Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің халық алдындағы есеп беру кездесуі болып өтті. Аталмыш іс-шараға Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов пен Парламент Сенатының депутаты Сергей Ершов қатысты. Сондай-ақ, еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғамдық бірлестіктер мен ақпарат құралдарының өкілдері жиналды. Селекторлық режімде облыстың барлық аудандары мен қалалары қосылған кездесу ресми сайтында және фейсбуктегі «Сарыарқа» парақшасында онлайн режімде алғаш рет жүргізілді.
Алқалы жиында өткен жылдың оң нәтижелері мен алдағы жоспарлы міндеттер жайы кеңінен талқыланды.
Қазақстан өнеркәсібінің қара шаңырағы болып саналатын Қарағандының атқарушы органдары мешін жылында межелеген жұмыстар «Қазақстан-2050» стратегиясында, бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларында ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қойған міндеттерді шешуге және реформаларды жалғастыруға бағытталған.
Айталық, тұрғын үй құрылысы, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру үшін қойылған нақты міндеттер былтырғы жылы экономикалық дамудағы басым бағыттар болды.
Мысалы, өткен жылы экономикалық өсім 1,3 пайызға қамтамасыз етіліп, аймақтың жалпы өңірлік өнімі 3,3 трлн теңгені құрапты. Бұл – республика бойынша 4-ші орынға табан тіреген толайым табыс пен көлемді көрсеткіш.
Өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, көлік қызметінде, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, қаржы саласы және басқа да бірқатар көрсеткіштер бойынша жүйелі жұмыстар атқарылған. Нақты көрсеткіштер бойынша, орташа жалақы 9,4% пайызға өскен және 123 мың теңгеден асқан.
Аймақ басшысы мәлім еткендей, өндірісі мен өнеркәсібі өркен жайған аймақ ретінде Қарағанды 2016 жылғы өнеркәсіптік өндіріс көлемін 1,9 трлн теңгеге жеткізіп, 2015 жылға қарағанда 4,9%-ға арттырған. Өңірдің өрістеуіндегі бірқатар көрсеткіштердің оң серпін алуын былтырғы жылғы шығарылған тауарлардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі – 1,5 трлн теңгені құрағандығынан-ақ анық аңғаруға болады.
Сонымен бірге, 2016 жылы аймақта кәсіпкерлікті дамыту бойынша жалпы құны 141 млрд теңгені құрайтын 10 жоба іске қосылып, мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылған. Жыл ішінде 141 млрд теңгенің өнеркәсіптік өнімі шығарылса, бұл 2015 жылғы көрсеткішке қарағанда 50 млрд теңгеге артық көрсеткіш.
Облыста тоқтап қалған 5 кәсіпорынның жұмысы жандандырылғандығын да жылдық есептен естіген еселі еңбек деп түйдік.
Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 2016 жылы 315 млрд теңгені құрап, бұл қаржының төрттен бір бөлігі өңдеу өнеркәсібіне жұмсалыпты.
Есепті мәліметтер бойынша, кен өндіру саласына тартылатын инвестициялар – 31,6 пайызға, ауыл шаруашылығында – 25,3 пайызға, тұрғын үй құрылысында 3 пайызға ұлғайған. Бұған мемлекеттік қолдау шаралары, «Нұрлы жол» бағдарламасы, дағдарысқа қарсы қабылданған шараларды іске асыру ықпал еткені сөзсіз.
Нұрмұхамбет Әбдібеков өз баяндамасында, сондай-ақ, 2017 жылы 350 млрд теңге инвестиция тарту міндеті алға қойылып отырғандығын, трансұлттық компанияларды тарту бойынша жұмыстар жалғасатындығын мәлімдеді.
Сұрақ қоюшылардың ішінде Теміртау тұрғыны Наиль Шавалеев аймақ басшысынан оң жағалауды ескі қаламен байланыстыратын көпірдің қашан жөнделетінін сұрады. Оның айтуынша, үш жылдан бері көпір мүлдем абаттандырылмай келеді және нашар жағдайда. Облыс басшысы аталған көпірдің жөнделетініне сендірді. 2017 жылы Теміртауда көлік жолдарын жөндеуге 2 млрд теңге бөлінбек.
«Үстіміздегі жылы Теміртау, Балқаш, Жезқазған сияқты ірі қалаларда жол инфрақұрылымына баса назар аударылатын болады. Жақында Теміртауда қала әкімінің есеп беруінде болдым. Халық алдында баяндама жасадық – 2 млрд теңгеге жуық қаржы жол инфрақұрылымына жұмсалмақ. 30 шақырымнан астам автокөлік жолдары жөнделеді. Бұл көпір де жөндеу аймағына енеді», деді Нұрмұхамбет Әбдібеков.
Кездесу барысында әкімге халық тарапынан отызға тарта сұрақ қойылды. Сұрақ қоюшылардың барлығы дерлік қанағаттанарлық жауап алды, сонымен қатар, өңір басшысының жемісті жұмысына алғыс білдірушілер де болды.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы