Қазақстандық шорт-трек шебері Абзал Әжіғалиев Минск қаласында өткен Әлем кубогы сынында 500 метрлік қашықтықта күміс жүлдеге ие болды. Біздің конькишіміз жарыс қорытындысында 34 433 ұпай жинады. Бірінші орынды 38 001 ұпаймен қытайлық Дацзин алса, мәре сызығын үшінші болып кескен венгр Шандор Лю Шаолиньнің еншісінде 33 774 ұпай болды.
Ал 1000 метрлік сында жерлесіміз Нұрберген Жұмағазиев 27 486 ұпаймен қола жүлдеге қол жеткізді. Бұл қашықтықта Шаоанг Лю (28 669) үздік шықса, француз Тибо Фоконне 27 517 ұпаймен екінші болып келді.
Айта кетейік, мұның алдында 500 метр қашықтықта біздің шорт-трекшілеріміз Денис Никиша мен Абзал Әжіғалиев, тиісінше алтын және күміс жүлде иегерлері атанған болатын.