«Қазақ елі» анимациялық фильмі Каир қаласында өткен оныншы халықаралық анимациялық фильмдер форумына қатысып, үш бірдей жүлдеге ие болды.
Әдетте, үлкен істер Алматы мен Астанада атқарылатындай көрінеді. Ал осы түсініктің көбесін шымкенттік «Сақ» студиясының жігіттері сөкті.
– Біздің студияда жасалған фильмді Каирдегі халықаралық форумға шақырту алған Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ өз өнімдерімен бірге жіберген екен, дейді «Сақ» студиясының директоры Нуриддин Патеев. – Каирде өткен форумның маңыздылығы сол, оған АҚШ, Қытай, Ресей, Германия, Франция, Оңтүстік Корея сынды мемлекеттер қатысқан, 90-нан астам қысқа метражды және толық метражды фильмдер ұсынылған. Осынау аламанда біздің «Қазақ елі» фильмі «Ең үздік толық метражды фильм» жүлдесіне ие болды. Картинаның композиторы Руслан Шынықұлов және фильмнің әуенін жазған музыкант Жанболат Әділов құрмет дипломдарымен марапатталды.
– Бұл – қазақ анимациясы саласындағы ең үлкен жетістік, – дейді картинаның режиссері Батырхан Дәуренбеков. – Біз бұған дейін де шет елде осындай жобаларға фильмімізді ұсынғанбыз. Сонда анимация саласындағы шетелдік сарапшылар «Қазақ еліндегі» патриоттық тәрбиенің көрінісін жоғары бағалаған.
Балаларды патриотизмге тәрбиелеуде өте құнды дүние болғандықтан, барлық халыққа көрсетуге болатын туынды» деген пікірлерді естіп, қуанып қалған едік. Енді, міне, Каирдегі фестиваль жеңістері сол пікірлердің шынайылығын дәлелдеді.
– Ау, ағайын, жүлде қолдарыңа тиді ме?
– «Қазақ елін» Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» жібергенімен, мамандары бармағанға ұқсайды. Біздің естуімізше, бұл жүлделерді Каирдгі Қазақстан елшісі қабылдап алған. Бүгінде жолда келе жатқан болуы керек.
– Үлкен студиялар жасайтын жұмысты шағын студиямен-ақ атқарып, халықаралық сында үздік шығып жатасыңдар? Жан-дүниелеріңде не болып жатқанын түсінеміз.
– Рас айтасыз. Осы хабарды естігелі Шымкентке сыймай жүрміз. Бұл біздің студияның ғана емес, осы жұмысқа тапсырыс берген Мәдениет және спорт министрлігінің, атап айтқанда, министр Арыстанбек Мұхамедиұлы мен тарих ғалымдарының докторы Жамбыл Артықбай және қазақтың көрнекті жазушысы Дулат Исабеков ағаларымыздың де жеңісі.
«Қазақ елі» – ұжымдық еңбек. Сондықтан, барша қазақстандықтарды, фильмнің түсіру тобын осы жеңіспен құттықтағымыз келеді.
«Сақ» киностудиясының негізін қалаған қос жігіт осылай дейді. Қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібек арқылы еліміздің тағдыр баяны көрсетілген фильм осылайша ірі жеңістерді бағындыра бастады.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы