• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
23 Ақпан, 2017

Нұрсұлтан Назарбаев: Ғылым дамуы үшін барлық жағдайды жасаймыз

985 рет
көрсетілді

Алматыдағы Абай атын­дағы Қазақ мемлекеттік акаде­мия­лық опера және балет театрында еліміздің аса ірі зияткерлік орталығы, өркенді өзгерістердің бастауында тұр­ған Ұлт­тық ғылым академиясының 70 жыл­дық мерейтойына байланысты салтанатты жиын болып өтті. Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ айтулы ғалым­дар, жоғары оқу орындарының рек­торлары, шығар­машы­лық зиялы қауым, интел­лек­туалдық орта өкілдері қатысты. Сонау соғыс жылдарының қиын­шы­лығына қарамастан, қазақ жерінде Ұлттық ғылым академиясын құру туралы идея көтеріп, табанды түрде қолға алып, 1947 жылы ғылым ордасын ашқан және тұңғыш президенті болған академик Қаныш Сәтбаевтың абыройлы мұратын әр жылдарда Д.Қонаев, Ш.Шокин, Ш.Есенов, А.Қонаев, М.Айтқожин, Ө.Сұл­­тан­ғазин, К.Сағадиев, В.Школь­ник, Н.Айт­хожина, С.Дәукеев сынды көр­не­кті ғалымдар жалғастырып, за­ман­ға сай ғылымның дамуына зор ық­пал етті. Қазақ ғылымына жанашыр бол­ған тұлғалар басшылығы тұсында отан­дық ғылым қай саласында да кен­же қал­май, Одақ көлемінде Ресей мен Ук­раи­на­дан кейінгі авангардтық алдыңғы орында алға жылжып, ғылым жетістігін ел игілігіне айналдырып отырды. Ел­дегі экономикалық қиындықтарға бай­ла­ныс­ты Қазақстан ғылымы да әр­түр­лі ре­формаларды бастан кешіріп, ака­демия айналасында айтыс-тартыс көп бол­ғанымен, әлемдік тәжірибенің озық жағына сүйене отырып, тығырық­тан шы­ғар жол тауып, алыптар қалыптас­тыр­ған айтөбел атын жоғалтпай ұстап қалды. Соған сәйкес ғылым әлеуеті де сақталды. Жетпіс жылда зор табысқа жеткен Ғылым академиясының бүгінде 237 тұрақты мүшесі (135 – академик, 102 – корреспондент-мүше), 14 шетелдік және 88 құрметті мүшесі бар. Бұлардың бәрі де халықаралық деңгейде ғылыми жетістігі мойындалған ғалымдар. Ақыл-ой парасаты еңбекқорлығымен ұштасқан ғалымдарды Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев мерейлі мере­кесімен құттықтап, сөз сөйледі. Тәуел­сіз­дік­тің алғашқы қиын-қыстау күн­дерін­де өзінің жанынан табылып, айтыл­ған ұсыныстарды қабылдап, жаңа­шыл бастамаларын халыққа түсін­діру кезде ортақ ой қосып, қолда­ғаны үшін ғалымдарға алғысын білдірді. Қазақ­стан Ғылым академиясы күрделі кезең­де құрылғанына қарамастан, аз ғана уақыт­та елдің ғылыми жүрегіне айна­лып, ғылым әлеуетін ұйыстыра білді. Ғы­лым­­ның негізгі бағытын айқын­дап, олар­­дың дамуына тың қарқын берді. Ең бас­тысы, жастарды ғылымға тар­тып, ин­те­ллектісі жоғары ғалымдар шоғы­ры­ның қалыптасуына ықпал етті. Академия қабырғасында еліміз­дің мақтанышына айналған алыптар тобы еңбек етті. Асқаралы асу биігіне шыққан ака­де­­мия­ның қуанышы тойланып жат­қан сәтте Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан есімдерін Пре­зи­­дент айрықша атап өтті. 25 жыл­да ғылы­ми ұйымдардың қатары екі есеге көбе­йіп, саны 300-ден асты. Ғылымды қар­­жы­­ландыру жыл өткен сайын артып келеді. Соңғы үш жылда ғана Қазақстан ғылымы үшін 10 млрд теңге бөлінген. Ал­дағы уақытта да бұл ұстанымнан ай­ны­май, ғылымның қарқынды дамуы үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз, деді Мемлекет басшысы. Президент алға қойған мақсатқа жету үшін зымырап бара жатқан заманға сай болуды көздеген Үшінші жаңғыруға байланысты биылғы Жолдауда бес басымдықты айқындап бергенін және бұл мақсаттың қай-қайсысы да ғылым мен білімге байланысты болғандықтан, оны іске асыруда отандық ғалымдардан қажырлы еңбек, ақыл-ой игілігі талап етілетінін айтты. Өйткені, ХХІ ғасыр – ғылым мен білімнің ғасыры. Әсіресе, қолдан­балы ғылымның көз ілеспес жыл­дам­дықпен дамып келе жатқанына тоқ­талды. Небәрі 15 жылда болған серпін­ді технологиялық өзгерістер әлемді Төр­тінші өнеркәсіптік революция­ға аяқ бастырды. Сондықтан ғалымдардан жаңа көкжиектерге көз тігіп, зерттелмеген кеңістіктерді игеруі талап етіледі. Жаңа ғасырмен бірге гендік инженерия, нано, IT технология, жаңа материалдар шығару болашақ ғылымның негізгі трендтеріне айналатыны анық. Бірен-саран ғалымның некен-саяқ шұғылданғаны болмаса, бұл салаға ғылым жаппай бет бұра қойған жоқ, сондықтан түрен түспеген тың сала қалпында тұр. «Мен Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын әзірлеуді тапсырдым. Біз әлемдегі барлық озық технологияларды өзімізге бейімдеп, жаппай енгізуіміз керек. Академиктермен кездескенде ай­тып жүретін едім, дүниеде болмаған, ашыл­маған жаңалықты ашсақ жақсы ғой, әрине, ол нағыз революцияның өзі болар еді. Бірақ, бар нәрсенің өзін Қазақ­станға әкеліп, өзімізге бейімдей алсақ, ол да ғылым. Мұның бәрі өте көп ғылыми ізденісті талап етеді. Сондықтан ғалымдарымыз дәуір сұраныстарына сай өз дүниетанымын, ғылыми көз­қарас­тарын қайта қарауы керек. Біз өнер­кәсіп­тік ғылымның қажет­тілігін ескере отырып, гуманитарлық салаларға да ұмтылуымыз қажет. Бәріне де тиісті кадр, тиісті құзырлылық керек. Мұның бәрі мектептен басталып, уни­вер­ситетпен, ғылыммен аяқталады. Сіз­­дерге келіп, осы мәселені айтып кет­­кім келді. Мемлекет те, мен де осы шаруа­ға кірісіп жатырмыз», деді Прези­дент. Елбасы ғылымда саяси шекара болмай­тынын, мемлекеттердің арасын­дағы қарым-қатынастың қандай бол­ғаны­на қарамастан, ғылым достық бай­ланыстарды жоғалтпауы керектігін айтқан­да, бұл сөзі тұтас ғалымдардың, әсіресе, шетелдік меймандардың көңілі­нен шықты. Әлемдік тәжірибе ғылым саласын орталықтандырудың, монопо­лия­ландырудың тиімсіз екенін көрсетіп отыр. Дамыған елдердің көпшілігінде ғылымды ғылыми институттар ғана емес, жоғары оқу орындары, корпорациялар, қауымдастықтар, жеке фирмалар мен жекелеген ғалымдар дамытатыны да кездейсоқ емес. Шет жұрттардың тәжіри­бесінде мемлекет қолданбалы ғылым­ды қаржыландырмайды, керісінше, оған көмектесетін жеке секторға қолдау көрсетеді. «Еңбек өнімділігі артуы үшін оған ғылым араласпаса, ол әрі қарай дамы­майды. Бұл жерде ғылымды кәсіп­орын­дарға араластыру мәселесі бар. Бұл тетік жеке бизнестің міндетті қаржы­ландыруы арқылы жүзеге асырылуы керек. Мысалы, Сингапурде ғалым биз­неске қанша қаржы алып келсе, оған сонша қаржы беретін ереже бар. Осын­дай жолмен ғана патенттеудің үле­сін арттырып, ғылымға құйылатын жеке ин­вес­тицияны көбейтуге болады. Қол­дан­балы ғылымның негізгі табыс көзі жеке сектор болуы керек. Біздің алдымызда им­порт­ты алмастырып, экспортты өн­ді­ріс­ті дамыту міндеті тұр», деді Президент. Н.Назарбаев бұл тұрғыда ғалымдарға Алматы іргесіндегі Темірхан Досмұхам­бетов жетекшілік жасайтын, кілең ака­демиктер жұмыс істейтін шағын ғана «Байсерке» қожалығының ірілене келіп, гектарынан 50 центнер бидай өнімін алып, таңғаларлық іс тындырып отырған мысалын алға тартты. Сессияда Елбасы ғылыми қызметті жаңаша үйлестіруге байланысты бірнеше өзекті мәселеге тоқталды. Отандық ғылым орталықсыздандырылды, қызметінің едәуір бөлігі жоғары оқу орындарына берілді, алайда, ол инновациялық ор­та­лыққа айнала алмады. Ғалымдар ғылыми еңбегін патенттегенімен, оларға сұраныс болмай тұр. Мемлекет есебінен қаржыландырылып отырған Қазақстан ғылымына жеке сектордан сұраныс түспейді. Ал ғылыми жұмыстарда пла­гиат­тықтың көп екені Президентке де бел­гілі жайт болып шықты. Осыған орай Н.Назарбаев отандық ғылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды түбе­гей­лі өзгертуді тапсырып, тиісті орындар үшін бірқатар міндеттер белгіледі. Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрлігіне академиямен және жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, отандық ғылыми басылымдарды халықаралық рейтингі жоғары базаларда ілгерілету жұмыстарын жүзеге асыруды тапсырды. Бұған қоса, әлемдік деңгейдегі ғылыми орталықтарда тәжірибеден өту үшін жас ғалымдарға қосымша гранттар бөлуді міндеттеді. Сондай-ақ, Президент ғылымды басқарудың, оны қар­жыландырудың жаңа пішімі енгізі­летінін және оны іске асырудың жаңа жүйесі болатынын айтты. Ең бастысы, Ғылым академиясы жанынан әдеп жөніндегі алқалы орган құруды ұсынды. «Ол Ғалымдар кодексі мен Жария­ланымдар жөніндегі кодексті дайындап шыға алар еді», деп атап өтті Н.Назарбаев. Ғылым жаңа технологияны енгізуге бағытталуы керек. Заманауи экономика бұрынғыға қарағанда технологияла­нып, инновациялану үстінде. Ал мұнда ғылым­ның алатын үлесі зор. Сондықтан, жоғары білікті, кәсіби жағынан жетілген маманның алатын орны айрықша. Қазақстанда 1700 мектеп салынды, тек дарынды балалар ғана шоғырланған 20-дан аса мектеп тағы бар, мұнда оқитын әр бала әлемнің кез келген университетіне қабылдана алады. Кей ғалымдардың қызылкеңірдек болып айтысып, талас-тартысқа бейім тұратынын меңзеген болуы керек, Президент: «Біз өткен шаққа қарайлай беруді емес, баянды болашаққа ұмтылған елдің ұмытылмас ұстанымын алуымыз керек. Кейде «Томирис қазақ екен», «Шыңғыс хан қазақ екен» дегенде менің ішім пысып қалады. Басымызды артқа бұрып, алға қарай қалай жүреміз? Алға қарайтын кез келді. Ұлыбританияның экс-премьері Тони Блэрдің парламентте тұрып: Ұлы­британияның бай тарихы бар. Бірақ біз музейде өмір сүрмейміз ғой», деп айт­қаны бар еді. Сіздерден, зия­лы қауым, білімді, дуалы ауызды адам­дар­дан шыға­тын сөз дұрыс болуы керек. Бола­шақ­ты ойлауымыз керек», деген сөзі ғалымдарды ойландырып тастаған­дай болды. ҰҒА президенті Мұрат Жұрыновтың «Қазақстанның ғылымы, мәдениеті және экономикасының дамуындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының рөлі» атты баян­да­масында да бүгінгі Қазақстан ғылы­мы­ның қол жеткен табысы мен жетістігі сара­ланып, білім мен ғылымның бәсе­кеге қабілеттілігін арттыру, жаһан тала­бына сәйкес ғылымды халықаралық дең­­гейге көтеру мәселесі қамтылды. Сон­­дай-ақ, алыс-жақын шет елдерден кел­­ген қонақтар атынан Ресей Ғылым ака­де­­мия­сының президенті, академик В.Фортов пен Молдова Ғылым акаде­мия­­сы­ның президенті, академик Геор­гий Дука құттықтап, Қазақстан ғылы­мы­на ла­йықты баға беріп, өз елдерін­дегі ғы­лымның даму үрдісі туралы әңгімеледі. М.Жұрынов мерекелік салтанатты ұйымдастыруда көрсеткен көмегі үшін Президент Әкімшілігіне, Білім және ғылым министрлігіне, Мәдениет және спорт министрлігіне, Алматы қаласы әкімдігіне ризашылығын білдірді. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды