Кентау политехникалық колледжiнiң студенттерi робот құрастырып шығарды. Арнайы бағдарламалар арқылы қозғалатын робот алдындағы кедергiлерден кiдiрмей
өте алады. Лазерлi жарық арқылы жолының ашықтығын айқындап, бұрылатын бағытын белгiлейдi.
Құрылғылары шет елден алынған. Дегенмен, де, құрастыру, бағдарлама енгізу жұмыстарын оқу орнының жастары жүргiзген.
– Роботқа қандай бағдарламаны орнатсақ, соны орындайды. Тiптi, төбесiне камера қойып, видео түсiруге де мүмкiндiк бар. Видеоларды жазып алатын арнайы құрылғы флешкаға да орын қарастырылған. Әлi де қозғалу жүйелерiн, көрсететiн қызметiн жетiлдiре түсемiз. Бұл жастардың электротехника, физика, математика сабақтарына қызығушылығын арттырады, – дейдi колледждегi робототехника үйiрмесiнiң жетекшiсi Сергей Соловьев.
Оқу орнындағы тағы бір тосын жаңалық – үнемдегiш шамдардың құрастырылуы. Мұны да студенттер жасап шығарған. Қытайдан арнайы алдырылған қосымша құрылғыларды пайдаланған жастар теория жүзiнде алған бiлiмдерiн тәжiрибемен шыңдауда.
– Бұрын бiзде ескi шамдар тұрған. Шығын көп едi. Өзiмiздiң жастар құрастырған шамдар 5 есе үнем бередi. Колледждiң iшi-сыртындағы шамдардың барлығын да ауыстырып қойдық. Ендi Кентау трансформатор зауытындағы үлкен прожекторларды осы жүйеге көшiруге келiсiм жасап жатырмыз, – дейдi колледж директоры Талғат Андабай.
Қайрат ЗАЙНИШЕВ
Оңтүстік Қазақстан облысы