Мәжілісте қазақстандық және әзербайжандық парламентшілер жүздесті. Қазақстан тарабынан Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжілістегі Қазақстан-Әзербайжан достық тобының жетекшісі Омархан Өксікбаев қатысты.
Меймандар жағынан Әзербайжан Милли Меджилисінің депутаты, Әзербайжан-Қазақстан парламентаралық достық тобының жетекшісі Адиль Алиев, Милли Меджилис депутаты Нагиф Гамзаев және Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов болды.
– Түркітілес елдерге жататын бауырлармыз, тату көршіміз, – деп бастап әріптестерін қарсы алды Мәжілістің вице-спикері. Парламентші Қазақстан бүгінде көптеген халықаралық мәселелерді шешуде үлкен рөл атқарып отырғанына тоқталды. Еліміздегі басты басымдық қоғамдық талқылауға шығарылып отырған конституциялық реформалар жайында таратып айтып берді. Әзербайжандықтарды Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне шақырды. Қазақстан халқы Ассамблеясын ұлттар арасындағы «алтын көпір» деп таныстырды.
Тараптар 25 жылдан бергі екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың жоғары деңгейде болып келе жатқанын жеткізіп, мемлекеттердің парламентаралық ынтымақтастық байланыстары жайында ой бөлісті. Көлік-транзит саласында Баку – Тиблиси – Карс темір жол магистралінің іске қосылуын атап өтті.
Депутаттар екі жақтың саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, парламентаралық және мәдени-ізгілікті байланыстары, сондай-ақ аймақтар мен әлемдегі жағдайлар жайында пікір алмасты, деп хабарлады Қазақстан Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі.