Азамат басындағы абырой мен атақ, бедел мен бақ туған еліне сіңірген адал еңбек арқылы келеді десек, бұл күнде Бас әскери прокурор, әділет генерал-лейтенанты Ерғали Мерзадиновтің өнегелі өмірі, Отанға қызмет ету жолдары осының айқын дәлелі болмақ. Оның заң саласында үздіксіз, абыройлы еңбек етіп келе жатқанына 35 жылдың жүзі болыпты.
Е.Мерзадинов ҚазМУ-дің жолдамасымен еңбек жолын Алматының сол тұстағы Калинин аудандық прокуратурасында тәлімгер болып бастады. Жас жігіттің университет қабырғасында жүріп құқықтық заңнамаларды жан-жақты меңгергені жұмысқа алғашқы құлшына кіріскен күннен-ақ байқалды. Тындырымды жігіт біршама тәжірибе жинап, ысыла келе құқықтық қадағалау ісінің қыр-сырын тез меңгеріп алды. Осы жерде аға тергеушілік қызметке дейін өсті. Барлық тапсырылған міндетті мүлтіксіз орындап, заңнамалық анықтамаларды сауаттылықпен және біліктілікпен жаза білетін, ойын орамды етіп жеткізе алатын, оның үстіне, заңдылық тұрғысынан орнықты ұсыныс, тыңғылықты кеңес беруге қабілетті маман 1986 жылы Қазақ КСР Бас прокуратурасы тергеу басқармасының прокуроры болып тағайындалса, 1991 жылы аса қауіпті қылмыстарды тергеу бөлімі бастығының орынбасарлығына көтерілді.
Тәуелсіздіктің ақ таңы арайлап атқан кезде Ерғали Серікбайұлының елдік мұратты асқақтату жолында бар болмысымен беріле қызмет еткенін анық көруге болады. Ол 1991-1992 жылдары Қазақ көлік прокуратурасының тергеу басқармасы бастығының орынбасары, 1992-1994 жылдары Алматы қаласы Совет ауданының, 1994-1996 жылдары Алматы қалалық прокурорының бірінші орынбасары, 1996-1997 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының, 1997-2001 жылдары Алматы қаласының, 2001-2002 жылдары Қарағанды облысының прокуроры сынды аса жауапты қызметтер атқарып, егемен мемлекетіміздің заңдылық тұрғыда нығаюына зор үлес қосты.
Жауапты қызметпен ғылымды да қоса алып жүрді. Ол 2001 жылы заң ғылымдарының докторы, академик Ғ.С.Сапарғалиевтің жетекшілігімен «Адам мен азамат құқықтарының сақталуына прокурорлық қадағалау жүргізу жұмысындағы конституциялық-құқықтық мәселелер» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Ал 2002 жылдың ақпанында еліміздің Ішкі істер вице-министрі болып тағайындалды. 2004 жылы мамырда Астана қаласының прокуроры, бір жылдан соң Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары болып тағайындалса, 2009 жылдың мамырынан бері еліміздің Бас әскери прокуроры болып жемісті қызмет атқарып келеді.
Әділет генерал-лейтенанты Е.Мерзадиновтің қазақстандық құқықтық жүйеде алар орны, қоғам өміріндегі сіңіріп келе жатқан еңбегі өз алдына бөлек әңгіме.
Оның бастамасымен Бас әскери прокуратураның Астанаға көшірілуі қамтамасыз етілді, әскери прокурорлардың жұмыс тәсілдері мен әдістері жетілдірілді, қадағалау функ-
циялары, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық салада күшейтілді, прокуратура органдарына тергеу құқығының берілуіне байланысты тергеу аппараты құрылды. Сондай-ақ, әскери прокурорлардың күш-жігері құқық бұзушылықтың алдын алуға және мемлекеттің қорғаныс әлеуетін нығайту мен сақтауға, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жүйесін дамытуға ықпалын тигізетін басқа да өзекті жобаларға бағытталды.
Осы жылдары Бас әскери прокуратура Әзербайжан, Беларусь, Венгрия, Ресей, Украина және Қытайдың әскери прокуратураларымен ынтымақтастық орнатты. Осының негізінде қазір мамандарды шет елдерде оқыту жүзеге асырылуда. Енді, міне, бүгінде осындай атқарылған зор жұмыстардың арқасында Қазақстанның әскери прокуратурасы алға қойылған міндеттерді табысты әрі мүлтіксіз орындап отырған дербес құқық қорғау органы болып табылады.
Ерекеңнің көп жылғы адал еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Құқық қорғау саласындағы еңбегі ескеріліп І және ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, «Прокуратураның құрметті қызметкері», «Ішкі істер саласының еңбек сіңірген қызметкері» атақтарымен, сондай-ақ, көптеген мерекелік медальдармен марапатталды. 2013 жылы Елбасының қолынан әділет генерал-лейтенант жоғары әскери шенін алды.
Бүгінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне де әскери прокуратураның терең мән берген жайы бар. Бас әскери прокурордың бастамасымен елордадағы бірқатар мектептер және туған ауылында «Әскери прокуратураның кадет сыныптары» жұмыс істеп тұр. Мұнан әрі де бұл жұмыстар қанатын кеңге жая бермек. Өйткені, әр адамның туған жері – құтты мекені ғой. Ерекең қай қиянда жүрсе де туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін, перзенттік алғысын білдіру мен ауылдастарына қамқорлық жасауды ұмытпайды. Оның туған өңірінің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі де айтарлықтай. Бұған нақты дәлел бар. Ол жыл сайын туған ауылының мектебінде жеке қаражатынан «Үздік оқушы» және «Үздік ұстаз» аталымдары бойынша екі стипендия тағайындап келеді. Аудан бойынша да спорт ісін жандандыру, өркендету жолында небір жаңа бастамалар көтеріп, ізгі істер-
ді жүзеге асырды. Оның тікелей қолдауымен Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданында «Мақтаарал» футбол командасы құрылып, бүгінде бұл спорт командасы ел чемпионатында үздік ойын үлгісін көрсетіп жүр.
Жалпы, қазақ – бақытты халық. Мың өліп, мың тірілсе де тоз-тозы шығып тозған жоқ. Қайта өзін жақсы ісімен дәлелдеп, қазақ атын әлемге әйгіледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтай ерен ердің бастауымен бір тудың астында жиналып, тату-тәтті өмір сүрудің, жасампаз өмірдің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Сол егемендіктің ақ уығын көтерісіп, елдік деңгейдегі биік мансапты арқалап, құқық ісіне бір азаматтай үлес қосып жүрген алғадай ер азаматтың бірі, бірі емес-ау, бірегейі Е.Мерзадинов екендігінде сөз жоқ. Осы орайда, айта кететін бір жайт – 17 ақпанда Қазақстан әскери прокуратурасының құрылғанына да ширек ғасыр толмақшы. Өткен мерзім ішінде әділдіктің ақ туын ұстаған әскери прокурорларымыздың ел дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз десек, шындықтан еш алшақ кетпейміз.
Абай ТАСБОЛАТОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты