ҚР Әділет министрлігі Қазақстанда арнайы валюталық режимді енгізу міндетін Ұлттық банкке беруді ұсынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі кезде аталған режим Үкімет актісімен енгізіледі. Бұл мәселе Президент деңгейіне дейін шығарылады. Алайда ол нақты салаға байланысты болғаннан кейін таза Ұлттық банктің құзіретіне берілуі керек. Біз арнайы валюталық режимді енгізуді Ұлттық банкке беруді ұсынып отырмыз. Алайда банк алдымен Үкіметпен кеңесіп алуы шарт. Себебі арнайы валюталық режим тікелей экономикаға әсер етіп отыр», - дейді әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина.
Оның айтуынша, әзірше Ұлттық банк аталған міндетті өз мойнына алуға келіспей отыр.
Айта кетейік, бүгін әділет министрлігінде билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелерін талқылауға арналған қоғамдық тыңдаулар өткен болатын.
Вице-министр Зәуреш Баймолдинаның айтуынша, наурыздың 15-сіне дейін аталған екі заң жобасын Парламенттің қарауына енгізу көзделіп отыр. Құжаттардың толық атауы - "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының тұжырымдамасы және "ҚР кейбір конституциялық заңдарына мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының тұжырымдамасы. Аталған екі құжатты да әділет министрлігі әзірлеп отыр. Бұған дейін өткен заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында Баймолдина ханым билік өкілеттіліктерін қайта бөлгеннен кейін Үкімет мүшелерінің жауапкершілігі қалайша өзгеретіні жайында айтып берген.