Атырауда «Қансонар-2017» республикалық құсбегілер турнирі өтті. Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Астана, Алматы, Көкшетау, Павлодар қалаларынан келген бүркітшілер 20 бүркіт, төрт қаршығаны аңға салды.
Облыстық Ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті Асланбек Жанбалаев мұндай бәйге мұнайлы мекенде тоғыз жылдан бері өтпегенін айтады. Жайық жағасындағы Жаңаталап ауылында саятшылар құстарын қасқыр, қоян, қарсаққа салып жарысқа түсті. Нәтижесінде, атыраулық Арман Қошқаровтың «Нарын» бүркіті бірінші орынды жеңіп алды. Ақмола облысының намысын қорғаған Бергенбай Ақтамбердіұлы екінші, астаналық Руслан Мағзомов үшінші орындарды еншіледі.
Жамбыл облысынан келген Серікболсын Жалғасұлының жасы 15-те. Бала кезінен аң аулап, құс баптаудың қыр-сырын меңгерген Серікболсын «Ең жас саятшы» ретінде марапатталды.
Дүбірлі додадан қаршығалар да қапы қалмады. Жамбылдық Бауыржан Шернияздың қаршығасы иесіне бірінші бәйгені сыйлады. Екінші орынның межесінен Алматы облысының атынан қатысқан Аят Сейітжан көрінсе, үшінші жүлдені атыраулық Ақберен Құрманғалиев иеленді.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ
Суретті түсірген
Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ