• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2017

Қардан мүсін жасаудың хас шебері

1494 рет
көрсетілді

Аппақ қардан жасалған мына мүсіндерді ауылдың қарапайым тұрғыны жасады дегенге сенесіз бе? Құдды, кәсіби мүсіншінің қолынан шыққандай. Бұл тамаша туындылардың авторы Нұрлан Манақов Семейден 55 шақырым жердегі, Бородулиха ауданына қарасты Камышенка деген ауылда тұрады. Бүгінде ауыл жұртының қызыға тамашалап, суретке түсе­тін сүйікті орнына айналған мүсіндердің жасалу тарихы да қызық. − Бұл мүсіндерді негізі немереме арнап жасаған едім. Екі жарым жастағы немерем: «Ата, аю жасап берші» деп қиыл­ды бір күні. Немереден неңді аяйсың? «Ойбай-ау, сен үшін бүкіл Алматының зоопаркін көшіріп әкелуге дайынмын ғой, құлыным!» деп үйдің алдына Аяз атасын, аюын, арыстанын, маймылын, әтешін жасап бердім. Қазір ауылдың үлкен-кішісінің бәрі осында келіп фотоға түседі. Қызық нәрсе екен бұл өзі, − дейді алтын қолды азамат. Ауылдың көркіне айналған қар мүсіндерді көргеннен кейін қызығушылар қатары артып, «бізге де жасап беріңіз» деушілер көбейіп, тапсырыс қарша борапты. Алайда, кезінде спортты, оның ішінде грек-рим күресін жанына серік етіп, бүгінде жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүрген кейіпкеріміз бұған уақытының жоқтығын, қардан мүсін жасауға әуестік ретінде қарайтынын айтады. Тарбағатай ауданының тума­сы кезінде Ақсуатта тұрған ша­ғында ауыл балаларымен бірге мұз айдынын жасап, қырдың қара до­малақтарымен бірге асыр салып, мәз-мәйрам күй кешкен сәт­терін де сағынышпен еске алды. − Сырттан көз салған адамға білінбеуі мүмкін. Бірақ ақ қар, көк мұздан келістіріп мүсін жа­сау дегеніңіз ғажап нәрсе. Дү­ниенің барлығын ұмытып, кә­дімгідей терлеп-тепшіп, ебіл-дебілің шығып жұмыс істейсің. Бойың жеңілдеп, бір рахаттанып қаласың. Ақындар жалындатып жыр жазып, әншілер әуелете ән шырқап, күйшілер күмбірлете күй шертіп өзінше шер тарқатады. Демалады. Біреулер атқа мініп, тазы жүгіртіп, енді біреулер құс салып тынығады. Әркімнің өзінің әуестігі бар ғой. Бұл да сондай дүние, − дейді Нұрлан Манақов. Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы
Соңғы жаңалықтар