Синоптиктердің мәлімдеуінше, қаңтар айында жауған ақ ұлпаның қалыңдығы 45 сантиметрге жеткен. Бұл – өткен жылға қарағанда 15 сантиметрге қалың деген сөз. Ақпан, наурыз айларында қардың түсуі нормадағыдан мол болады деп күтілуде. Ал солтүстікқазақстандықтар былтырғы тасқынның салған әлегі мен тудырған дүрбелеңін әлі ұмыта қойған жоқ.
оңғы ширек ғасырда болмаған зардаптың орын алуы салдарынан 400-ден астам үй мен 35 елді мекен қызыл су астында қалып, 1,3 миллиард теңге шығын келген болатын. Осы жағы сабақ болды ма, әлде қардың қалың жауғанын ескерді ме, тиісті орындар сақтық шараларына алдын ала кірісіп, тас-түйін дайындық жұмыстарына жұмыла кірісіп кеткен. Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық комиссия отырысында биылғы су тасқынының мал-жанға ерекше қатер төндіретіні айтылып, бейқам қалмау жағы қатаң ескертілді.
Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысының орынбасары Ерік Сарыбаев берген мәліметтерге сүйенсек, Петропавл қаласы, Есіл, Тайынша, Аққайың
аудандары ерекше қауіпті аймақтарға жатқызылған. 95 елді мекенді су басу қаупі бар. Ол жерлерде 1,5 мыңнан астам тұрғын үй орналасқан. 4,7 мыңдай адам тұрады. Сонымен қатар, ұзындығы 50 шақырым болатын 153 автомобиль және темір жол учаскелеріне де қатер келтіруі мүмкін.
Қазіргі уақытта су тасқынының алдын алу шаралары жан-жақты ойластырылған. Бұған дәлел ретінде, 70 елді мекенді тасқыннан қорғау бойынша инженерлік жұмыстар аяқталып, жол-көлік инфрақұрылымдары мен гидротехникалық құрылғылар орнатылғанын айтуға болады. Тұрғындарды басқа аймақтарға көшіру, жатын орындармен қамтамасыз ету мәселелері жіті қарастырылған.
Облыс орталығында арнайы штаб құрылып, алдын ала дайындалған іс-жоспар бойынша әрекет ететін болады. Су тасқынының алдын алу мақсатымен жергілікті қазынадан 270 миллион теңге бөлініп, жарты миллион текше метр қар сыртқа шығарылған. Жылда қарғын су үлкен әбігерге салатын Жұмысшы, Заречный, Береке, Ойқала шағын аудандары қала әкімінің тікелей бақылауына алынған.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы