Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына Үндеуінде Президенттің әлеуметтік экономикалық үдерістерді реттеудегі біршама өкілеттіктері Үкіметке және Парламентке берілетіндігі туралы жан-жақты айтылған. Меніңше, аталған салаларда депутаттар мен Үкіметтің жауапкершілігі арта түсіп, жергілікті деңгейдегі мәселелерді шешуге облыс әкімдері толық жауап беретіні өте орынды.
Баршамызға мәлім, мемлекет бюджетінен министрліктерге бөлінген қаражаттар кейде орынсыз жұмсалып, кейде қыруар ақшаға салынған кәсіпорындар жұмысқа толықтай қосылмай жатады. Сатып алынған аппаратуралар шаң басып тұрады, кей өңірлерде олармен ешкім жұмыс жасай алмайды. Себебі, мамандардың тиісті білімдері жоқтығы да көп нәрсеге қолбайлау болып жатады. Қаражаттың игерілуіне жауапты жеке, заңды, лауазымды тұлғалардың қызметтік міндеттерін орындауға салғырт қарауына немесе тіпті, құзыретін асыра пайдалануына байланысты берілген қаражаттардың жымқырылатын оқиғалары да кездесіп қалып жүр.
Кінәлілер, әрине, өздерінің тиісті жазаларын алары анық. Дегенмен, егер тиісті лауазым иесі бөлінген қаражатты қатаң бақылауда ұстаса, мұндай жағдайларға жол берілмес еді. Бірақ, олай жасала бермейді. Осы себепті, халықтың лауазымды қызметкерлерге сенімдері төмендеуде. Сондықтан да, Елбасы жоғары лауазымдағы қызметтегілердің өз ісіне жауапкершілігін күшейту үшін келелі бастама көтеріп отыр.
Елбасы Үндеуіндегі Парламентке, Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға Президенттік кейбір өкілеттіктердің берілуі еліміздің демократиялық дамуының тағы бір айқын көрінісі деп нақ сеніммен айта аламыз.
Иә, өткенге көз жүгіртсек, алып империя – Кеңес өкіметі құлағаннан кейін жаңа нарықтық мемлекет құру қажеттілігі пайда болды. Халықтың көбі оның қандай болатынын түсінбеді. Сондықтан, жаңа мемлекетті құру үшін күшті президенттік билік өте қажет болды. Бұл ұстаным өзін-өзі ақтады, уақытында өмірге керекті көптеген заң күші бар жарлықтар қабылданды. Олар бүгінгі жаңа мемлекетті қалыптастыруға негіз қалады. Сөйтіп, тәуелсіздігіміз бекіді.
Елбасымыздың күш-жігері мен табандылығының арқасында, ең маңызды мәселе – тату көршілеріміз Ресей мен Қытай арасындағы шекарамыз заңдастырылып, бекітілді.
Енді Елбасының биылғы Жолдауына аз-кем тоқталатын болсақ, құнды құжатта жеке меншікті қорғауға, заңның үстемдігіне және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформаны әрі қарай жалғастыру қажеттігі жан-жақты атап өтілген. Әрине, бұл талаптарды қатаң түрде орындау қажет. Себебі, әрбір азамат өзінің меншіктік құқығының қорғалатынына сенімді болуға тиіс. Бұл мәселе адам өмірімен, оның дамып-өсуімен, болашағымен тығыз байланысты. Олай болса, құқық қорғау органдары осыған байланысты жасалған қылмыстарды тез арада ашып, олар соттардың қарауынан өтіп, әділ шешім шығарылуы тиіс.
Жолдауда судьялардың жұмысына заңнан тыс болатын ықпалдарды жою маңыздылығы тағы да атап өтілген. Мұндай талап аталған құжатта нақты көрсетілгені қуантады. Олай болса, оны орындау – әрбір судьяның, әрбір азаматтың қасиетті міндеті. Сондықтан, осы өзекті мәселе аудандық, облыстық соттар төрағаларының күнделікті қатаң бақылауында болуы тиіс.
Бүгінгі күні осы мәселелер Жоғарғы соттың Сот жюриі комиссиясының да басты назарында екенін айтқым келеді. Комиссия судьялармен әңгімелесу кезінде заң талаптарын сақтауға жіті көңіл аударады. Комиссия сот төрағаларына судьялардың істерді қарауына жағдайлар жасауға міндетті екендіктерін ескертеді. Сонымен бірге, сот төрғаларына қиын істер бойынша кеңес ұйымдастыруға құқығы бар екендіктерін айтып, бірақ олар нақты іс бойынша қандай шешім қабылдау қажеттілігін айта алмайтындықтарын түсіндіріп отырады. Қандай да болмасын қылмыстық, азаматтық істерді қараған кезде судьялар оларды заң талаптарына сай шешетін болса, онда судья ғана емес, сот жүйесі беделінің жоғары болатыны сөзсіз. Осы себепті болар, Елбасы өз Жолдауында сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу қажеттілігін атап өткен.
«Сенім» деген сөздің анықтамасына жүгінетін болсақ, ол адамның көзі жеткендіктен иланушылық сезімге ие болуын көрсетеді делінген. Бүгінде азаматтардың басым көпшілігі сотқа жүгінеді. Оның бір себебі сенім болса, екіншіден, құқық қорғау органдары, прокуратура, министрліктер, әкімдіктер даулы мәселелердің өздеріне тиесілі тұрғыда шешілуін толық қамтамасыз етпей, азаматтарға мәселелері бойынша сотқа жүгінуді ұсынады. Негізінде, мәселенің заңға сәйкес орындалуы үшін соттар істі шындық дәлелдерге сай, заң талаптарын қатаң сақтай отырып шешсе, олардың қоғамдағы беделінің қазіргіден де арта түсетіні анық. Ол үшін тараптардың айтқандарын мұқият тыңдап, оларға заң тұрғысынан баға беріп, тиісті қорытындыға келуі тиіс.
Жолдауда қоғамға қауіптілігі жоғары емес экономикалық қылмыс құрамын криминалдық сипаттан арылту міндеті алға қойылған. Кәсіпкерлік саласында құқық бұзғаны үшін санкцияны төмендету, әкімшілік айыппұлдардың әділетті және құқық бұзу деңгейіне сәйкес болуына баса назар аудару қажеттілігі айтылған. Мұны да азаматтардың қалау-тілектерінің орындалғаны деп айтуға болады.
Бағдат АХМЕТОВ,
Жоғарғы соттың отставкадағы судьясы
АСТАНА