Тәуелсіздіктің ширек ғасырында Қазақстан өзінің сыртқы саясаттағы бейбіт ұстанымын әлемдік қоғамдастыққа мойындатып, өзге мемлекеттермен тең дәрежеде қатынас орнатқан ел екендігін дәлелдеді деуге толық негіз бар. Бүгінде әлемнің жетпістен астам мемлекетінде еліміздің дипломатиялық миссиясы жұмыс істейді. Ресей, Қытай сынды іргелес орналасқан алып державалармен арада стратегиялық ынтымақтастыққа қол жеткіздік. Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастық ең жоғары деңгейде. Осы орайда, Қазақстан Республикасының 2014-2020 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасы табысты жүзеге асырылып жатқанын атап өткен жөн. Бұл Тұжырымдамада Орталық Азия мемлекеттерімен қатынас орнату туралы да жан-жақты көрсетілген. Алдағы бірнеше жылда мемлекет басшыларының кездесулерін өткізу, сауда-экономикалық, әскери техникалық, мәдени, рухани қарым-қатынастарды арттыру және нығайту жоспарланған. Қазақстан бүгінгі таңда қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу, саяси үнқатысу жөніндегі аса ірі халықаралық ұйымдардың мүшесі болып табылады. Атап айтар болсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің мүшесі, «Орталық Азия – Жапония» диалогы, Орталық Азия – Корея Республикасы», «Орталық Азия – ЕО» диалогтарына, Орталық Азия елдерінің экономикасына арналған БҰҰ арнайы бағдарламасына қатысушы. Құрамына он мемлекет кіретін Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына қатысушы елдердің біріміз. Алдағы уақытта Орталық Азия елдерінің Ауғанстанмен арадағы қатынастарын дамыту үшін Халықаралық қатынастар агенттігін құру жоспарланып отыр. Қазақстанның бастамасы бойынша өзара үнқатысу өткізу алаңы әзірленуде. С5-1 деп аталатын үнқатысу алаңы аймақтағы 5 мемлекетті жаһандық экономикалық үдерістерге ықпалдастыру үшін тұрақты түрде пікір алмасу, үнқатысу жұмыстарын үйлестіруге тиіс. Бәрімізге мәлім, ЕурАзЭҚ-тың жұмыс жоспары 2024 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Осы ұйымның аясында экономикалық мәселелер бойынша жүзден астам құжат қабылданып, тиісті жұмыстар жасалып жатыр. Соңғы бірнеше жыл ішінде Қазақстан Президентінің жеке бастамасымен басқа да көптеген халықаралық келісімдер қабылданып, түрлі бағытта жұмыстар жолға қойылды. Жалпы, біздің еліміз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ өте қысқа мерзім ішінде сыртқы саясатта оң имидж қалыптастырды деп санаймын. 1992 жылы БҰҰ мүшелігіне қабылдануымыз сырты саясаттағы дұрыс ұстаным мен көреген шешімдердің толымды нәтижесі болды. Содан бергі аралықта еліміз БҰҰ Жарғысы бойынша өзіне қабылдаған міндеттемелерді мүлтіксіз орындап, Ұйымның қызметіне лайықты үлес қосып келе жатыр. Еліміз Жалпыға ортақ адам құқығы декларациясында бекітілген басымдықтарды тани отырып, дүниежүзілік қоғамдастыққа лайықты қосылды. Жаһандық экономиканың айнымас бөлігіне айналды. Ол үшін еліміздің экономикалық әлеуеті де, табиғи ресурсы да, нарық талаптарына сай экономикалық құрылымдары да жеткілікті болатын. Жалпы, Қазақстанның маңдайына Азия мен Еуропаның, Батыс пен Шығыстың арасында ұлы мәдениеттің алтын көпірі болу миссиясы жазылған. Еліміз БҰҰ-ға қабылданған жылдардың ішінде осы миссияны абыроймен орындап келе жатыр. Отанымыз өзінің бейбітшілікке негізделген сыртқы саясатын жүргізіп, барлық мемлекеттермен арадағы қатынастарын халықаралық құқық қағидаттары негізінде жүзеге асырады. Өткен жылдың маусым айында Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланғаны белгілі. Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде Бас Ассамблеяда өткен дауыс беру рәсімінде 193 мемлекеттің 138-інің қолдауына ие болған Қазақстан осы мәртебелі міндетті атқаратын болып шешілді. Бұл – еліміздің әлемдік қоғамдастық тарапынан мойындалғанының айқын бір көрінісі. Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде бірінші болып сайланғанын ескерсек, мұны Қазақстанның сыртқы саясаттағы үлкен жеңісі деуге болады. Мұндай пікір білдіріп отырған біз емес, халықаралық сарапшылар, дипломаттар, көптеген мемлекеттердің көшбасшылары.
Еңлік НҰРҒАЛИЕВА,
заң ғылымдарының докторы