• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2017

«Көк кит» көп тіл білетін сияқты

505 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облысында үш миллионға жуық халық тұрса, негізін жергілікті ұлт құрайды. Облыстың бірқатар аудандарында өзге ұлттың өкілдерін емге іздесеңіз де таппайсыз. Ресейде «Көк кит» деген сойқан ойын басталғанда бір әріптесіміз әлеу­меттік желіге «Көк кит» орысша білмейтіндерге қорқынышты емес екен» деп әзілдеп жазған. Олай емес екен. Талай жасөспірімді аздаған уақыттың ішінде өзіне қол жұмсауға апарған жантүршігерлік ойын Оңтүстік жастарына да жетіпті. Жақында қалалық білім басшылығы мен ата-аналар жиынында облыс прокуроры бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Хали Маматаев мынадай дерек келтірді. Соңғы бір аптада 8 жасөспірім мен кәмелет жасына толған бір тұрғынның туыстары ішкі істер органдарына көмек сұрап, арызданғанын айтты. Олардың айтуынша, балаларына түнде белгісіз біреулер қоңырау шалып, «Көк кит» ойынын ойнауға үгіттеген. – Бізге белгілі болғандай, жасөс­пірімдердің ұялы телефондарына қоңырау шалып, оларды қорқытып, ойынға үгіттегендер қа­зақ тілінде хабар­ласқан. Оларға «ойнамасаң сенің әпкеңді, ағаңды не болмаса басқа да туысыңды өлтіріп кетеміз» деп қорқытқан. Осыған орай, облыстық Ішкі істер департаментінің білікті мамандарынан арнайы топ құрылды. Хабарласқандарды іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, аталмыш 9 дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 105-бабы 3-тармағымен іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Осы жерде тағы бір ескерте кететін мәселе, күдікті тұлғалардың кінәлары дәлелденсе, олар 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылады. Мұндай әрекеттерге жол бергендер қатаң жазаланады, – деді ол. Ата-аналар мен білім бөлімінің басшылары бас қосқан жиында сақтық шаралары жайында ұсыныстар айтылды. Солардың бірі – жасөспірімдердің қолындағы қым­бат смартфондарды қарапайым байланыс құралдарына ауыстыру. Білім бөлімінің басшылары да осы ұсынысты қолдап отыр. Енді мектепте жас жеткіншектерге смартфон ұстауға тыйым салынады. Бұл бір жағынан баланың құқын шектеу сияқты көрінгенімен, олардың өмірін сақтап қалудан маңызды емес. Смартфонды тәркілеу бар мәселені шешпейді. Ендігі мәселе, ата-аналар мен ұстаздардың жиі бас қосып, осы індетпен күресуде жүйелі жұмыс жүргізе алуында болып отыр. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»