• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2017

Ел жаңғыруы елорда дамуымен астасып жатыр

363 рет
көрсетілді

Кеше елорда әкімі Әсет Исекешев тұрғындар алдында есеп берді. Жиынға барлық басқармалар мен ведомстволар басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес өкілдері, коммуналдық қызметтер жетекшілері қатысты. Қала басшысы алдымен өткен жылғы негізгі экономикалық көрсеткіштерге тоқталып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасын іске асыру барысы, шағын және орта бизнесті қолдау, технологиялық индустрияландыру шаралары туралы айтып берді.

Жұмыссыздық деңгейі ең төменгі көрсеткіште

«Президент биыл да халыққа Жолдауын жария етіп, тәуелсіз мемлекетіміздің үшінші жаңғыртуға аяқ басқанын мәлімдеді. Маңызды құжат бізге жаңа бағыт беріп, жос­парымызды айқындады. Әрине, олардың барлығы Астананың бүгінгі дамуымен түгелдей астасады», деген Ә.Исекешев бас шаһар Еуразия кеңістігіндегі маңызды орталыққа айналуы тиістігін айтты. Әкімдік аса өзекті өтініштерді құрылымдап, мәселелерді шешу үшін алдағы үш жылға нақты шаралар кешенін әзірлеген. «Біз қаланың әр ауданына егжей-тегжей талдау жүргіздік. «109», «Әкім­діктің бірыңғай электронды өті­ніштер жүйесін» талдадық. Әлеу­меттік нысандарды аралауда, аудан әкімдерінің халықпен есептік кез­десулерінде, ашық есік күндері жә­не «Нұр Отан» партиясы филиалы шараларында маған 50 мыңнан аса сұрақ, өтініш түсті», деді қала әкімі. Ә.Исекешев қала халқын жұ­мыс­пен қамту және әлеуметтік қор­ғау мәселелеріне тоқталды. Бү­гін­де әкімдік атаулы төлемдердің отыз­дан аса түрін жүзеге асырады. Олар: қоғамдық көлікте жеңіл­дікпен жүру, тұрғын үй көмегі, мүге­дектерді әлеуметтік қолдау. Қала­да 19 мыңға жуық жаңа жұмыс ор­ны құрылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға төмендеген. «526 автобус мүгедектерді мінгізіп, түсіруге арнайы жарақталған, 956 аялдама бекеті едені төмен қо­ғам­дық көлік үшін бейімделген», деді қала басшысы.

Балабақшамен қамту – басты назарда

Әкімнің айтуынша, былтыр 79 мектепке дейінгі білім беру мекемесі пайдалануға тапсырылған. Оның 3-уі – мемлекеттік балабақша, 44-і – жекеменшік, 32-сі – шағын орталық. 46 мыңнан аса бала балабақшамен қамтылған. 1 қаңтардағы жағдай бо­йынша, мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне кезекте тұрғандар саны – 33 240 бала. «Биыл әкімдік мемлекет-жекеменшік әріптестігі шең­берінде 720 орындық 3 бала­бақшаны, 480 орындық 2 мем­лекеттік балабақшаны пайдалануға тапсырады», деген Ә.Исекешев қаңтар айынан бастап мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне жолдамаларды автоматты түрде беру жүйесін енгізу жұмыстары жүріп жатқанын, жекеменшік ба­ла­­бақ­шаларға жолдамалар беру қанат­қақты режімде іске қосыл­ғанын айтты. Әкім «Бірыңғай медициналық ақпараттық Call-орталық» жобасы іске қосылғанын хабарлады. «Биыл бұл қызмет тәулік бойғы жұ­мыс кестесіне көшті. Енді азамат­тар «103» бірыңғай нөмірі арқылы денсаулық сақтау бойынша барлық сұрақтарына жауап алып, дәрігерге жазыла алады», деді қала басшысы. Ол пациенттің бірыңғай электронды медициналық картасын енгізу жобасы қанатқақты режімде пысықталғанын да жеткізді. Бұл халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыруға жә­не көптеген емханаларда қағаз құ­жат айналымын алып тастауға мүм­кіндік берді. Ә.Исекешев халықты баспанамен қамтудың өткір мәселелерін түсіндірді. 1 қаңтардағы жағдай бойынша үй алу кезегінде 44 мың адам тұр. Оның 6 мыңнан астамы өт­кен жылы тіркелген. «Былтыр тұр­ғын үй бағдарламалары шең­берін­де 603 пәтер берілген. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2021 жылға дейін 40 мың пәтер тапсырылмақ.

«Әкім ел ішін аралауы керек»

Есептің екінші бөлігінде екі мыңға тарта тұрғын әкімге алаң­дат­қан мәселелері бойынша сұрақ­тарын қойды. Осы сәтте алғаш рет әкімдіктің Фейсбук әлеу­меттік желісіндегі ресми парақ­шасында тікелей онлайн-транс­ля­ция жүрді. Л.Н.Гумилев атын­дағы Еу­разия ұлттық және С.Сей­фул­лин атындағы Қазақ агро­техни­ка­лық университеттері базаларында орнатылған онлайн-байланыс арқылы жүзден аса адам Ә.Исекешевке сауалдарын жол­дады. Сонымен қатар, концерт залдың холлында халықпен кері бай­­ла­ныстың тиімділігін арт­тыруға ба­­ғыт­талған «Белсенді аза­мат» ак­циясы өтті. Бұған қоса, тұр­ғын­­дар­дан жазбаша өтініштер қабыл­данды. Халық негізінен ПИК жұмысы, баспанамен қамту, денсаулық сақтау, білім беру, көлік және ин­фрақұрылым бойынша сұрақ­тар қойды. Олар көтерген мәсе­ле­лер жауапты құрылымдық меке­мелер­дің ерекше бақылауына алын­ды, түсініктемелер беріліп, шешу жолдары қаралды. Мәселен, елор­да тұрғындарының бірі перзент­ха­на­дағы орын тапшылығын сөз етсе, 75 жастағы астаналық ақсақал Ә.Исе­кешевке қала ішін аралап жүруді дағдыға айналдыруды сұрады. Жарыссөзде астаналық әйел дәрі-дәрмектің қымбаттығын айтып шағымданды. «Оны мүмкіндігі шектеулі жандардың сатып алуына жағдайлары жете бермейді», деген оған бұл мәселе қалалық мәслихатта қаралып жатқанын жеткізді. Жиын барысында әкімнің жұмысына оң баға бергендер өз тілектерін де білдіріп жатты. Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан Омаров, «Егемен Қазақстан»