Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Тараз қаласында «Нұр Отан» партиясының Жамбыл филиалында азаматтарды қабылдады. Азаматтарды қабылдау «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын Жамбыл облысының тұрғындарына түсіндіру шеңберінде өткізілді.
Азаматтарды қабылдауды өткізу кезінде министрдің атына әртүрлі сипаттағы сұрақтар келіп түсті. Азаматтарды әлеуметтік төлемдер (зейнетақы, жәрдемақы), білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы объектілер құрылысы, әлеуметтік жұмыс орындарын құру мәселелері қызықтырды. Сонымен қатар, шағын және орта бизнеске салық салу, кедендік рәсімдерді жеңілдету саясатына, т.б. мәселелерге қатысты сұрақтар көп қойылды.
Барлық өтініш білдірген азаматтарға Қаржы министрі тиісінше түсініктеме беріп, ұсынылған құжаттарды қарастырды және азаматтар айтқан мәселелерді шешу бойынша әрі қарай не істеу керек екендігін түсіндірді.
Ол 2017 жылы 3 539,9 млрд теңге немесе жалпы республикалық бюджеттің 41%-ы әлеуметтік салаға бөлінетінін айтты. 2017 жылғы шығыстардың 94%-ы немесе 3 319 млрд теңге ең төменгі әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуге жұмсалады, ал бұл жұртшылыққа медициналық көмек көрсету (емхана, станционарлық көмек және тегін дәрімен қамтамасыз ету), кадрларды орташа және арнаулы, жоғары оқу орындарынан кейін оқытып дайындау, сондай-ақ, олардың біліктілігін арттыру, әлеуметтік нысандар құрылысы және әлеуметтік төлемдерге бағытталатын қаржы деген сөз.
Министр салық және кедендік әкімшілендіру рәсімдерін жеңілдету мен Қазақстанда бизнес жүргізу үшін жағдайларды жақсарту бойынша Үкімет жоспары туралы айтты. Сондай-ақ, Бақыт Сұлтанов қабылдауға келген азаматтарға жеке өзіне Қаржы министрлігінің ресми сайтындағы www.minfin.gov.kz блогы арқылы кез келген адам өтініш білдіре алатынын ескертті, деп хабарлады Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.