемлекет басшысының 2017 жыл­ғы 25 қаңтардағы Үндеуінде жария­лаған конституциялық реформа­ны өткізуді тұжырымдамалық түр­де қолдайды және оны парламен­таризм­нің, мемлекеттік бас­қару­дың және азаматтық қоғам инс­титуттарының негіздерін нақты нығайтудың бірегей мүмкіндігі деп санайды. Президент, Парламент және Үкімет арасында өкілеттіктерді қайта бөлу бойынша ұсыныстар­ды қазақстандық мемлекеттілікті және Қазақстанның саяси жүйе­сін демократияландыруды дамы­ту­дың жаңа кезеңі ретінде қарас­­ты­рады», – деп жазылған. Сон­­дай-ақ, олар конституциялық рефор­маға қатысты өздері әзірле­ген бір­­қатар ұсыныстарын Президент Әкім­­шілігіне, Парламентке және Үкіметке жолдайтын болды. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар