• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2017

Мәңгілік мәселе

555 рет
көрсетілді

Арамызда қазақ тілінің түйткіл­де­рін айтса тыжырынып ұнатпай қа­­ла­тындар жоқ емес. Олардың уә­жі: «Жамал апам Алтайды ай­та-айта қартайды» демекші, қа­зақ тілінің бітіп болмайтын мә­се­лесін са­ғыздай созып айта берген­нен мүй­із шыға ма, әбден мезі қы­лып біт­ті ғой, тегі?!» дейді. Б­ұ­лай ойлау, жұқалап айтқанда, жа­ны ашы­мас­тың ісі. Ал жаны ашы­мас­тар­дың қа­­сында басыңды ауыртып бе­реке тап­­пайтының және белгілі. Талай өткелектен өтіп, енді ғана ес жиып, етегін жапқан қазақ тұрмақ, төрт құбыласы түгел Ресей, Қытай сияқты елдердің өзінде де мемлекеттің негізгі тілінің мәселесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Түспейді де. Дүйім дүниеге сөзін сөйлетіп, тілін сайратып қойған солар сөйткенде, тіліміздің қолданыс аясы қожырап, екі ауыз сөздің басын қоса алмай қа­зақшамыз божырап тұрған біздің ар­қа­ны кеңге салғанымыз жөн бола қояр ма екен? Міне, нақ осы жағдайды білгендіктен де Елбасымыз Қазақстан хал­қына биылғы Жолдауында: «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді» деп нақтылай қадап айтты. Иә, тіл мәселесі айтыла бермек. Және ол айтыла бергеннен ешкім зи­ян шекпейді, ал насихат сөзді ха­лық­­тың көкірегіне құя бергеннің пайда­сы болмай тұрмайды. Осы арада қа­зақ әдебиетінің алыптар тобының өк­шесін басқан абыз классигі Ғабит Мү­сіреповтің: «Ана тілі дегеніміз – сол тіл­ді жасаған, жасап келе жатқан ха­лық­­тың мәңгілігінің мәңгілік мә­селесі» деген ғибратты сөзі тіл ұшына оралады. Кеңестік кер заманда көлтектемей ай­тылған осынау Ғабең ғибраты «Мәң­гі­лік Ел» мұратын алға тартқан бү­­гінгі жаң­ғырған қазақ ұлтының мақ­сат-ті­легімен үндесіп те, үйлесіп те тұр­ға­ны қандай ғанибет десеңізші! Иә, қа­зақ­тың ғана емес, қай ұлттың болсын тіл мәселесі мәңгілік. Ол бір кездегі са­на­­мызды сарсытқан тоқсандық, бір жы­л­­дық, бес жылдық жоспарлармен біт­­пейді һәм шектелмейді. Ұлт жасап тұр­­ғанда тіл мәселесі күн тәртібінен түс­­пек емес. Бұл дегеніміз – таңның атуындай табиғи нәрсе. Ана тілінің Отан, Туған ел, Халық ұғымдарына теңдес тарихи категория екендігі ел басына күн туған ауыр сын шақтарында жанға батып сезілетіні бар. Ормандай еліне қауіп төнген 42-нің қаһарлы қысында орыс ақыны Анна Ахматованың күңіренген кекті кеу­де­сінен мынадай қайсар жыр жолдары құйылып еді: Қаусап қала, қаусап пана, қаусап бақ, Қара ормансыз, шаңырақсыз қалсақ та, Орыс сөзі, сені сақтап қалармыз, Қалмаспыз біз бас сауғалап, жан сақтап. Ана тіліне басқа ешнәрсені тең­гер­­ме­ген Ахматова орыс тілінің құр­бан­ды­ғына шалынып өлуге бар еді, бірақ орыс тілі жер бетінен жоғалады дегенге се­нуге жоқ еді. Ұлы ақын орыстың тілі аман сақталса, елі де жасай беретініне кә­міл сенді. Ол да өз ана тілін орыс елі­нің мәңгілігінің мәселесіне айналдыр­ды. Қазақ сатирасының сардары Оспанхан Әубәкіров кезінде «Ңөң» де­ген өлең жариялап, тіліміздегі қазақи ды­быстарды жан сала қорғағаны да есі­мізде. Осағаң әулие екен, ғ, қ, ң, ә, ө, ұ, ү сынды төл дыбыстарымызды айта алмаушылар, оларды айтудан басын алып қашушылар бүгінде көбейіп барады. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» дегендей, өз көмекшілеріне сөйлейтін сөзін дай­ын­датқанда жаңағыдай қазаққа тән ды­быстардың мүлдем болмауын талап ететін дүлей бастықтар пайда бо­­ла бастады. Мемлекеттік қызметте жүр­­ген әп-әдемі қыз-жігіттеріміздің тіл­­бұ­зар­лығын көргенде қарнымыз аша­тыны рас. Әлде, Қадыр ақын айтқан ана тілді ар­ға балайтын ұят­тың аздығынан ба екен бұл? Академик Асқар Жұмаділдаев қа­зақ тілін ғылымға енгізу керек дей­­ді. Академик Сейіт Қасқабасов БҰҰ­ төріне озған тілімізді саясаттан, дипломатиялық қатынастардан көр­гіс­і келеді, шетке шыққан деле­га­ция­ла­рымыздың орыс тілінде сөйлегеніне қын­жылады. Олар сол елге Қазақ елі­нің атынан барып тұр ғой, ендеше, қазақ тілінде неге сөйлемейді дейді. Ел президенттігіне үміткерлердің өзі мем­лекеттік тілді білу жөнінен ем­ти­хан тапсырып жатқанда, бұл та­лапты мем­лекеттік қызметке қа­был­да­ну­шы­лар­ға неге қолданбаймыз дейді. Иә, айта берсе, қазақ тілінің мәс­е­лесі жетерлік. Түптің түбінде тілдің барлық түйткілдері шешім табатынына да сенеміз. Ойымызды тағы да Ғабит Мүсірепов сөзімен әдіптесек: «Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады». Ал тіл сын­ды мәңгілік мәселеде туған хал­қы­ның өгей ұлы атанғыңыз келетін қай­сыңыз барсыз, ағайын, айтыңызшы, қане?!

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан»