• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
15 Ақпан, 2017

Халыққа жылу беру тұрақты, көше жарығы сөндірілмейді

435 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстан» газетінің 2017 жылғы қаңтар айының 30-ыншы жұлдызындағы санында журналист Раушан Нұғман­бекованың «Қалжыраған» қазандық, қалтыраған халық» атты мақаласы шыққан еді. Мақалада бас мердігер «Да­нияр и СЕК» ЖШС-нің жауапсыз­дығынан «35-інші квартал» және «Зооветинститут» қазандық­тарындағы кешіктірілген бірқа­тар жылу мәселесі туралы айтылған болатын. Қазіргі уақытта бұл қазандықтар толық жұмыс істеп тұр. Халық жылумен тұрақты қамтылған. Әрбір айтылған сын-ескерт­пе, көтерілген мәселе қала әкімі Ермак Сәлімовтің тікелей назарында. Мақалада айтылған қазандықтар Ертістің оң жағалауында орналасқан. Сол сияқты, сол жағалаудағы «Цементшілер кентін» де жылумен қамтамасыз ету мәселесі біраз уақыт бойы халықты мазалап келді. Аталған ауданға «РК-1» қазандығы қызмет көрсетеді. Алғашқы аяздар басталған кезде осы «РК-1»-дегі №1, 2 және № 3 қазандықтар жылу берген болатын. Дегенмен, тұрғындарға аталған жылу орталығының қажетті жылу мөлшері жетпе­гендіктен, қосымша жаңадан салынған №6 және №7 қазан­дықтар да көмек ретінде іске қосылды. Бүгінде «РК-1»-де 5 қазан­дық үзіліссіз әрі өте жақсы жұмыс істеп тұр деп халықты ел газеті «Егемен Қазақстан» арқылы қуантқымыз келеді. Және тағы бір қазандық қосалқы ретінде қосымша сақталуда. Қажет болып жатса ол да іске қосылады. «Цементшілер кентін» жылу энергиясымен қамтамасыз етуде қазір ешқандай қорқыныш, бөгет жоқ. Бірақ, тағы бір мәрте ескере кетер жайт, жекелеген пәтерлердегі құбырларды ретке келтіріп, үйдің ішіндегі жылу жүйесін, жылу құбырларын қалыпты жағдайда ұстау ПИК немесе өзін-өзі басқару ұйым­дары органдарының тікелей міндеті. Сондай-ақ, 2016 жылдың қараша айының 24-ші жұлдызынан бастап, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов «Facebook» әлеуметтік желісінде өз парақшасын ресми түрде ашты. Бүгінгі күні аталған желіге 245 азамат ұсыныс-пікірлері мен өтініш-тілектерін жолдап үлгерген. Соның ішінде түнгі көше жарығына да қатысты бірқатар мәселелер айтылыпты. Семейдің электр энергиясы, жарық проблемалары «Егемен Қазақстан» газетінде де көтерілген болатын. Соған орай жауабымыз, бүгінгі күні Семей қаласында қалалық ТҮКШ бөлімі қызмет көрсететін 7 мыңнан астам жарық көздері жұмыс істеп тұр. Бекітілген кестеге сәйкес, бұрын түнгі жарық беру қараңғы түскеннен түнгі 01.00-ге дейін, сосын таңғы 07.00-ден күн шыққанша берілетін. 28 қарашадан бастап, азаматтардың көптеген ұсыныстарына орай, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов шаһар көшелерін түнгі уақытта тұрақты жарықпен қамтамасыз етуді ұйғарды. Бұл шара 2017 жылдың бірінші тоқсаны бойына жалғасын таппақ. Енді, аталған шешімге сәйкес, көше жарығы сағат кешкі 17.00-ден таңғы 07.00-ге дейін үзіліссіз беріледі. Бір сөзбен айтқанда, Семейдің жылуы бұл күндері тұрақты, жарығы қалыпты. Халықтың әлеуметтік жағдайына алаңдаушылық танытқан «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымына рахметімізді айтып, ел игілігіне орай бірігіп еңбек ете берейік дегіміз келеді. Нұржан ЕСЕНЖОЛОВ, Семей қаласы әкімінің баспасөз хатшысы СЕМЕЙ
Соңғы жаңалықтар