• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Ақпан, 2017

Түркістанда арнайы ведомствоаралық комиссия құрылды

135 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облысындағы №4 Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының Түркістандағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында азаматтар тобының туберкулез ауруына шалдығуына байланысты  арнайы ведомствоаралық комиссия құрылды. Бұл жөнінде толығырақ ОҚО Аймақтық коммуникация қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Цой Алексей, облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі комитетінің төрағасы Бекшин Жандарбек айтып өтті. Спикерлердің мәлімдеуінше, 2017 жылғы 22 ақпанында ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Ведомствоаралық комиссия құрылып, оның қатарына Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің, Денсаулық сақтау министрлігі мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің өкілдері кірген.   Ведомствоаралық комиссия тиісті емдеу шаралары, әлеуметтік қызмет пакеті, емдеудің сапасы, инфекциялық бақылау талаптарының қаншалықты сақталғанын, облыстағы басқа медициналық-әлеуметтік мекемелердегі азаматтарды тексеруден өткізу қажеттілігін анықтауы тиіс.  Аталған комиссия мүшелері бүгіннен бастап жұмысқа кірісті. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр инфекцияның әрі қарай таралмауын қамтамасыз ету үшін науқастар оқшауландырылып, тиісті кешенді тексеру мен емдеу және күтім шараларымен қамтамасыз етілгенін жеткізді.Сондай-ақ, ол орын алған жағдай облыс әкімінің және оның бірінші орынбасарының төрағалығымен арнайы мәжілісте, облыстық халық денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі Үйлестіру Кеңесінде қаралып, тиісті мемлекеттік органдарға эпидемияға қарсы шараларды атқаруға тапсырмалар берілгенін. Ал облыс әкімінің өкімімен облыстық штаб құрылып, тиісті іс-шаралар жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар, вице-министр Цой Алексей еліміздің  барлық өңірлеріндегі денсаулық сақтау басқармалары тарапынан аймақтардағы медициналық-әлеуметтік мекемелердің емделушілеріне тексеру шаралары ұйымдастырылатынын атап өтті. Брифингте мәлім болғандай, ауруға топтық шалдығу себептерін анықтау үшін 1 -11 ақпан аралығында Денсаулық сақтау министрлігі, ОҚО Денсаулық сақтау басқармасы, Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандандырылған ұйымдарының өкілдерінің қатысуымен алдын-ала тексеру ұйымдастырылған. Оның қорытындысы бойынша пациенттердің флюрографиялық тексерумен толық қамтылмағаны, туберкулезді анықтау және емдеу алгоритмдері, дезинфекциялау тәртібі сақталмағаны, т.б. кемшіліктер анықталған. Бүгінде республикадан арнайы мамандар шақыртылып, науқастарға емдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы кемшіліктерге жол берген қызметкерлерге қатысты қызметтік тексеру тағайындалып, тексеру қорытындысымен тиісті шаралар қабылданатын болады.