• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
22 Ақпан, 2017

Түйе жетектеген жиһанкез

259 рет
көрсетілді

Зымыраныңыз ентікпей ғарышқа жетіп, небір реактивті ұшақтар құрлықтардың арасын қас пен көздің арасында жалғап, ұшқыр көліктер желден озып кетіп жатқан мына заманда Қазақстанды түйемен аралап шығуға бел буған адамды көрдіңіз бе? Оның үстіне қыстың көзі қырауда иен далада итіңдеп жаяу жүрудің өзі азап емес пе? Ең болмаса, мотоциклмен ел аралауға шығыпты десе, ақылға қонымды секілді көрінеді. Ал түйені жетектеп жаяу жолға шыққан адамның жанкештілігі еріксіз таңғалдырды. Қайбір күндері «кәрі құда» әбден қаһарына мініп, көктемнің алдында соңғы тұяқ серпігендей аязыңыз сұсты күйге еніп алды. Дәл осы кезде Жаңақорған ауданының Жайылма ауылының маңында суықтан бүрсең қағып, шеңгелдің арасында бір түйелі кісі жатыр дейді. Сөйтсе, бұл швед жиһанкезі Кристиан Бодегрен екен. Жиһанкездің жос­пары бұзылып, жағдайы болмай жатқанын жаңақорғандық Алшынбай Тұртановқа Алма­тыдан таныстары қоңырау шалып айтыпты. Жолаушының жағдайын жасау, Құдайы қонаққа қолындағысын беру ежелден келе жатқан қазақы әдет емес пе? Алшекең Кристианды тауып алып, үйіне әкеліп, жылы-жұмсағын ұсынып, қонақжайлық танытыпты. Швед жиһанкезі Жаңақорғанда неғып жүр дейміз ғой енді. – ЭКСПО-2017 көрмесінің тақы­рыбы мені қатты қызық­тырды. Солайша, Астана төрінде өтетін халықаралық шараға өз үлесімді қосайын, әлемді баламалы энергияға көшуге және табиғи қуат көздерін тиімді пайдалануға үндеп отырған Қазақстанның бастамасын қолдайын деген ниетпен келдім. Жол сапарым Алматы облысының Балқаш ауданынан басталды. Мына түйені де сол жақтан сатып алдым. Бағытым – Маңғыстау. Кас­пий теңізінің жағалауында сапарымды түйіндесем деген жоспарым бар. Осы аралықты жүріп өтуге 8 айға жуық уақыт кетеді. Өз жоспарымда, тамыз айында діттеген жеріме жетуім керек. Сосын түйемді сатып, Астанаға ЭКСПО-2017 көрмесіне барамын. Сол жерде шетелдерден келген туристерге Қазақстан жайлы өзім түсірген ролик-шоу­ды көрсетіп, таныстырылымын жасаймын,– дейді Кристиан. Әлемнің бір басында жатқан Швециядан шыққан жиһанкездің Қазақстанда өтетін көрмеге қолдау білдіріп, елді танып, танып қана қоймай, өзгелерге де таныстыру ниетіне ішіміз жылып қалды. Еріккеннің ермегі дейтіндей емес, Кристианның бұл сапары ерлікпен пара-пар дер едік. Себебі, мотоциклмен немесе жеңіл көлікпен Қазақстанды желіп өтпей, жаяу-жалпылап, түйесін жетектеп, әрбір төбесі мен тасын тануға ұмтылғаны ерлік емей, немене?! «Қазақтар өте қонақжай халық екен. Жол-жөнекей жолыққан кісілердің барлығы көмектесуге бейім тұра­ды. Дастарқаны жаюлы, жүздері жадыраңқы. Жүрегің жылиды»,– дейді ол. Бұл Кристианның бірінші саяхаты емес. Бұған дейін Оңтүстік Америка елдерін аралап, Африкадағы Сахара шөлін көлденеңнен басып өтіпті. Мұның алдында Моңғолияны шарлаған. Содан Қазақстанға жетіп, ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесіне сөзбен емес, іспен қолдау білдірейін деп жолға шыққан. Айтпақшы, жиһанкез Жаңа­қорғанның әйгілі батпағының да қасиетін сезінді. Әбден суықтап қалған жолаушы атақты шипажайда бірнеше күн тынығып, бойындағы суығын алып, түйесін де дамылдатып қайта саяхатын жалғастырды. Сапары сәтті болсын дейік. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы