Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болашақта қазақстандықтардың әлемдік деңгейдегі жоғары білікті маман болуы керектігін айтты. Елбасының айтуынша, келер ұрпақ алдыңғы қатарлы ғылым мен технологияны игеруі тиіс. Бұл туралы ол ҚР Ұлттық ғылым академиясының пленарлы отырысының салтанатты сессиясында мәлімдеді.
«Томирис пен Шыңғыс ханды қазаққа тели беретіндей бізде басқа ештеңе жоқ па? Алға қадам басудың орнына артқа бұрыла береміз бе? Алға қарайтын уақыт жетті. Бірде Тони Блэр өздерінің парламентінде былай деген: "Ұлыбританияның тарихи бай. Бірақ біз музейде өмір сүрмейміз. Адамдарды компьютердің алдына отырғызу керек". Біз де ойлануымыз керек. Сіздердің сөздеріңіздің салмағы болуы керек. Алдағы уақытта қазақтар қандай болуы керек. Біз аға буын өкілдеріміз. Біз тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ұлы далада қуатты мемлекет құрдық", - деді Елбасы.
Президент интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеу керектігін айтты. Олар өткеннің құндылығын бағалап, болашаққа қадам жасауы керек.
«Қазірден бастап осындай толқын тәрбиелеу керек. Олар жаһандық деңгейде алдыңғы қатарлы маман болуы керек. Ол үшін ана тілмен қоса ағылшыншаны да меңгеру керек. Сол кезде ғана қазақтар әлемде бәсекеге түсе алады", - деді Елбасы.