• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Ақпан, 2017

«Екі жұлдызда» ретро әндер әуеледі

684 рет
көрсетілді

Қостанайда бірінші рет «Екі жұлдыз» музыкалық фестивалі өтті. Оған 16 жұп әнші қатысты. Бұл облыстық ардагерлер кеңесінің 30 жылдық тойына арналған шаралардың бірі болатын. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Үкин бұл жобаны осыдан үш жыл бұрын рудныйлықтар бастағанын айтады. Алдымен оған қатысуға тілек білдіргендер екі-үшеуден аспапты, кейін олардың қатары көбейе түскен. – Рудный қаласының бастамасын біз де қолдап, Қостанай қалалық әкім­дігінің көмегімен фести­вальды бірігіп өткіздік, – дейді Кенжебек Үкіұлы. Фестиваль шарты бо­йын­ша сахнаға шығатын қос әншінің бірі ардагер, екіншісі жас әнші болды. Және олар орындайтын шығармалар кең тараған ретро немесе халық әндері болуы керек деген талап қойылды. Мысалы, рудныйлық ардагер Жақсылық Кәкенов пен мектеп оқушысы Әбілхайыр Қанафин орындаған «Надо мной небо синее» әні өткен ғасырдың 50-ші жылдары «Сүйікті біздің дәрігер» фильмі арқылы халық арасына кең жайылған еді. Әр жұп залды өз ерекшелігімен қуантты. Осы фестивальда ән шырқаған өнерпаздың барлығы дерлік облыста кең өріс алған ардагерлер хорына қатысады. Белгілі музыка мамандары жетекшілік ететін хорларда ардагерлер ән айту өнерін кәдімгідей меңгеріп алады. Сондықтан, сахнаға шық­қан жұптардың барлығы да көрермендер көңілінен шығып отырды. – Әттең, аккордеон болмады, бұдан да жандырып жіберер едік, – деп алақанын ысып қояды әнімен көрермендерді желпінтіп тастаған зейнеткер Иван Ерманов. Бәйгеде «бап шаба ма, бақ шаба ма?» деген ғой. Қазылар алқасы бас жүлдені украин халқының «Два кольера» әнін құйқылжыта орындаған Любовь Фролова мен Владимир Алексанинге лайық деп шешті. Бірінші орынды «Счастья тебе, Земля» әнін айтқан Светлана Обухова мен Әмина Жұмағалиеваға берді. Екінші орынды Жеңіс Қожахметов пен Мұрат Шахманов, үшінші орынды Бибігүл Ыбыраева мен Әнуар Қасқабасов бөлісті. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ