Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын іске асыру аясында Ақмола облысындағы Целиноград ауданының шаруашылықтарында болды.
Сенаторлар сапарлары барысында Елбасының Жолдауынан туындайтын міндеттер аясында ветеринарлық қауіпсіздікті күшейту мәселелері бойынша алдағы шараларды талқылады.
Сенат депутаттары Қосшы ауылдық округінде, ветеринарлық лабораторияда болып, «Астана өнім» акционерлік қоғамы сүт кешенінің жұмысымен танысты.
Келешекте экономиканың жаңа драйверіне айналатын аграрлық секторда экологиялық таза өнімдер мен тағамдар өндіру мақсатында кешенді істерді қолға алу көзделіп отыр. Сенаторлар ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің алдында тұрған ауқымды міндеттер туралы пікір алмасты.
Сапар қорытындысы бойынша «Астана өнім» акционерлік қоғамы шаруашылықтарының ғимаратында облыстық ветеринария басқармасының басшылығы, Целиноград ауданының және де көршілес Аршалы, Егіндікөл, Қорғалжын, Шортанды аудандарының бас ветеринар дәрігерлерінің, мемлекеттік ветеринария инспекциясы мамандарының, ауылдық округтер әкімдерінің, ауданның ветеринарлық дәрігерлерінің, мал шаруашылығы ұйымдары өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелде ветеринария саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Жеңіс Нұрғалиев Елбасы Жолдауындағы ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша қойылып отырған міндеттер туралы айта келіп, оларды заңнамалық іске асыру жөніндегі ақпараттармен таныстырды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.