Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатқан VIII қысқы Азия ойындарында хоккейден Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореямен кездесіп, 4:0 есебімен жеңіске жетті.
Төрешінің ысқырығы естілісімен алға ұмтылған қос команда гол салатын бірқатар қауіпті шабуыл ұйымдастырған. Алайда, бұл кезеңде есеп өзгеріссіз қалды.
Кездесудің екінші бөлігінде жерлестеріміздің мерейі үстем болды. 34-минутта ойыншы басымдығын тиімді пайдаланып, алға шықты. Бұл тұста Максим Волков мергендігімен танылды. Арада екі минут өтер-өтпес Никита Михайлис басымдықты арттыра түсті.
Соңғы 20 минутта Сергей Старыгин шәкірттері жүйелі ойнап, қорғаныста сақ қимылдады. Нәтижесінде, 47-минутта Нұрсұлтан Белгібаевтың көмегімен үшінші шайбаны салса, 54-минутта Константин Савенков матчтағы соңғы голдың авторы атанды.
Қазақстан құрамасы келесі ойынын 24 ақпанда Қытай құрамасымен өткізеді.