Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа кезекті Жолдауын ұсынды. Құжатта қарапайым халық игілігі үшін қолға алынуы тиіс жұмыстар аз емес. Солардың ішінде Жолдауда: «Жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты дәстүрлі салаларда еңбек ресурстары босап қалатын болады. Сондықтан жаңа индустрия құрып, жұмыспен қамтудың және азаматтардың нақты табысын өсірудің қосымша мүмкіндігі болуға тиіс», – деп ерекше атап көрсетілген.
Әсіресе, жаңа нысандардың пайда болып, олардың пайдалануға берілуі де алдымен тұрғындар үшін тиімді. Бүгінде Ақтөбе өңірінде талай жаңа алып жобалардың жүзеге асырылып жатқанына куә болып жүрміз. Соның ішінде темір жол бойында пайда болған тың дүниелер қаншама. Бір ғана Шалқар – Бейнеу темір жолының айналасында ондаған жаңа елді мекендер пайда болып, жүздеген адам жұмыспен қамтылып жатыр. Мұның өзі, қарап отырсақ, ең алдымен қарапайым халық үшін тиімді. Өйткені, бүгінгі заманда жұмыс табу оңай емес. Екінші жағынан, бұрын Алматыдан келе жатқан жолаушы Қандыағашты айналып, Бейнеу жолына түсетін. Бүгінде Шалқардан бұрылған соң, Атырау, Маңғыстау облыстарына тікелей өтеді. Бұл да бір халық игілігі үшін жасалған жұмыс болып отыр.
Ақтөбенің іргесінде бой көтерген рельс арқалығы зауытының өнімдерін дәнекерлеп, ұзын рельс шығаратын кәсіпорынның іргетасы былтыр қаланды. Оның экономикаға, халыққа тиімділігі айтарлықтай зор. Бастысы, сол құрылыс нысандарына ондаған-жүздеген адам жұмылдырылуда. Іске қосылған соң да жүздеген адам жұмыспен қамтамасыз етілмек. Қазақстанның үшінші жаңғыруы осындай ілкімді жобаларды іске қосып, халықты жұмыспен қамтуды көздейтіні айтпаса да түсінікті.
Қанат ӘЛМАХАНОВ,
Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесі кәсіподақ комитетінің төрағасы
АҚТӨБЕ