Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев «Jumore» компаниясының президентімен кездесу өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының еліміздің экономикалық өсімнің жаңа үлгісіне ауысуына қатысты тапсырмаларын іске асыру аясында цифрлы технологиялар, қаржы технологиялары мен құралдарын дамыту саласындағы ынтымақтастық келешегі талқыланды.
Сондай-ақ, Премьер-Министр осы күні Еуропа қайта құру және даму банкінің инфрақұрылым жөніндегі басқарушы директоры Томас Майермен кездесу өткізді.
Кездесуде Қазақстанның халықаралық қаржы институттарымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік және «жасыл» экономика саласындағы ынтымақтастығы мәселелері сөз болды.
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев кеше Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша еліміздің бизнес қауымдастығының өкілдерімен кездесу өткізді.
Онда Қазақстанның үшінші жаңғыруының міндеттерін іске асыру мәселелері, соның ішінде, экономикалық өсімнің жаңа үлгісіне ауысу, жаңа индустрияларды құру, бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту мәселелері талқыланды.