• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
15 Ақпан, 2017

Нарық экономикасының дамуы басқару тетіктеріне тәуелді

1069 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында нарықтық қатынастарға көшуде қиындықтар кездесті. Содан кейін Қазақстан экономикасы 2000-2010 жылдар аралығында 2007-2008 жылдардағы дағдарысқа қарамастан айтарлықтай дамыды. Алайда, одан кейінгі 2011-2015 жылдардағы еліміздің даму қарқынында, менің жеке көзқарасым бойынша, ептеген кемшіліктер болды. Бірақ ол нақты экономика мен қаржы экономикаларының өсу, даму қарқынына байланысты емес. Ол экономиканы басқару жүйесіндегі тетіктердің кемшілігінен болды ғой деп ойлаймын. Оған себеп, дамыған елдерден бізге келген консультанттары өз экономикаларын басқарудағы қолданбалы механизмдерді, әдістемелерді, сол батыстан келген күйінде көшіріп алуымызды қалайды. Рас, бізге кеңес артық болмайды. Дегенмен, осы тетік, әдістеме мәселесі біздің елімізде әлі де болса босаңдау, ғылыми жұмыстағы кемістігіміз саналады. Мысалы, дамыған елден техника сатып алудан ағаттық жіберсек, оның зардабы бір өндіріс орнына ғана тиеді. Ал тетік, әдістеме алсақ, ондағы ағаттық барлық өндіріс орындарын жалмайды. Сондықтан батыстан экономиканы басқару технологиясын алатын болсақ, оны әбден зерделеп, зейіндеп, біздің болмысымызға икемдеп, електен өткізген жөн деп ойлаймын. Қандай елде болсын қаржы саясаты мен экономика саясаты қатарласып отырады. Олардың арасын бір-бірімен жақындастыратын, жымдастырып отыратын жоғары дәрежеде инновацияландырылған басқаруға қажетті технологиялар жүйесі болуы керек. Айталық, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жапония мен Германия өздерінің эко­но­ми­калық бас­қару жүйе­сінің өзіндік инн­ова­ция­лық механизмін тың­ғылықты дайындап, үлкен жетістікке қол жеткізді. Малайзия өз жолын өзі анық­тайтын жаңа инно­вациялық механизм­дер жүйесін жасады. Сингапур да солай. Ал біз­дің мемлекетіміз Елбасының 2009 жылы жазған «Бесінші жол» мақаласында көрсетілген басқа­ру­дың әлеуметтік-саяси даму жүйе­сін инновациялау қағидасына сүйенуі керек. Онда елдің еңбек және қаржы экономикаларының инновациялық даму дәрежесіне сай, үшінші, жоғары дәрежедегі инновациялы жүйе болуы қажеттілігі айтылған. Ол үшінші инновациялы жүйе – нақты экономика мен қаржы экономикасының жұмыстарын әділ, экономикалық заңдармен салыстыра отырып бағалайтын жүйе. Нарықтық қатынасқа негіз­дел­ген әр мемлекеттің әлеуеті өскен сайын осы үш инновация жүйесіне, оның ішінде, техника-технологиялау, валюталық-қаржы және әлеуметтік-саяси басқаруды инновациялау жұмыстары бір-біріне сай, жаңғырып, жаңару керектігі жоғарыда айтқан «Бесінші жол» деген мақалада нақты көрсетілген. Бұл үш инновациялық жүйеге өз уақытымен жаңарту жұмыстары жүргізілмей, қақ суы секілді бір орында тұрып қалса экономика тоқырайды. Ал осы үшеуі И.Крыловтың «Аққу, шортан, Һәм шаян» мысалындағыдай үш жаққа тартса, онда нағыз аласапыран бас­талады. Бұл проблеманың әлем бойынша шешілмеген тұстары көп. Оның бірі – экономикалық басқару механизмдерінің негізгі өлшемдерін ғылыми-технологиялық жетістіктер арқылы ұтымды пайдаланып, уақыт талабына сай жаңарту арқылы ин­новациялап отыр­сақ, көптеген же­тіс­тікке жетуге болады. Бұл жайында француз ғалымы Лионель Столерю өз кітабында тереңірек жазған. Сондықтан Мемлекет басшы­сы айтқан үш түрлі инновацияны бас­қару жүйесін үш көр­сеткіш арқылы, яғни нақты ішкі өнім, номиналды ішкі өнім және нақты тұтынылған ішкі өнім арқылы бір-бірімен сабақтастыру қажет. Елбасының «Бесінші жол» ма­қаласында айтылған үш инно­вациялық бағытты дамыту мәселесіне тереңірек тоқталайық. Оның біріншісі – валюта-қаржы экономикасындағы инновация­ны дамыту, екіншісі – нақты экономикадағы технологиялық инновацияны дамыту, үшіншісі – саяси-әлеуметтік экономикадағы басқару тетіктерді инновациялы дамыту. Осы бір-бірімен тамырласып жатқан үш бағыт сапалы жүзеге асса экономиканың бойына қан жүгіріп, ілгерілейді. Егер оның біреуінің дамуы бәсеңдесе де қалғандарының қуаты кемиді. Сондықтан осы салада жүрген азаматтардың бәрі де инновацияны дамытудың жолын ұстанғаны жөн. Яғни, ақша мен тауар айналымының жоғары жұмыс істеуіне дем беретін, олардың жұ­мы­сының бағытын анықтап оты­ратын негізгі қару, басқару сала­сының жұмысы да сапалы жүр­гізілгені дұрыс. Бүгінде «Нұрлы жол» бағдар­ламасы экономикамыздың дамуы жолындағы бірегей жобаға айналды. Дегенмен, онда қазір үш инновациялар тобы бір-бірімен таласып жатыр. Менің ойымша, «Бесінші жолдағы» «рецепті» пайдалана отырып, нақты экономика, қаржы-қаражат және саяси-әлеуметтік салаларды инновациялау бағдарламаларына жіктеу, саралау қажет. Өйткені, оларды жасаудың механизмдері өзгеше. Осы үш инновацияның механизмдерін түбегейлі зерттеп, шешпей экономикамызды толық әртараптандырдық деп айта алмаймыз. Осы ойға «Бесінші жолды» оқыған сайын қайталап келе бересің, бұл – жол Президенттің өзі көрсеткен жол. Аталған күрделі мәселе жайында 2009 жылғы үлкен дағдарыстың алдында Мемлекет басшысының «Дағдарыстан шығудың кілті» және «Бесінші жол» деп аталған екі мақаласында кеңірек айтылған. Онда жоғарыда келтірген үш инновациялық дамуды бізде ғана емес, жалпақ әлем экономикасында қолдану қажет делінген. Бұл өте дұрыс айтылған пікір екенін көптеген әлемге аты әйгілі ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары айтып жүр. Мен бұл пікірге толықтай қосыламын. Өйткені, ел Президентінің осы екі мақаласында тауардың шынайы құнын анықтау қажеттігі түбіне жете айтылған. Ал тауардың шынайы құнын сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі анықтайды. Ендеше, Кейнстің жақтастары көрсеткен әдістеме де, монеташылар жақтастары көрсетіп отырған әдістеме де қазіргі әлемнің нақты экономикасының инновациялы даму қарқынынан әлдеқайда артта қалып отыр. Олай дейтінім, басқарудың кейнстік әдістемесі жаңағы тепе-теңдікті сұранысты ұсынысқа теңейтін заңнамаға сүйенеді. Ал басқарудың монеташылдық әдіс­темесі, керісінше, сол тепе-тең­діктегі ұсынысты сұранысқа теңейтін заңнамаға сүйенеді. Қазір­гі тұрмыста біздің ел монета­шылдық бағытты ұстанып, нақты экономиканың өсу дәрежесін сұ­ранысқа бағындырып отыр. Әрине, сұраныс керек, сұранысты есептеу үшін, инфляция өлшемі де (индикаторы да) керек. Дегенмен, жалаң инфляция көрсеткішін жеке алсақ, жалғыз ол қазіргі замандағы инновациялы экономиканың күш-қуатын анықтауға жетіліксіз. Оның үстіне көптеген ғалымдар мен сарапшылар инфляцияны бағалайтын көрсеткіш ішкі жалпы өнім дефляторына тең болуы қажет дейді. Олардың ішінде Дорнбуш, Сакс, Фишер сияқты әлемге белгілі ғалымдар бар. Мен осы ғалымдар сияқты инфляция көрсеткішін ІЖӨ дефляторынан бөле жарып қарауға болмайды деп есептеймін. Себебі, тауардың бағасы ақшамен тауардың оларды молайту кезіндегі бір-бірімен қатар айналысынан туындайды. Ал осы инфляция мен ІЖӨ дефляторының түбірі бір екенін түсінсек, онда олардың шамасын анықтайтын факторларды да білуге болады. Айталық, қазіргe дейін олардың көрсеткішін тек айналыста жүрген ақша көлемі мен оның жылдамдығы анықтап жүр. Осылайша, экономиканы басқару тетігі нақты экономиканың өсу дәрежесін ақша экономикасына бағындырып отыр. Былайша айтқанда, монеташылдық аты озып, кейнсшілдердің аты қалыс қалып отыр. Бірақ молайту кезінде екеуі бірдей айналыста болатыны ескерілмеген. Міне, дәл осы жерде сұраныс пен ұсынысты, осы бәсекелес екі факторды бір-бірімен теңестіретін дұрыс тетік, өлшегіш құрал керектігі көрініп тұр. Ондай құралды алыстан іздеп қажеті жоқ, оны сол инфляцияның көрсеткішін ІЖӨ дефляторына тең деп есептеп, екіге жіктеп жіберу керек. Оның бір көрсеткіші – ғылыми-технологиялық әлеуеттегі өзге­рістердің құбылысының бел­гісі болса, екіншісі ақшаның құнды­лығындағы өзгерістердің көрсет­кіші деп айтар едім. Өйткені, ин­фляцияның шама-шарқы ғы­лыми-технологиялық үдеріс пен ақшаның құндылығы арқылы анықталады. Сондықтан инфляция көр­сеткішімен қатар ғылыми-тех­но­логиялық әлеуеттің көрсеткішін де ескеріп, соның ерен қуатын арттыру үшін күресіп, бәсекені жандандыру қажет. Меніңше, жо­ғарыда айтылған үштіктің теңдігі инновациялық бағытта жұ­мыс тындыру үшін ғана емес, ел Президентінің биылғы Жол­дауындағы тапсырмасын орындау үшін де қажет. Назар аударайық, Президент Жолдауында былай деп нақты көрсетілген: «Бү­гінде Ұлттық банк алдында ин­фляциялық таргеттеу режімін дамыту жөніндегі маңызды міндет тұр. ...Ұлттық банк инфляция ғана емес, сонымен қатар Үкіметпен бірге экономиканың өсуі үшін де жау­апты болуға тиіс». Мұнда, ел Президенті кемеліне келген мәсе­лені шешетін мезгіл жеткенін айтып отыр. Мен инфляция индикаторын ІЖӨ дефляторы көрсеткішіне тең екенін дәлелдеп, оны екіге жіктеу әдістемесін зерттеп, ғылымға енгіздім. Бұл тақырыпты шешуде Солоу, Ромер, Лукас, Большаков секілді ғалымдардың еңбектері бар. Бірақ олардың бәрінде экономикалық мазмұн мен математикалық дәлдік азырақ екенін көруге болады. Осы кемшілікті жою экономикалық тұрақтылықтың негізгі себебі саналады. Өйткені, өлшемі жоқ экономика – басқаруға көнбейтін, тұсауы жоқ экономика. Тек өлшемі бар экономиканың ғана басқару жұмысын жүйелеуге болады. Сонымен қатар, басты мәселе, ел Президенті көрсетіп отырған үш инновацияланған те­тіктер жүйелерінің «наны» есеп­те­летін статистикалық есептер жүйесі уақытымен, оперативті жүріп отырғаны дұрыс. Нарық жағ­дайында уақыттың өзі ақша. Сон­дықтан осы уақытылы жасалған ақ­парат жүйесі сенімді, әділ құрал тетіктерін жасаудың бірден-бір негізі болып есептеледі. Сайлау БАЙЗАҚОВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор
Соңғы жаңалықтар