• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
22 Ақпан, 2017

Ерлік есеппен жасалмайды

266 рет
көрсетілді

Бізге кейде басқалардың өмірі үшін өз басын бәйгеге тіге алатын көз­сіз батырлардың заманы өтіп кет­кендей көрінетіні бар. Бірақ толғауы тоқсан тіршіліктегі толып жатқан тосын оқиғалар осы ойымызды теріс­ке шығаратын кездер де жиі кез­деседі. Апат жағдайындағы адам толы әуе кемесін асқан шеберлікпен аман-есен қондырған ұшқыш, қарама­ғын­дағы сарбаздарға төтелей төнген қауіп-қатердің бетін қайтару үшін жарылған гранатаны кеудесімен жапқан командир, отқа оранған үйдің тұрғындарын құтқару мақсатымен тілсіз жаумен арпалысқан өрт сөн­діруші секілді күнде қасымызда жүр­ген қарапайым қаһармандар қандай құр­метке де лайық. Сыналар сәтте сыр бермеген сондай сойы бөлек аза­мат­тардың қатарына жақында ғана жан­қияр­лықпен ерлік жасаған павлодарлық полицейлерді қоссақ, қателесе қоймаспыз. Ақпан айының 17-сі күні облыс орталығында өтетін жас шах­мат­шылар жарысына баратын баянауыл­дық балалар мен олардың жаттық­тыру­шылары отырған автобус жүйт­кіп келе жатты. Жол ұзақ, әркім өз ойымен әлек. Сірә, алда болатын шаршы тақтадағы шайқастар сана­ға әлден салмақ түсіретін секілді. Анда-санда жандарындағы ағай­лары­нан әлденелерді сұрап қояды. Кейбіреулері алаңсыз ұйқыға кеткен. Қаперлеріне ештеңе кірер емес. Кенет тарс еткен қорқынышты дыбыс шықты да алдыңғы жақта отырғандардың бірі үрейлі үнмен шыңғырып жіберді. Терезелер быт-шыт болып, жоғарыдағы сөреде тұрған сөмкелер төменге құлады. Ащы айғай мен жылап-сықтаған дауыстардан құлақ тұнды. Бастапқыда балалар не болып, не қойғанын түсінбей қалды. Өздерінің өлім аузынан қалғандарын кейін білді. Апат айтып келмейтіні аян. Бұл жолы да солай болды. Автобусты бастап алып келе жатқан патрульдік автомашинадағы Баянауыл аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері Мұрат Нұрпейісов пен Баянбек Жү­нісов­тің де ойында ешқандай қауіп жоқ еді. Жерлес жеткіншектерді Па­­в­ло­дарға жеткізіп тастап, кері қайт­пақ. Қалқаман ауылының тұсына ілін­генде рульде отырған Мұрат қарсы ал­дарынан жақындап қалған «КамАЗ»-ды көрді. Алғашында абдырағанмен бо­йын тез жинап үлгерді. Жүз күдік жаулаған сана­сында жалғыз үміт жалт етті. «Ауыр соққыны өзімізге алсақ, автобус­тағы­лар аман қалады. Тәуекел...». Жанындағы Баян­бек­тің жанарынан да осы ойды оқыды. Қорқынышты жеңген қос қыран сөйтіп мінген көліктерін сол сәтте жаналғыштай көрінген дөңгелекті дүлейдің алдына кесе-көлденең тартты. Оқыс оқиғадан онша зардап шекпей есен-сау қалған он сегіз жеткін­шек пен олардың төрт ұстазы бүгінде өздерін ажалдан араша­лап қалған өжет полицейлерге алғыс­тарын жаудырып, ауыр жарақат­пен ауруханада жатқан Мұрат Нұрпейісов­тің жазылып шығуына тілектес­тіктерін білдіру үстінде. – Екі азаматтың қызмет бабындағы ерліктерін ешқашан ұмытпақ емеспіз, – дейді Тұрсын Сәтжанов шәкірттері атынан да жылы лебізін жеткізіп. Педагогтардың айтуынша, бала­ларға медициналық және психо­логиялық көмектің қажеті бола қоймапты. Облыстық спартакиа­дада ойдағыдай өнер көрсетіп, шахмат­шылар сайысында көшбасшылар қатарынан көрініпті. Қазір қалалық №1 аурухананың жансақтау бөлімінде жатқан Баян­ауыл аудандық ІІБ старшинасы Мұрат Нұрпейісов таяуда есін жиып, ептеп тілге келді. Дәрігерлер қол­дан келгеннің бәрін жасап жатыр. Тиісті ота жасалып, емдеу шаралары жүргізі­луде е­кен. Консилиум қорытын­дысына сәйкес, ол енді Астанадағы ірі медициналық мекемелердің біріне жеткізілуге тиіс. Бірақ, ауа райының қолайсыздығына байланысты бұл мәселе әзірге шешімін таппай тұрған тәрізді. Біз де аталмыш ауруханада болып, Мұраттың жары Әселмен кездестік. Әңгіме үстінде ол жұбайының сөйлеп жатқанын қуанышпен жеткізді. М.Нұрпейісов 1978 жылы туған, ішкі істер органдарында 2001 жылдан бері жұмыс істейді. Үш баласы бар. Ал оның қасындағы серігі Баянбек Жүнісов жарақаты жеңілдеу екендігін алға тартып, ақ халатты абзал жан­дар­дың жәрдеміне жүгінбепті. Ал жол апатына себепкер бол­ған «КамАЗ» жүргізушісі Қуа­ныш Нұрғазин өз кінәсін толықтай мойын­дап, полицейлердің туыстары­нан кешірім сұрап жүрген сыңайлы. Иә, бейбіт күннің батырлары ара­мызда жүр. Біз олардың батыл­дығына бас иіп, ерліктерін бағалай білуіміз керек. Ерлік есеппен жасалмайды. Қай­сар мінез қажет кезінде көрінеді. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»