• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Ақпан, 2017

Бұл жалғаннан береке таппаған тағдыр

263 рет
көрсетілді

Әлем жұрты әнін тыңдап, Алла берген талантына тамсанған Әміренің ғұмыры құпия, жұмбаққа толы болды. Тіпті бертінге дейін күміс көмей әнші өмірінің көлеңкелі тұстарынан көпшілік қауым бейхабар-тұғын. Міне, жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев «Әміре» драмасында пәни жалғаннан береке таппай, кең дүниесі әп-сәтте кем дүниеге айналған әйгілі әншінің тағдыр-талайына тереңірек үңіледі. Кешегі жексенбіде Қ.Қуа­нышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «Әміре» драмасын қойып, сахна төрінде хас таланттың өмірден көрген қи­ындықтарын, құпияларын, ішкі сырын, мұңын ашып көрсете білді. Спектакльдің өне бойында сағыныш пен қорқыныш алма-кезек алысып, бір сәтте елге, жерге, отбасыға, өнерге, кең дүниеге деген сағыныш жүрегіңнің нә­зік қылын шертсе, енді бір сәтте қорқыныш, үрей, азап, қа­тыгездікті көріп, жүрегіңіз қан жылайды. Тағы бір айтары, бұл қойылымның музыкалық көркемделуі де көрерменге өте ерекше әсер етті. Әміренің әуелетіп салған әнін төңірегіндегілер іліп әкетіп, хормен айтуы театр актерлерінің өнерін тағы бір қырынан танытқандай. Бұл тұста хормейстр, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашевтың еңбегін айрықша атап кету қажет. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов. Әміре бейнесін театр әртісі Қасымхан Бұғыбай сомдады. – Бұл пьеса бұған дейін бірнеше мәрте қойылды. Осы уақыт ішінде кем-кетігі түзеліп, толысты ғой деп ойлаймын. Жалпы, бұл Әміренің алғашқы сахналық бейнесі болғандықтан, режиссерге де көп ауыртпалық түсті. Сондықтан, режиссер Нұрлан Жұманиязовтың ең­бегі өте зор. Актерлердің де шеберлігі көңілімнен шық­ты. Рас, өткен ғасырдың репрес­сия қасіреттері туралы талай рет жазылды. Әр қалам­гер сол зұлматты өзіндік ерек­­шелік­термен көрсеткісі келді. Мен де Әміре туралы шы­ғар­мамда соларға ұқсағым келмей, басқа қырынан келдім, – дейді бұл жөнінде «Әміре» пье­сасының авторы, белгілі жазушы Рахымжан Отарбаев. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА