100 мыңнан астам жұмыс орны ашылды
2015-2019 жылдарға арналған бағдарламаның әр кезеңде бағындыруы тиіс межесі бар. Осыған байланысты өткен жылда «Нұрлы жол» не тындырды деген мәселе бойынша бірқатар министрліктер Үкімет басшысына есеп берді. Әрине, ауызды қу шөппен сүртетін жағдай емес, атқарылған жұмыс баршылық. Мәселен, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің мәлімдеуінше, 2016 жылы осы бағдарлама негізінде 100 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Жыл қорытындылары бойынша мақсатты трансферттердің 469,6 млрд теңгесі немесе 99 пайызы игерілген. Толық игерілмеу жайттары негізінен мемлекеттік сатып алулар бойынша үнемдеулермен байланысты. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов та «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының бюджеттік бөлігінің жылдық жоспары 100 пайызға дерлік игерілгенін айтты. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, ТКШ мен тұрғын үй құрылысын дамытуға, білім беру саласындағы инфрақұрылымды жүзеге асыру қаражаты толық көлемде пайдаланылған. Жергілікті деңгейде мемлекеттік бағдарлама қаражатын игеру де айтарлықтай жоғары, яғни 98,7 пайызды құрады. Сондай-ақ, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына қатысқан төлемшілерден бюджетке салық көлемінің өсімі байқалады. Олардың көлемі 2016 жылы 43,5 млрд теңгені құрады, бұл 2015 жылғыдан 1,4 есеге жоғары көрсеткіш.4,4 мың шақырым жол салынады
Сондай-ақ, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өз кезегінде 2017-2019 жылдары автожол саласында 1,7 трлн теңге сомасына ұзындығы 4,4 мың шақырым болатын 23 жобаны жүзеге асыру қарастырылғанын баяндады. Бөлінген қаражат есебінен 7 өтпелі жобада –Астана – Қарағанды, Орталық – Шығыс, Бейнеу – Ақтау, Орталық – Батыс, Қапшағай – Талдықорған, Астана – Петропавл және Орал – Каменка бағыттары бойынша жұмыстар жалғастырылады. Жыл қорытындысында 602 шақырым жолда жұмыстарды аяқтауды жоспарлауда. Республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен жалпы ұзындығы 1 мың шақырымнан асатын 8 жаңа жобаны бастау межеленіп отыр. Ұзындығы 2 184 шақырым болатын тағы 8 жобаны қаржыландыру халықаралық қаржы институттарының займдары есебінен қарастырылған.33,8 мың отбасы тұрғын үймен қамтылады
Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламада тұрғын үй құрылысы мәселелері де қарастырылған. 2016 жылы тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымына 400 млрд теңге бөлінген, ол жалға берілетін, несиеге берілетін және коммерциялық тұрғын үйлерді, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларын несиелендіруге бағытталды. Соның нәтижесінде 2016 жылы 8,3 мыңнан астам отбасы тұрғын үймен қамтылды. 2017 жылдың соңына дейін аталған қаражат есебінен қосымша 33,8 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Аталған мәселелер одан әрі де «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында жүзеге асырылады.
Тағы да игерілмеген қаржы «жыры»
Иә, министрлер баяндамасында мін болмағанымен, Қаржы министрі бағдарламаға бөлінген қаржыны толық игермеген облыстардың да барын тілге тиек еткен еді. Ал бұл мәселе бұған дейін кеңейтілген отырыста Елбасының да сынына ұшыраған. «Игерілмеген қаржы жыры» Үкімет басшысын да әбден ашуландырған сыңайлы. Премьер-Министр жалпы 2016 жылғы бағдарламалардың негізгі шаралары атқарылғанын айта келіп, сонымен қоса жыл қорытындысы бойынша белгілі бір игерілмеген қаражаттар бар екенін тағы еске салды. Үкімет басшысы министрлердің баяндамаларын тыңдап болған соң, облыс әкімдеріне жеке-жеке назар аударып, әрбір тиын бойынша жауап беруін талап етті. Сөйтіп, Ақмола облысының Бұланды ауданында инженерлік желілерді тартуға бөлінген 900 млн теңгенің не себепті игерілмей қалғанын облыс әкімі Сергей Кулагин түсіндіруге тырысты. Әкімнің сөзіне қарағанда, аталған қаржы жылдың соңында бөлінген. «Ақшаның жалпы сомасы – 1,1 млрд теңге. Ол ақшаны үш лотқа бөліп, конкурс өткіздік. Біріншісі – су құбырлары жүйесі, 411 млн теңге. Екінші лот – кәріз жүйелері, 300 млн теңге. Ал үшінші лот – ол энергетика. Бірінші лот бойынша конкурсты бірден өткізіп, қарашаның орта шенінде тиісті жұмыстарды бастадық. Екіншісі бойынша конкурсты екі рет өткіздік. Желтоқсан айында кәріз жүйесін тартуды бастадық. Ал үшінші лот бойынша конкурсты екі рет өткізсек те, қаржылық бақылау қызметі жұмысты бастауға жол бермеді», деген С.Кулагин ақшаның кеш бөлінгенін алға тартты. Бірақ Үкімет басшысы ондай жауапқа қанағаттанбағандай. «Негізі, қаржылық бақылау қызметі тексере ме, конкурсты уақытында өткізбеді ме, оның бәрі xалықтың мәселесі емес. Ең бастысы, ақша бөлінді, бірақ ол игерілмей қалды. Соның салдарынан xалыққа тиісті жағдай жасалмады. Бәлкім, аймақтар жылдың соңында ақша сұраса, оны мүлдем бермеген дұрыс болар. Жылдың аяғында миллиард теңге бөлудің қандай пайдасы бар? Бәрібір конкурстың өтпейтінін, бақылаушы органдардың тексеріс жасайтынын білеміз. Одан да келесі жылға қалдырайық», деді Б.Сағынтаев.«Ақшаны игере алмасаңдар, сұрамаңдар!»
Осыдан кейін Қостанай облысының әкімі Арxимед Мұхамбетов игерілмей қалған 300 млн теңге төңірегінде түсінік берді. Ол да басқалар сияқты қосымша қаржыны бөлгені үшін өз алғысын білдіріп, алдағы уақытта бюджет ақшасын уақытында игерілетінін жеткізуге тырысқан. Үкімет басшысы әкімнің әңгімесін төтесінен үзді. «Ақшаны игере алмасаңдар, онда оны мүлдем сұрамаңдар! Мұны барлығыңа айтып отырмын», деп ескертті Үкімет басшысы. 208 млн теңгені игере алмаған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов та, «игерілмегені» бар Қарағанды облысының әкімі Нұрмұxаммед Әбдібеков те ақталуға тырысқанмен Үкімет басшысынан «жақсы баға» ала алмады. Әкімдердің есебінен соң, Үкімет басшысы Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа да бір «ұрысып» алды. «Президент сізге ескерту жасады ғой. Қатаң талап қойыңыз», – деді Премьер-Министр. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев болса, игерілмей қалған 300 млн теңгені наурызға дейін қайтаруға уәде етті. Павлодар облысының әкімі де ақшаны қайтаруға дайын. Дегенмен, Үкімет басшысы ол екі әкімнің де «басынан сипай» қойған жоқ. «Жасағаныңыз дұрыс, қайтарғаныңыз одан да жақсы. Алайда игерген кезде заңға сәйкес игеру керек. Заң бұзушылық болмауы қажет», деді Үкімет басшысы.«Кім кінәлі?»
Б.Сағынтаев өткен жылдың қыркүйегінде Үкімет отырысында бағдарламалардың әкімшілеріне уақытылы игеру мен жобалардың қатаң бақылауда іске асырылуы туралы тапсырма бергенін еске салды. «Сондықтан да игерілмеудің негізгі себебі әкімдердің тарапынан тиісті бақылаудың болмауынан деп есептеймін. Тағы бір мәселе – бөлінген қаражатты жоспарлау сапасы мен игерудің мерзімі. Қаржыландырудың екі жылдық жоспарында едәуір көлем екінші жылдың соңына қойылған, сол себепті мұны қалай ретке келтіруге болатыны туралы ойлану керек. Сондай-ақ, игерілмеу қаупі бар шаралар бойынша қаражатты қайта бөлу ұсыныстарын енгізу қажет», деді Б.Сағынтаев. Сонымен қатар, Премьер-Министр министрлерге облыс әкімдерінің халыққа есеп беру кездесулеріне қатысу үшін өңірлерді аралау кезінде міндетті түрде «Нұрлы жол» бағдарламасының негізгі нысандарының құрылыс барысымен танысып, өз есептерінде сол туралы атап өтуді тапсырды. Үкімет отырысында қаралған екінші мәселе бойынша – Алматыда өткен 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада қорытындылары туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндады. Министр атап өткендей, Универсиада-2017-ге барлығы 57 елден 1 632 спортшы қатысқан. 3 000-нан астам ерікті үлес қосты. Универсиаданың барлық іс-шараларына 230 мыңнан астам билет сатылды. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Универсиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне уақытылы төлем жүргізуді тапсырды. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»