Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесті, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ХКБ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Қ.Әбдірахманов Астана қаласында өтетін ЭКСПО-20 17 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық пен оны өткізу туралы мәлімет берді.
Сондай-ақ, Қазақстанның бас дипломаты Астана көрмесі шеңберінде жоспарланған маңызды іс-шаралар туралы хабарлады. Олардың ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технология жөніндегі бірінші саммиті өткізілетінін ерекше атады.
Өз кезегінде В.Лоссерталес ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастырудағы қол жеткізілген жетістіктерді жоғары бағалап, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көрме аяқталғаннан кейін оның инфрақұрылымын пайдалану туралы бастамасының маңызы зор екенін атап көрсетті.
ХКБ Бас хатшының мәлімдеуінше, мұндай Халықаралық IT-стартап технопаркі, «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі орталық және «Астана» Халықаралық қаржы орталығы ЭКСПО-2017 көрмесі өткізілгеннен кейін де өзінің ұзақ мерзімдік оң әсерін беретін болады.
Сонымен қатар, халықаралық ұйым жетекшісі үстіміздегі жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Еуропалық одақ пен Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур мен Малайзия елдерінің азаматтары үшін енгізілген визасыз режімнің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы В.Лоссерталеске ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысушылары үшінші жиынының сәтті өтуіне тілектестік білдірді.