• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
23 Ақпан, 2017

«Егемен Қазақстан» Ұлттық кітапханамен меморандумға қол қойды

367 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстан» редакциясы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы әріптестік мемерандумға қол қойды Айтулы шара Ел газеті  – «Егемен Қазақстанның» жарыққа шығуының 100 жылдығы мен Ұлттық кітапхананың шаңырақ көтеруінің 90 жылдығы қарсаңында жасалынып отыр. Осы орайда газеттің тарихи құжаттарын түзеуде ақпараттық-библиографиялық қызмет көрсету мен ақпараттық қолдау жасаудың Ұлттық кітапхананың ақпараттық ресурсында жинақталған құжаттық мәліметтері арқылы жүзеге асырылатыны туралы келелі әңгіме қозғалды. Алматыға арнайы ат басын бұрып келген «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының төрағасы Дархан Қыдырәлі ең алдымен рухани мүдделес екі ұйымды жақындастыратын жағымды жаңалықты жеткізді. «Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай бас басылым «Егемен Қазақстан» кітапханасының сериясын шығаруды бастады. Аты айтып тұрғандай аталған жинақта тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішіндегі Қазақ елінің жеңісті жолы мен жемісті кезеңдері туралы баяндалады», – деген төраға Ұлттық кітапханың директоры Жанат Сейдумановқа басылым кітапханасының жаңа шыққан алғашқы үш кітабын сыйға тартты. Бұдан тыс болашақта бірлесіп жасайтын барлық іс-шараларға ұйытқы болу арқылы газет кітапханаға әріптестік көмек көрсететінін, Ұлттық кітапханада өтетін маңызды шаралардың басылым бетінде жариялануына әрқашан да бейілді екенін айтты. Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының директоры Жанат Сейдуманов Бас басылымның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында кітапхана қорынан тарихи құжаттар, деректер мен көрнекті құралдар негізінде топтамалар дайындауға ат салысатынын айта келіп, ол үшін Ұлттық кітапханада барлық жағдай жасалынғанын ортаға салды. Басылымдарды цифрлық жүйеге енгізудің жаңа технологияның күшімен жүргізіліп жатқаны, мұндай жаңа технология ТМД мемлекеттері аумағында 6 республикада ғана бары атап көрсетілді. Бас басылымның кітапхана қорында жатқан парағы сарғайған газеттерінен тыс «Еңбекші қазақтың» өткен ғасырдың 40-шы жылдары Мәскеуге жіберілген сирек сандарына қол жеткізудің де еш қиындығы жоқ екені туралы басылым басшысын хабардар етті. Жылы шырайлы жүздесуде екі жақ тарихи кезең қарсаңында өзара ынтымақтаса жұмыс істейтіндері туралы әріптестік меморандумына қол қойды. Ал жанашыр оқырмандар үшін тағы бір қосып айтар бүгінгі біздің жаңалығымыз – «Егеменнің» тарихи беттерін СD-диск түрінде қабылдайтын күннің де алыс еместігі туралы көзайым хабар дер едік. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ