Ақпанның аязды суық күндері облыс орталығындағы Ломов көшесі бойындағы су құбыры жарылып, сенбі-жексенбі күндері тағы да апатты жағдай орын алды. Пәтерлеріміз, сусыз, жарықсыз қалды. Қалалық әкімдік апатты бөліктерді судан ажыратып, кешке қарай апаттың алдын алу үшін қысым төмендетіліпті. Сонымен, 12 ақпан түні таңғы сағат 5-ке қарай су толық өшіріліп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. 13 ақпан күні қалаға су қайта жіберілді. Тағы да апат дейтініміз, Лермонтов пен Бірінші Май көшелерінің қиылысында кәріз жүйелерінің бітеліп қалуына байланысты өткен жылы қараша айында төтенше жағдай жарияланды. Апат салдарынан қаладағы 11 тұрғын үй, бірнеше әлеуметтік нысандар сусыз қалған-ды. Кәріз жүйесіндегі орталық коллектор 45 жыл бұрын іске қосылғандықтан, қолданыстан шығатын уақыты жеткен көрінеді. Былтыр құбырлар жарылып, қақаған қыста облыс орталығының 7,5 мың тұрғыны 5 күн суық пәтерлерде қалды.
Желілердегі кез келген ақаулықты апаттық жағдай деп танып, оны бір тәулік ішінде жою қажет. Құбырлар мен желілердің әбден тозығы жеткені жыл сайын айтылып келе жатқан мәселе. Бірақ, нақты іс жоқ.
Апат салдарынан қазір мектептерде сабақтар сағат 8-ден 10-ға дейін қысқартылған түрде өткізілуде. Балабақшалар жабық.
Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР